Елордада “Amanat” партиясының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумы өтті. Іс-шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, депутаттар, Премьер-министр, Мемлекеттік кеңесші, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Үкімет мүшелері – жалпы саны 2 500 адам қатысты.
Жастардың үлесі артты
Форумда баяндама жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мəслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нəтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.
– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мəселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мəслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тəсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нəтижесінде саяси бəсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мəслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мəслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мəн бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мəслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нəтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгінде ортамызда көптеген жас депутат отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мəселелерді батыл көтеріп жүр. Өкілді билікте əйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Əйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылады. Осының бəрі реформаның нақты нəтижесі екені сөзсіз, – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Президент депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мəселеге тоқталды. Ең бірінші кезекте мəслихат депутаттарының біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттыру керек деп санайды.
– Мəслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт. Сондықтан оның тиімділігі депутаттардың кəсібилігіне тікелей байланысты. Біліміне білігі сай депутаттар корпусын жасақтауға, ең алдымен, оларды ұсынған партиялар мүдделі болуы керек. Бүгін мəслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мəслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында академиямен ынтымақтастық орнатқан жөн деп санаймын. Əрине, бұл жұмысты аймақтың ерекшеліктерін, халық қалаулыларының кəсіби жəне қоғамдық-саяси тəжірибесін ескере отырып ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге жəне өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұр
Мəслихат пен əкімдер — мемлекеттің қос тірегі
Мемлекет басшысы мəслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу мəселесіне айрықша мəн беру керек екенін атап өтті.
– Қазір жаңа Бюджет жəне Салық кодекстері əзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл əкімдерінің бюджетін қалыптастыру мен оны жұмсау тəсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар əзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мəслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс əрі тиімді бөлінуі өте маңызды.
Депутаттар бұл мəселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса Президент саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мəселелерді шешуге бағытталған жобалары мен бастамаларына тоқталып, көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткен партиялардың, өзін-өзі ұсынған депутаттардың азаматтық белсенділігіне оң баға берді.
– Партиялардың жалпыұлттық міндеттерді шешу ісіне жұмыла кірісетіні қуантады. 9 мыңнан аса отбасы су басқан үйлерін жөндеуге жəне қалпына келтіруге төлем алды, 6 мыңға жуық отбасына баспана сатып алуға қаржы бөлінді. Қысқа мерзім ішінде 2,5 мыңнан аса жаңа үй салынды. Жоспарланған 2 680 үйдің 2 620-сы пайдалануға берілді. Мұның барлығы – мемлекеттің, бизнестің жəне қоғамның бірлесе атқарып жатқан жұмысының нəтижесі. Мен саяси партиялар, мəслихаттар мен қоғамдық ұйымдар дəл осындай мызғымас бірлікте жұмыс істеуі керек деп санаймын. Түптеп келгенде, алдымызда тұрған мақсат – ортақ. Бұл – елімізді өркендету жəне халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл, аудан жəне облыстық маңызы бар қала əкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.
– Жергілікті атқарушы билікке жаңа буын өкілдері көптеп келе бастады. Кəсіпкерлердің, қоғамдағы белсенді азаматтардың, жастардың арасынан шыққан əкімдер аз емес. Қазір олар ел басқару ісін үйреніп, тəжірибе жинап жатыр. Жедел шешім қабылдап, жұмысты дер кезінде ұйымдастыруға бейімделіп келеді. Бұл қыста жылу-энергетика саласында күрделі жағдай болған кезде анық байқалды. Көктемдегі тасқын да кімнің қолынан іс келетінін нақты көрсетті. Шаруаға ширақ əрі елге жанашыр азаматтардың əкім болғаны дұрыс. Оларға жан-жақты қолдау көрсету керек. Əсіресе мəслихат депутаттары мен əкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Əлемдік прогрестен шет қалмауға тиіспіз
Президент бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына тоқталып, оған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп баға берді.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, демократия үздіксіз жүретін үдеріс екеніне айрықша назар аударды. Президенттің пікірінше, əлемдегі кез келген табысты демократиялық қоғам айналасына бейжай қарамайтын азаматтардың арқасында ғана дамиды, өміршең болады.
Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау ортақ парызымыз екеніне назар аударып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамыту мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы болып қала беретінін жеткізді.
Сонымен қатар Президент бақытты балалықтың негізі отбасы институты екеніне тоқталып, ата-аналарды тəрбие мəселесіне салғырт қарамауға шақырды. Əсіресе ұрпақтың цифрлық дүниелерге тəуелді болуы мен виртуалды əлемге шектен тыс құмартуы дертке айналып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, керісінше, оларға ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттау қажет екенін айтты.
– Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан жəне басқа да пəндерден өткен олимпиадаларда жоғары нəтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек. Таяуда академик Асқар Жұмаділдаев осы турасында: “Біздің спортшылар Олимпиадаға барып, қарсыластарын төпелеп ұрып, танауын бұзып келеді. Кейін оларды əуежайда қарақұрым халық қарсы алып құттықтайды, тіпті пəтер мен көлік сыйлап жатады. Ал математика, физика, химия пəндерінен өткен халықаралық олимпиадаларда бірінші орын алған балаларымызға мұндай құрмет көрсетілмейді”, – деп орынды пікір білдірді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамда тазалық мəдениетін қалыптастырудың, заң мен тəртіп үстемдігін орнатудың маңызы жөнінде пікір білдірді.
(“Egemen Qazaqstan”,
4 қазан 2024 жыл).