Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Қорғаныс министрлігіне қарасты жергілікті мекемелерде болды. Алдымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан қорғаныс істері жөніндегі департаментке соқты.
Жауапты іске “Петробилдинг” ЖШС есебінен 20-дан астам маман жұмылдырылып, 15 қазанға дейін толық аяқтау белгіленген.
Ғауез Торсанұлы жағдайды зерделегеннен кейін әскерилер мен Отан алдындағы борышын атқаруға шақырушыларға талапқа сай жағдай жасалу қажеттігін атап көрсетті. Мердігердің назарын жұмыстың сапалы атқарылуына аударып, мекеме қызметкерлеріне құрылыс барысын жіті қадағалауды тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі Қорғаныс министрлігіне қарасты №99275 әскери бөліміне аялдады. Нысанның асханасы мен гараждарын қалпына келтіру бірер күнде аяқталмақ. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өңір жетекшісі атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Мекеме ауласын аралап, қандай шаруалар атқарылғанын көрді.
Әскери бөлімде 106 маман қызмет етеді. Бөлім командирінің міндетін атқарушы Қайрат Жәнібеков облыс әкімдігі тарапынан ұдайы көмек көрсетілетінін айтып, алғысын жеткізді.
“Құрылыс барысы жіті қадағалауға алынған. Тиісті қаражат бөлінген. Біз де өз тарапымыздан істің сапалы атқарылуына мүдделіміз”, – деді Қайрат Жәнібеков.
Бұл ретте облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әскери сала қолдаусыз қалмайтынын қадап айтты.
Нұрасыл АХМЕТ.