«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЛТЫН ДӘУІРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған “Жошы ұлысы: мұра және оның Еуразиялық кеңістік тарихындағы рөлі” атты конференция өтті. Шараға Жапония, Түркия мемлекеттерінің,  Астана, Алматы, Тараз, Ақтөбе қалаларының зерттеушілері қатысты.

– Шыңғыс ханның үлкен   ұлы – Жошы хан тарихта тек қолбасшы, ел билеуші ретінде ғана емес, көреген, дана көшбасшы ретінде қалды. Бұл мемлекеттің іргесі қаланған, құқықтық жүйесі мен ішкі тәртібі нығайған кезең еді. Жошы ұлысының 800 жылдығын атап өтіп, аталған кезеңдегі оқиғаларды зерделеу маңызды. Бұл күні біз даңқты бабаларымыздың рухына тағзым етіп, еркіндік үшін жанын құрбан етуге дайын болған ерлердің есімін еске аламыз, – деді жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов.

Шарада университеттің құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай лебізін білдіріп, Түркиядағы Йедитепе университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ахмет Ташағыл мен Жапониядағы Токин шет тілдер университетінің ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбділәшімұлы Дүйсенәлінің тақырып бойынша тұшымды ойлары тыңдалды.

–Жошы хан әулеті Қазақстан жерінде алты ғасыр бойы билік құрды. Тарихшылар бұл кезеңді қазақ мемлекеттілігінің алтын ғасыры деп атайды. 1224 жылы қазақ даласында Жошы ұлысының туы көтерілді. Алғашында ол Шыңғысхан империясының бір бөлігі болды. Кейін жеке мемлекет атанып, Қазақ хандығының құрылуына жол ашты. Тарихшылар үшін аталған кезеңді зерделеу аса маңызды. Конференцияда Жошы ұлысының мұрасын жан-жақты талқылап, алдағы зерттеулердің бағытын айқындауды мақсат етіп отырмыз, – деді оқу орнының тарих, экономика және құқық кафедрасының деканы Зәуре Қартова.

Конференцияда Астана қаласындағы “Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы” республикалық мемлекеттік мекемесі ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің бас сарапшысы Алмат Әбсәліков, тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы Сембі Марат, Жошы Ұлысы ғылыми зерттеу институтының жетекшісі Жақсылық Сәбитов, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің PhD докторы Бақыт Байшов, М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің PhD докторы Альбина Мақсұтова сөз алып, тұжырымдарымен бөлісті.

Диана ХАЛИМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың медиа-орталығының редакторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp