«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстаз болу — адамның асылдығы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаз – әрбір адамның өміріне әсер ететін ерекше тұлға.  Оның еңбегі білім мен тәрбиенің тұғырын қалап, ұлттың болашағын қалыптастырады. Қазіргі қоғамда мұғалім тек білім беруші емес, сонымен бірге оқушылардың рухани әлеміне, адамгершілік құндылықтарына әсер ететін маңызды тұлғаға айналып отыр. Мұғалім тек білім берумен шектелмейді, сонымен қатар бала бойына мәдениеттілік, жауапкершілік, әділдік секілді қасиеттерді дарытады. Осындай қасиеттерге ие болып, үздік білім беру жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі – Жанар Жүкенова.

Жанар Төлегенқызы – білім бе­ру саласында көп жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаз. Ұстаздық ету – ұр­пақтың болашағын қалыптасты­ратын үлкен жауапкершілік. Әр бала­ның қабілетін ашу үшін мұ­ғалім жан-жақты, рухани бай және мейі­рімді болуы қажет. Жанар Төлегенқызының ұстаз­дық жолы осы қасиеттермен ты­ғыз байла­нысты. Ол бала кезі­нен әкесіне жақын болып, оның жолын қуып, есепші-экономист болуды ар­ман­даған. Бірақ тағ­дырдың жа­зуымен білім беру са­ласында 42 жыл үздіксіз қызмет еткен анасының ізін ба­сып, мұ­ғалімдікті таңдайды. Со­дан да болар адалдығымен, шә­кіртте­ріне деген махаббатымен әркез ерекшеленіп тұрады.

– Жұмыс істеп жүрген алғаш­қы жылдары отбасын құрып, дү­ние­ге кішкентай қызымыз – Ай­герім келгенде, қатты қуандық. Ұстаздықтан қол үзгім кел­меді. Бұл жағдайды түсінген ата-енем үлкен қолдау көр­сетті. Өкінішке қарай, жұ­ба­йымнан ерте айрылып, нәзік жү­регіме қайғы ұялап, тіршіліктің ауырт­па­лығын сезінгенде шә­кірт­терім жаныма демеу болды. Сол ке­зеңде оқу­шыларымның алдын­дағы жа­уап­кершілік пен қамқор­лықты се­зі­ніп, өмірлік бағыт-бағ­дар бере­тін маңызды тұлға бо­луым керек екенін түсіндім,  –  дей­ді ұстаз.

Өзінің еңбек жолында педа­гог-зерттеуші деңгейіне көтері­ліп тәжірибесін дамытып, шың­далған ұстаз – бүгінде қала­дағы Әлихан Бөкейхан атында­ғы №25 жалпы білім беретін орта мектепте бастауыш сынып мұға­лімі.

Ұстаз еңбегінің нәтижелілігі – тек берген білімінің көлемімен емес, сол білімнің оқушылардың өміріне қалай әсер еткендігімен өлшенеді. Мұғалімнің басты мақ­саты – білімді тек ақпарат ретін­де беру емес, оны оқушылардың бойына сіңіріп, өмірде қолдана алатындай жағдай жасау. Білікті ұстаз оқушылардың жеке қабі­лет­терін дамытып, олардың та­ным көкжиегін кеңейтіп, сыни ой­лауды, жауапкершілікті қалып­тас­тырады. Ұстаздың жетістігі оның шәкірттерінің жетістігімен бағаланады. Олар алған білім­де­рін өмірде қолдана біліп, қо­ғам­ға пайдасын тигізсе,  ұстаз ең­бегінің ақталғаны. Жақсы мұға­лім шәкірттеріне шабыт беріп, оларға сенімділік сыйлайды, бұл оқушылардың білімге деген құл­шынысын арттырады. Ұстаздың әрбір жетістігі – білім сапасы мен тәрбиенің үндестігі арқылы көрі­ніс табады.

Жанар Төлегенқызы ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін бірнеше мәрте мемлекеттік және өзге де наградалармен марапатталған. 2018 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына, 2019 жылы сол уақыттағы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына лайық деп танылды. 2023 жылы қалалық білім бөлімі және Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Алғыс хатпен марапаттады.

Ол білікті ұстаз ретінде мақалалар жариялап, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Оның 2023 жылы жарық көрген “Сабақтағы тілдік дағдыларын дамыту жаттығулары” атты еңбегі Солтүстік Қазақстан облысының “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының” жинағында жарық көрді. Ұстаз бұл еңбегінде балалардың тілдік қабілеттерін арттыруға арналған жаттығулар жүйесін ұсынды. Олардың тілдік білімдерін жетілдіру жолдарын қарастырды.

Шәкірттері жылдар бойы алғаш әріп танытқан мұғалімнің мейірімін, қамқорлығын еске алып, өз жетістіктерін осы бір жанашыр жанның қолдауымен байланыстырса, бұл – ұстаз үшін ең үлкен марапат. Жанар Жүкенованың еңбегі осындай игі із қалдырып, шәкірттерінің болашағына шамшырақ болып келе жатқаны – оның нағыз ұстаз екенін дәлелдейді.

– Мектеп – балалардың екінші үйі, ұстаздар екінші анасы десек  артық айтқандық емес. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс істеу оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Тарлан Шәкенов деген оқушымның жасы сексенге келген әжесі “немеремнің ұстазы” деп әр мерекеде телефон шалады. Жаслан деген оқушым бүгінгі таңда үлкен азамат болып, қызын оқуға берерде маған жетектеп әкелді. Басқа да шәкірттерімнің отбасымен әлі күнге дейін араласып тұрамын. Қанша уақыт өтсе де олардың “Сізді ұмытпаймыз” деген сөздері жаныма жылулық сыйлайды. Сол кезде менен бақытты ұстаз жоқ шығар деп ойлап қоямын. Рас, мұғалім ешқашан өзіне жоғары баға бере алмайды, біздің басты жемісіміз бен жеңісіміз – оқушыларымыз, – дейді ол.

Өмір жолында сенімділік пен адалдық сияқты қасиеттерді қалыптастырған ұстаздың әрбір сөзі оқушының жадында сақталып, оларды үлкен өмірге жетелейді. Ұстаздың шынайы махаббаты мен қамқорлығы арқылы қалыптасқан шәкірттер ертеңгі қоғамның беткеұстар азаматтары болары анық.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp