Ләззат Жалмұқанова – Петропавл қалалық мәслихатының №18 сайлау округі бойынша депутаты, әлеуметтік қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, мәдениет және жастар істері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі, “Ақ жол” партиясының мүшесі, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры.
Не үшін депутат болдым?
Менің депутат болуыма себепкер болған жағдай – 2000 жылы өткен сайлау. Сол жылы мен №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінде сайлау учаскесінің төрайымы болдым. Жұмыс барысында қалалық, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттардың өмірбаянымен, олардың бағдарламаларымен таныстым. Мені Петропавл қаласының тұрғыны ретінде қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлердің бағдарламасы, олардың миссиясы қызықтырды. Одан кейін округтік сайлау учаскесінде жұмыс істедім.
Жалпы еңбек жолым ұстаздық қызметтен басталды. Облыс орталығындағы №10 орта мектептің директоры қызметін атқара жүріп көпшілікпен жұмыс істей алатыныма сенімді болдым. Депутаттық қызмет қолымнан келетінін түсініп, 2007 жылы өткен сайлауға қатысып, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым. Осылайша ең алғаш рет депутат атандым.
Депутат – халықтың мұң-мұқтажын қорғап, олардың қалауын білетін, мемлекеттік мүддені ескере отырып, қабылданған шешімдерді жүзеге асыру шараларын белгілеп, оның орындалуын бақылайтын азамат болуы қажет. Олар қай жерде қандай мәселе болса, сол бойынша шешілу жолдарын ұсынады. Мен халықты толғандырған мәселелерді шешіп, еліміздің өркендеуіне атсалысқым келді.
Осыдан кейін бесінші шақырылымдағы Петропавл қалалық мәслихатының депутаты болып сайландым. Онда білім, мәдениет және спорт жөніндегі мәселелерді шешуге үлес қостым. Осы жылы мәслихаттың 20 жылдығы тойланды. Мерейлі жылда жұмысымның нәтижесі оң бағаланып, мерейтойлық төсбелгімен марапатталдым. Сессияларда өзіме жақын білім саласының күрделі мәселелері бойынша бірнеше сауал жолдадым. Хатшы ретінде спорт, мәдениет салаларына да көп мән бердім. Қала мектептері үшін бюджетті бөлу, күрделі жөндеу жұмыстары, мектептердің алаңдарын, хоккей корттары мен спорт алаңдарын салуға өз ықпалымды тигіздім. Әсіресе спорт алаңдарының тек орталық көшелерде ғана емес, сонымен қатар “Береке”, “Жас өркен”, Жұмысшы кенті сияқты шағынаудандарда салынуына мән бердім. Бұл – балалардың спортпен айналысуына, уақыттарын тиімді пайдалануына оң әсер етеді.
2012 жылдан бастап Петропавл қалалық мәслихатының хатшысы қызметін атқардым. Ал 2023 жылы 19 наурызда “Ақ жол” демократиялық партиясы атынан қалалық маслихаттың депутаты болып қайта сайландым. Бір жарым жыл ішінде “Үздік депутат” төсбелгісімен марапатталдым. “Ақ жол” демократиялық партиясының атынан мен және менің 11 әріптесім көктемде болған су тасқыны кезінде “Апатпен күрескені үшін” деген төсбелгіге ие болдық. Қоғамдық мәселелерді шешу, халыққа жақын болу, қиын уақытта жандарынан табылу, қол ұшын беру, қоғамға қызмет ету – менің басты ұстанымым.
Сайлаушыларға қандай уәде бердім?
Қазіргі таңда сайлауалды бағдарламамда айтылған мәселелерді бағдар етіп, жұмыс істеп жатырмын. Сайлауалды бағдарламамда Қазақстанның ұлттық жаңғыру идеясын жүзеге асыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорының жұмысын нақты салымшыларға бағдарлау, жастарды қолдау үшін әлеуметтік тұрғын үй беру, білім мекемелері мен әлеуметтік инфрақұрылым салу, әлеуметтік тұрғын үйді бөлудің ашық мониторингін енгізу, педагогтардың еңбекақысын Еуропалық одақ елдерінің деңгейіне дейін өсіру, оларды қажетсіз есептілік пен бюрократиядан босату, дарынды жастардың елден кетуіне, ақылдылардың шекара асуына қарсы жеке және жүйелі бағдарлама жасау, әрбір қазақстандыққа шағын, орта бизнес арқылы ұлттық табыста өз үлесін табуға мүмкіндік беру сияқты шаралар қамтылған. Енді халыққа берген уәдені сапалы орындап, сенімді ақтау қажет.
Қай уәдемді
орындадым?
Сайлау өткен жылдың 19 наурызында өтті. Бір жарым жыл ішінде барлық мәселелерді шешу мүмкін емес. Сұрақтар жиі түсіп тұрады. Бүгінде тұрғындар артық сөзге бармай, ой-пікірін сабырлықпен жеткізеді. Яғни жеке бастың емес, қоғамның мәселесіне көбірек назар аударады. Бұл – халықтың ішкі мәдениетінің, сонымен қатар қоғамдық көзқарастың дамып, жетілгендігінің белгісі. Олардың көкейінде жүрген тілектерін әу дегеннен-ақ түсініп, оны орындаудың қамына кірісемін. Мұндай сәтте сайлаушылармен жұмыс істеу жеңілдейді. Мәселен, “Жас өркен” шағынауданында қоғамдық монша, мәдени-демалыс орындарын, дәмхана салу сынды тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтар менің негізгі жұмыс бағдарыма айналды. Қоғамдық монша мен мәдени-ойын-сауық орындарын салу жөнінде қалалық әкімдікті ақпараттандырдым. Ал аға буынның кешкі бос уақытын тиімді өткізу бойынша мәселе шешілді. Олар А.Винокуров атындағы Спорт сарайына аптасына екі рет барып тұрады. Сонымен қатар қариялардың ешбір ұйымның қарауына алынбағаны көптен ойда жүрген мәселе болатын. Осы сұрақтар бойынша ардагерлер кеңесімен жұмыс істеп жатырмыз.
Білім саласына келетін болсақ, автобустардың жүру бағыты бойынша мәселе қозғалды. Өйткені қысқы уақытта екінші ауысымда оқитын балаларға үйге қайту өте қиын. Кейбір автобустар ерте тоқтайды, ал сабақ кейде кешкі 8-де аяқталады. Балалар қоғамдық көліксіз қалып қоймауы керек. Бұл сұрақтар бойынша да мәселе шешілді.
Соңғы статистикаға жүгінетін болсақ, оқушылар арасында суицид саны көбейіп келеді. Мәселен, облыс орталығында 2022-2023 жылдар және биылғы тоғыз айда жасалған кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицид фактілері жөніндегі мониторинг қорытындысына сүйенсек, осы уақыт аралығында өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылудың 19 дерегі тіркелді. Осыған байланысты Парламент және Сенат депутаттарының алдына мектептерде психологтар мен әлеуметтік педагогтардың жұмысын нығайтып, штаттық бірліктерін көбейту керек деген сұрақ қойылды. Сонымен қатар Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері бірлескен бұйрық негізінде суицид жасауға бейім кәмелетке толмағандарды анықтап, алдағы уақытта олармен жұмыс істеу, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға ұмтылған балаға көмек көрсету бойынша мемлекеттік органдар әрекетінің бірыңғай тәртібін бекітті.
Халық маған сене ме?
Халық маған сену үшін бар күш-жігерімді, білімімді, біліктілігімді, депутаттық міндеттерімді адал, сапалы орындауға тырысамын. Депутаттың рөлі – қиын-қыстау кезде халықтың жанынан табылу, олармен бірге болу. Мысалы, биыл көктемде болған су тасқынынан зардап шеккен халықты құтқару жұмыстарына белсенді қатысуға тырыстым. Асау суды тоқтату іс-шараларына еріктілерді тартып, дамбалар салдық, күні-түні жұмыс істеген жас сарбаздарға ыстық тамақ тараттық, зардап шеккен қала тұрғындарына шетелдерден және еліміздің басқа өңірлерінен келген гуманитарлық көмек – киім-кешек, ауызсуларды үлестірдік.
Қалалық әкімдік жанынан суға кеткен тұрғындарға үй беру мәселесі бойынша комиссия құрылды. Депутат ретінде сол комиссия мүшелігіне шақырылдым. Ол жұмысқа белсенді қатыстым, үй беру мәселесін халықтың пайдасына шешуге тырыстым.
Шын мәнінде біздің мақсатымыз айқын – елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға үн қосып, Әділетті Қазақстан орнатуға күш жұмылдыруымыз керек. Бастысы, халық артқан сенімді ақтау, отаншыл, елшіл болу міндетімізден танбаймыз. Бұл – депутаттың басты мақсаты. Осы қасиеттер депутаттарға ғана емес, қоғамға тән болуы тиіс. Әрқайсымыз осыны басшылыққа алып, өз саламыз бойынша адал еңбек етсек, өркениетті Қазақстан құрамыз.
Дайындаған
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.