Өңірде орақ науқанының аяқталуына аз ғана уақыт қалды. Бүгінге дейін алқаптардың 93 пайызы орылған. Диқандар 3 млн. гектардан астам жердегі дәнді және бұршақты дақылдарды жинап үлгерді. 5,5 млн. тонна дақыл бастырылып, өнімділік гектарынан 18 центнерден айналуда.
Өңірде дала жұмыстарын аяқтап үлгерген шаруашылықтар да бар. Мәселен, Тимирязев ауданындағы “Baiterek SK” серіктестігі әр гектардан 30,1 центнер, Аққайындағы “Симаргл” серіктестігі 39,2 центнер, Мамлют ауданындағы “Руслан” шаруа қожалығы 40 центнер өнім жинаған. Ал Айыртаудағы “Шангал” серікктестігінде дәнді және бұршақты дақылдардың өнімділігі гектарынан 50 центнерге жетті.
Мұндай сәтте астықты сақтау және сату шаруалар үшін маңызды екені анық. Бүгінге дейін қамбаға 1,1 млн. тонна астық түскен. Оның 855 мың тоннасы – бидай. Өнімнің 331 мың тоннасы үшінші, 377 мыңы төртінші, 41 мыңы бесінші сыныпты бидай.
Шаруалар құрамындағы глютен 23 пайыздан асатын өнімді 85, 25 пайыздан асатынын 90, 27 пайыздан асса 100 мың теңгеден өткізе алады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.