«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел тарихындағы маңызды шешім

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жексенбі күні қызу пікірталастар мен талқылаулар бір сәтке тынып, ел халқы атом электр стансасын салуға қатысты өз таңдауын жасады.

Дауыс берушілер өздерінің таңдауы ескеріліп, ортақ шешімге әсер ететінінен үмітті. Өздері тіркелген учаскелерге отбасы мүшелерін, балаларын, құрбы-құрдас, көрші-көлемін ертіп келіп жатқандар көп. Олардың арасында таяғына сүйенген қариялар да, мұндай таңдауды алғаш рет жасайын деп тұрған жастар да бар. Бәрінің көңіл түкпірінде ел тағдырына деген алаңдаушылық, ұрпақтың ертеңіне деген жанашырлық сайрап тұр.

Таңғы сағат жетіде тәртіпке сай қала орталығындағы №595 учаске де жұмысын бастады. Айналасы бірнеше сағаттың ішінде дауыс берушілер жиналып қалды. Аталған учаскеге таңғы уақытта көппен бірге облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те келіп дауыс берді. Қала әкімі Серік Мұхамедиев те осы учаскеде таңдау жасады.

– №595 референдум учаскесінде 1265 адам тіркелген. Таңертеңнен келіп жатқандардың көбі аға буын өкілдері. Әдетте жастар жағы күннің екінші жартысында келеді. Мұнда дауыс беру тәртіпке сай өтіп жатыр. Ерекше қажеттілігі бар тұрғындарға жағдай жасалған. 8-і таңдауды өз үйлерінде жасауды қалады. Ал 11 жас бірінші рет саяси науқанда өз азаматтық міндеттерін орындады, – деді №595 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Қанат Садуақас.

Күн көтеріле аталмыш учаскеге жастар да келе бастады. Солардың қатарында Сабина Суарбаева да бар.

– Біз мұндай шаралардан қалмаймыз. Осындай сәтте әрқайсымыздың таңдаумыз маңызды деп білемін. Күздің шуақты күні құрбым екеуіміз келіп дауыс бердік. Учаскеге келіп-кетіп жатқан тұрғындардың көп екенін көріп, марқайып қалдық. Бұл ел тағдырына бей-жай қарамайтын жандардың көптігін аңғартады, – дейді қала тұрғыны.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp