“Сынықтан басқаның бәрі жұғады” демекші, соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілер арасында да құмар ойындарға тәуелділік жағдайларының артуы байқалады. Жұртшылық тарапынан үлкен алаңдаушылық тудырып отырған бұл кеселдің алдын алу шаралары қолға алынбаса, мемлекеттік органдардың жұмысына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құрамыз десек, өркениетті елдер қатарына қосылуға кесірі мол осындай жаман әдеттерге тосқауыл қоюға тиіспіз. Ол үшін Президенттің “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында айтылғандай жұрт болып жұмылып күресу – басты шарттардың бірі.
Медициналық анықтама бойынша лудомания адам өміріне үстемдік ететін, оның соңы әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың құлдырауына әкеп соқтыратын құмар ойындарға тәуелділік дегенді білдіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оған “құмар ойындарға патологиялық тарту” атауын беруінің өзі біраз жайтты аңғартады. Қазіргі қоғамда жиі қозғалатын тақырып арқауына айналса да, оған дәнігудің ақыры ауыр зардаптарға ұшырататынын біле тұра, мемлекеттік қызметкерлер арасында іргесін аулақ салудың орнына жанына жақын көретіндері жоқ емес. Ең қорқыныштысы, психологиялық, отбасылық және қаржылық салдарын еңсеруге ешқандай мүмкіндіктің қалмайтыны. Бос уақыттарын казиноға немесе құмар ойындарға арнайтын жандардың шарасыздықтан екі қолы жіпсіз байланып қалады.
2024 жылғы 8 шілдеде қабылданған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотореялық қызмет, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы” Заңға енгізілген өзгерістер бойынша мемлекеттік және әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға және бәс тігуге қатыса алмайды. Бұдан бөлек, орталық мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен лудоманияға қарсы күреске бағытталған “Құмар ойындардың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары” әзірленіп, бекітілді. Жүйелі түрде жүзеге асырылатын іс-әрекеттер арқылы лудоманияның әсерін азайтуға және мемлекеттік қызметшілерге осы проблеманы жеңуіне әбден болады. Әдеп жөніндегі уәкіл, мемлекеттік органдардың басшылары лудоманияның алдын алуға байланысты профилактикалық жұмысты күшейтулері, кездесулер өткізуі, осы проблемаға тап болған мемлекеттік қызметшілерге ақыл-кеңестер беруі қажет. Әдеп нормалары сақталса, кез келген заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға болады.
Дархан ЕРМЕКОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы.