“Оңтүстіктен – Солтүстікке!” мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсібін жандандырып, берісі бала-шаға нәпақасын айырып, әрісі елге қызмет етудің оңтайлы көзін тапқан жандар аз емес. Солардың бірі – Гүлнұра Арыстанова. Бұрын Алматы облысын мекен еткен ол анасымен ақылдасып, осыдан екі жыл бұрын Преснов ауылына қоныс аударған.
Теріскейге келе салысымен өзінің жеке ісін ашуды жөн көрген Гүлнұра Шодиярқызы алдымен “Бастау бизнес” жобасы аясында кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеріп, білімін жетілдіреді. Оның алғырлығына, іскерлігіне көзі жеткен тиісті органдар 1 миллион 380 мың теңге мөлшерінде қайтарымсыз грант ресімдеуге жәрдемдеседі. Қуанышы қойнына сыймаған келіншек сұлулық салонын ашуды ниет етіп, қажетті жабдықтарды сатып алады. Сөйтіп, дүкеннің бір бөлмесін жалға алып, өз ісін сәтті жалғастыра бастайды. Осы саладағы 14 жылдық жұмыс тәжірибесінің көп шапағаты тиеді. Әр клиенттің қалауына орай қызмет түрлерін барынша сапалы көрсетуге ұмтылып, шаш, бет күтіміне қатысты кеңестерін де беріп отырады. Қажетті материалдар Алматы және Шымкент қалаларынан тапсырыс арқылы әкелінеді. Адал еңбекпен, маңдай термен табыс тауып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді басты мақсат еткен ол “Кокетка” деп аталатын республикалық білім орталығында курстан өтіп, “ерлер мен әйелдер шаштаразы” куәлігін алады. Бүгінде талайды сұқтандырған сұлулық салоны ұсынатын қызмет түрі әрқилы, ауқымы кеңейген. Визаж, кірпік жасау, негізгі бояу және де осы мәндес курстар бойынша теориялық және практикалық дағдыларды толық игергенін растайтын сертификаттары бар.
“Қожаберген жырау, Сегіз сері сияқты тұлғалар туған қасиетті жерге көшіп келгенімізге өкінбейміз. Тез жерсініп, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Гүлнұрам өте өнерлі. Мемлекеттің қолдауы, адамдармен тез тіл табыса алатын қасиеті, еңбекқорлығының арқасында өз ісін ұршықша үйіріп отыр”, – дейді анасы Пернегүл Ибрагимова.
Игілік РАХМЕТ.
Жамбыл ауданы.