Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы “Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек” депті. Ұлт ұстазының бұл қанатты тәмсілі бүгінгі уақытта та өз маңызын жойған емес. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Бұл ретте ұстаздар қауымына артылып отырған жауапкершілік орасан.
Педагогтардың кәсіби мерекесі – Мұғалім күніне орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында салтанатты шара өтті. Бір топ ұстаз “Ерен еңбегі үшін” және “Еңбек ардагері” медалімен, “Ыбырай Алтынсарин” және “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгілерімен марапатталды.
Жиынға Петропавл қаласы мен аудандардан келген 600-ге жуық мұғалім қатысты. Марапаттау рәсімінің алдында жиналғандарға республикалық “Үздік педагог” конкурсының жеңімпазы атанған 37 мұғалім таныстырылды. Кейін өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
“Ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні мұғалімдердің бүгінгі еңбегіне тікелей байланысты. Ғұмырларын оқу-білімге арнаған зиялылар ұлттың ұлағаты – мәдениетте, мәдениеттің ұлағаты – оқу мен әдебиетте екенін жақсы білген. Сіздердің еңбектеріңіз шеберлікті, даналық пен шыдамдылықты талап етеді. Ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы істеріңізге алғыс айта отырып, баршаларыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін”, – деді облыс әкімі. Салтанатты шараға Петропавл мектептерінің ұстаздарынан бөлек, аудандардан да білікті мамандар келді. Солардың бірі – Есіл ауданындағы Корнеевка мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ақмарал Жақыпова. Ол педагогика саласында 20 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Ұлағатты ұстазға “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісі табысталды.
“Бұл марапатты еңбегімнің жемісі деп білемін. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ұстаздарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Еңбекақымыз уақытылы төленеді. Одан өзге сынып жетекшісі болғандарға, дәптер тексергендерге қосымша үстемеақы қарастырылған. Бүгінгі салтанатты шара да көп ұстазға шабыт сыйлады. Елдің ертеңін жан-жақты, білімді, ұлтжанды жастарға ғана сеніп тапсыруға болады. Біз шәкірт тәрбиелеу ісімен айналысып жүрген мұғалім ғана емеспіз, болашақтың бағбандарын баптап отырған ұстазбыз”, – деді Ақмарал Жақыпова.
Нағашыбай Ерғалиев “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Ол саналы ғұмырының 40 жылдан астамын білім беру саласына арнаған. Зейнет демалысына шыққан еңбек ардагері бай тәжірибесін жас мұғалімдерге үйретуде.
“1983 жылы Петропавл индустриялық техникумын бітіріп, кәсіби училищеде шебер болып бір жыл жұмыс істедім. 1984 жылы Ступинка негізгі мектебіне ауыстым. Қырық жылдан астам уақыттан бері осы білім ошағынан қол үзген емеспін. Алдымнан талай шәкірт өтті. Олардың біразы түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Ұстазға шәкіртінің жетістігіне куә болудан асқан бақыт жоқ”, – дейді Нағашыбай Ерғалиев.
Асыл Ахметова болса Айыртау ауданының Лобанов ауылындағы “Зейнеп” жоғары көпсалалы колледжінде информатика пәнінен сабақ береді. Ол әлеуметтік желі арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүр. Салтанатты шарада ұстазға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.
“Әр ұстаз тәрбиелі, саналы, білімді шәкірт тәрбиелеуге ұмтылуы ерек. Тәрбиесіз берілген білімнің тигізер пайдасы аз. Әріптестеріме білім берумен қатар баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңірудің артықшылығын айтудан жалыққан емеспін. Қазақтың дәстүрі мен салтына, ырым-тыйымына қанып өскен бала өскенде өз ұлтына адал қызмет ететін болады”, – дейді Асыл Ахметова.
Сондай-ақ мерекелік іс-шарада 13 мұғалім “Солтүстік Қазақстан облысы білім беру жүйесінің құрметті қызметкері” және “Мағжан Жұмабаев” төсбелгісімен марапатталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.