Сонымен Қазақстанда атом электр стансасы құрылысына қатысты жалпыұлттық референдум өз мәресіне жетті. Орталық референдум комиссиясы дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 63,66 пайызы өз таңдауларын жасағанын мәлімдеді. Осылайша республика тұрғындары күн тәртібіне ұсынылған мәселеге бейжай қарамай, жауапкершілік пен белсенділік танытты.
Облыстардың, републикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, өңірлер бөлінісінде Абай облысының – 69,57, Ақмола облысының – 71,63, Ақтөбе облысының – 75, 11, Алматы обылсының – 68,71, Атырау облысының – 63, 28, Батыс Қазақстан облысының– 67,03, Жамбыл облысының – 61,28, Жетісу облысының – 68,01, Қарағанды облысының – 72,12, Қостанай облысының – 73,45, Қызылорда облысының – 82,48, Маңғыстау облысының – 54,03, Павлодар облысының – 65,09, Солтүстік Қазақстан облысының – 66,31, Түркістан облысының – 75,31, Ұлытау облысының – 70,69, Шығыс Қазақстан облысының – 73,79, Астана қаласының – 50,81, Алматы қаласының – 25,39, Шымкент қаласының 70,57 пайыз тұрғыны дауыс берген.
Орталық референдум комиссиясы екі сағат сайын брифинг өткізіп, халықтың дауыс беру қарқынын хабарлап отырды. Елде барлығы 10 323, шетелде 47 референдум учаскесі жұмыс істеді.
Орталық референдум комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина сағ.14:00-дегі жағдай бойынша 6 339 425 азаматтың бюллетень алып, 51,77 пайызға жеткенін, “Республикалық референдум туралы” Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес, референдум өткізілген деп саналғанын хабарлады.
Еліміздегі барлық референдум учаскесінде дауыс беру сағ. 20:00-де аяқталып, 7,8 млн. азаматтың таңдау жасағаны белгілі болды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдегі отандастар референдумға белсенді қатысқанын айтты.
“Қазақстанның шетелдердегі мекемелері жанынан 59 мемлекетте 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылды. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны 12 307 адамды құрады. Шетелдегі барлық референдум учаскесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері аумақтарында ұйымдастырылды.
ШЫҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы және АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен өткен брифингте миссия басшылары мәлімдегендей учаскелерде бірде-бір заң бұзушылық анықталған жоқ. Референдумда 200-ден аса шетелдік журналист ақпарат таратты.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметі бойынша таңғы сағат 7:00-де 591 референдум учаскесі өз есігін айқара ашты. Дауыс беруге 375236 солтүстікқазақстандық қатысуы тиіс болса, 66,31 пайызы өз таңдауларын жасады. Өңірдегі референдум учаскелерінің 578-і азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша құрылды. 13 уақытша дауыс беру пункті аурухана, уақытша ұстау изоляторы және әскери бөлімдерде жасақталды. Өңірде барлығы 606 комиссия құрылып, құрамына 3430 адам тартылды.
Облыста орналасқан ұлттық этномәдени бірлестіктер жоғары ұйымшылдық үлгісін көрсете білді. Солардың бірі–тәжік ағайындар. Ұйымға жетекшілік ететін Убайдолла Раджаповтың айтуынша, өңірде жарты мыңға жуық тәжік отбасы тұрады. Өзі қазақ жеріне 1996 жылы көшіп келіп, 2019 жылы Қазақстанның азаматтығын алған. Көктемгі су тасқыны кезінде қиыншылыққа душар болған жерлестеріне көмек қолын созып, тегін қызмет көрсеткен.
Осы күні облыс орталығында 300-ге жуық полиция қызметкері 97 референдум учаскесінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етті.
Біз Қызылжар аудандық референдум комиссиясының төрайымы Сара Алдаевамен хабарласқанымызда 19 ауылдық округ аумағында 56 референдум комиссиясы құрылғанын, 31257 сайлаушы тіркеуге алынғанын айтты.
Бір шаңырақ астында жарты ғасырға жуық түтін түтетіп келе жатқан Боранбай ақсақал мен Жаңыл әжей Төлетаевтар бұл жолы да жұптары жазылмай учаске есігіне ең алдымен жеткен. Қос қарияға орынды сый-сияпат көрсетіліпті.
Бәйтерек елді мекенінің тұрғындары референдумның маңызын жете сезінген. Әсіресе әулеттің ақсақалы, батагөйі Жұпархан Мұсабай бастап, кішілері қостап, бірі ұлттық киіммен, екіншісі жарау атпен келіп, домбыраға қосылып, ән шырқап, өзгелерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Атажұртқа 2009 жылы “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында қоныс аударған Жұпархан ағаның кіндігінен 6 бала тараса, бүгінде немере-жиендерін қосқанда 20-дан астам адам дауыс берген. Нұрбек Ерған – алғаш дауыс берушілердің бірі. Жалпы 465 адам №276 референдум учаскесіне келуді басты парыз санаған.
Қызылжар-Абай мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін Марина Мелехова таңдаудан қателеспегінін айтады. Қазақ тілін жетік меңгерген оны еліміздің келешегі бейжай қалдырмаған.
Мамлют аудандық референдум комиссиясының төрайымы Данголе Могунова 12484 сайлаушы 29 референдум учаскесіне келіп, бірліктің үлгісін көрсеткенін жеткізді.
“Біздің учаскеге 1028 тұрғын тіркелсе, 23-і – қарттар мен мүгедек жандар санатынан. Қоғамдық байқаушылар тарапынан ескертулер болған жоқ. Алғашқылардың қатарында Мамлют ауданының тұрғыны Арташ Хапчатрян келіп, белсенділік танытты”, – деді телефон арқылы сөйлескенімізде №325 референдум учаскесінің жетекшісі Николай Стадник.
Уәлиханов ауданы да жоғары ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіпті. Аудандық референдум комиссиясының төрайымы Гүлнар Сағалиева учаскелер 11 округте құрылғанын, барлық сайлаушылардың 89,79 пайызы таңдау жасағанын алға тартты. Ақбұлақ округінде жұмыс істеген №524 референдум учаскесіне жергілікті жерде тіркелген сайлаушылар түгел келген. Сол сияқты Ақтүйесай, Аманкелді округтерінің тұрғындары да жоғары белсенділік танытқан.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.