Облыстық прокуратура жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін бұзудың бір мыңнан астам фактісін анықтады.
Қадағалау органының мобильді топтары биыл тәуекел тобына жататын 11 мыңнан астам отбасын тексерген. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек, құжаттарды рәсімдеу және баспана кезегіне тұру мәселелері алаңдатқан 140 отбасыға қолдау көрсетілді. Прокуратураның талабы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында 44 отбасының ісі қаралды, нәтижесінде физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан басқа орынға ауыстырылды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Қыркүйекте облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов пен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанова кездесіп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады. Іс-шарада өзара іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу жайы да сөз болды. Жұмыс қорытындысы бойынша тиісті меморандумға қол қойылды”, – дейді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Аида Бабасова.
Кәмелетке толмағандардың құқықтық білімін арттыру мақсатында облыс прокуратурасының басшылығы апта сайын кездесулер өткізеді. Мысалы, осы жылдың қыркүйек айында Петропавл қаласының құрылыс-экономикалық колледжінің және №4 орта мектебінің алаңында есірткіні қолдану мен таратудың алдын алу бойынша ауқымды кездесу ұйымдастырылған. Петропавл қаласындағы 12 колледж студенттері мен 33 мектептің оқушыларына ақпараттық бейнероликтер көрсетіліп, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік түсіндірілді. Жалпы жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты 1 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды, 47 қадағалау актісі енгізілді, оларды қарау нәтижелері бойынша 18527 адамның құқығы қорғалған. Нәтижесінде 854 адам жауапкершілікке тартылды, 26 млн. теңге сомасына залал өндірілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.