«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көгершін БЕРДАҒҰЛОВА: “ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕНДЕРДІ БОЛАШАҚТА КІТАП ОҚЫҒАНДАР БАСҚАРАДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Көгершін Қанатқызы, өр­ке­ниетті қоғамның басты тірегі – білім мен ғылым. Оған ешкім­нің таласы бола қоймас. Ал бі­лімнің кілті – кітапта екені әлім­сақтан белгілі. Сіздің әйгілі Ға­беңнің есімін иеленген бала­лар кітапханасына жетекшілік етіп келе жатқаныңызға көп уа­қыт өте қойған жоқ. Жалпы өңір­де кітапқа құмар балалар көп пе?

– Кітап – адамзат баласына қа­жет білімнің өзегі. Мұның сырын ерте ұғынған билеушілер, мем­ле­кет басшылары, оқымыстылар мен ғалымдар сонау ықылым за­манның өзінде-ақ билік құрған елінде ең әуелі кітап оқу мәде­ниеті мен кітапхана ісін гүлден­діруге баса назар аударғанын та­рихи туындылардан оқуға бола­ды. Шыны керек, бас-аяғы он-он бес жылдың ішінде смартфон­дар, электронды оқу құралдары өмірімізге дендеп енген сәттен бастап кітап оқуға деген ынты­зарлық бәсеңдеді. Кітапты оқы­мақ түгіл, керек қылмайтын топ пайда болды. “Осылай жалғаса бере ме?” деген күдігіміздің сейіл­геніне де көп уақыт болған жоқ. Біз өмір сүріп отырған қоғам кітапқа қайта бет бұра бастады. Өйткені, ата-аналардың дені смартфондардың пайдасынан зияны көп екенін түсінді. Оған үңіл­гендер, ең алдымен, көру қа­бі­леттерінен айырылатынын, со­дан соң жадыларын жоғалтаты­нын түсінді. Кітапханаға бас сұға­тын балалар санының көптігі соны аңғартады. Алайда өңір оқушыларының барлығы бірдей кітапқа, оқуға құмар деп айта ал­маймыз. Олар телефонға телмір­гендерді болашақта кітап оқыған­дардың басқаратынын жан дү­ние­лерімен әлі түсіне алмай ке­леді.

– Балаларды кітапханаға тарту мақсатында қандай жұ­мыс­тар атқарылуда?

– Біздің кітапхана қабыр­ға­сында ұйымдастырылатын бар­лық шараның мақсаты осы – кі­тап­құмар оқушылардың санын молайту. Мәдениет ошағы қа­быр­ғасындағы тоғыз бөлімнің өз жоспары бар. Мәселен, 1-4 сы­ныптар бөлімі мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан, бастауыш сыныптарда оқып жүр­ген бүлдіршіндерді ертегі кейіп­керлері, қызықты ойындар арқы­лы қуантуға тырысса, өнер бөлі­мінің қызметкерлері бойларында түрлі қабілеттің ұшқыны байқала­тын балалармен жұмыс істейді. Ұлт­тық бөлімде халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар бе­ретін танымдық дүниелер, әлем­дік әдебиеттің жауһары санала­тын қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары, балалар әдебиетінің озық үлгілері, соны­мен қатар сирек кездесетін, тіпті жалғыз ғана данасы қалған туындылар топтастырылған. “Кі­тап – ең жақының, сырласың, қа­жет болса мұңдасың”. Осы ұста­нымды жастар саналарында жаң­ғыртулары керек. Олар өмірдің қан­дай кезеңінде болмасын тура жолды, адаспас бағдарды кі­таптан ғана табулары қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жыл сайын жоспар құрамыз, атаулы күндерге, даталарға, мерейтой­ларға қатысты іс-шараларды бе­кітеміз. Қазақ мектептері оқушы­лары мен балабақша тәрбие­ле­нушілерінің кітапханаға саяха­тын ұйымдастырамыз. Кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылым­ды кездесулер, тұсаукесерлер өтетін, тарихтың көне көмбеле­рі­мен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Мамандар кітапханаға айтары бар, көрген-түйгені мол тағылымды тағдыр­лар иесін жиі шақыруға тырыса­ды. 30-40 жылдық еңбек өтілі бар, талай адамның өмірін ажал­дан арашалаған дәрігерді кезде­суге шақырсақ, ақ халатты абзал жандардың ғұмырдариялары туралы жазылған туындыларды топтап, кітап көрмесін ұйымдас­тырамыз. Дәрігермен сұхбаттас­қан, оның ойын, әңгімесін тыңда­ған оқырман бұл бағытта жазыл­ған кітапқа да назарын аударады. Содан ол кітап бетін парақтай бас­тайды. Мұндай талпыныс бола­шақ­та оқушының белгілі дәрігер, ғалым атануына алғышарт жа­сауы мүмкін. Кітапхана қабырға­сы­на жазушы Жарасбай Сүлей­ме­нов, ғалым Зарқын Тайшыбай, өңірде алғашқылардың бірі бо­лып күйшілік мектебін ашқан Се­рікбай Құсайынов сынды аға буын өкілдері келгенде балалар­дың сол кісілердің айтқан әңгіме­лерін ұйып тыңдап отырғанда­рын аңғардық. Бұл да – біздің жо­бамыздың бір жемісі.

– Өңіріміздегі театрларда, Мә­де­ниет үйлерінде өтетін, кі­тапханаларда рухани шара­лар­ға адам аз жиналатынын жасы­ра алмаймыз. Көрер­мен са­нын қолдан көбейту ісіне қа­лай қа­райсыз?

– Кез келген рухани шара­ның, мейлі ол белгілі тұлғаның ме­рейтойы болсын, қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесері бол­сын, әдеби кеш болсын, барлы­ғының көздейтін мақсаты біреу – кітапқа құмар балалар шоғырын көбейту. Біз іс-шаралардың ба­сым бөлігін дүйсенбі-жұма ара­лы­ғында жоспарлаймыз. Бір емес бірнеше адамнан құралған топ әзірлеген кешке оқушылар­дың, студенттердің келгені ма­ңызды. Бірақ кейбір мектеп­тердің басшылары кітапханаға оқушы­ларды жіберуге қарсы бо­лып жа­тады. “Қазақ десең өзіңе тиеді”, әсіресе, қазақ аудитория­сына бала жинау оңай емес. Өзге тілде ұйымдастырылатын шараларға балабақшалар мен мек­теп­тер­ден өрендер ағылып келіп жата­ды. Мысалы, орыс тілінде қызмет көрсететін бөлімдердің есіктері сенбі-жексенбі күндері оқыр­ман­нан босамайды. Мұндай мектептердің басшылары да орыс тілін­дегі бөлімдермен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі. Біз қазақ оқырмандарын арнайы хабарла­сып шақыруға тырыса­мыз. Сондағы алатын жауабы­мыз: “Сенбі күні тойға барамын, жексен­бі дұғада боламын”. Біз еш­кімге той­ға, батаға барма деп талап қоя алмаймыз. Тек қатары күн сайын көбейіп келе жатқан оқырманның шоғырын өз ұл­тымыздың өкілде­рі құраса деген тілек бар. Бала – ата-ананың ісін қайталайды. Кі­тап оқып отырған әкесін не ше­ше­сін көрген бала осы әдетті өз бойына сіңіруге ты­рысады. Отба­сында әке мен ана “Әр сенбі кі­тапханаға баратын күн немесе жексенбіні кітап оқуға ар­наймыз”, – деген қағидамен өмір сүр­се, бала да солай жасар еді.

– Қызылжар топырағынан небір дара дүлдүлдер, шешен­дер, бір ауыз сөзі бес атан­ға жүк боларлықтай ғалымдар, ар­қалы ақындар, жезтаңдай ән­шілер шыққан ғой. Олардың кө­бінің есімі ұмытылып барады. Сол ардақтыларымыздың аты-жөндерін, атқарған еңбек­те­рін насихаттап жүрген екі ме­кеме бар болса, соның бірі – кітапхана. Биыл осы тұрғыда ат­қарған жұмыстарыңызға шолу жасап өтсеңіз?

– Қазақтың өткен тарихы та­ғылымға толы. Оның әр қиыры­нан небір ғұламалардың батыл үндерін естуге болады. Өткенсіз бүгін де, болашақ та жоқ. Қазіргі буынның ішінде, өзімнің қатар­лас­тарымның арасында да өт­кен­ді сызып тастауға бейім адам­дар кездеседі. Оларға ұлтымыз­дың жүріп өткен жолы, қазақтың қазіргі қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған заманға жеткізген тағдыры, қилы тұлғалардың ғұ­мырдариялары қызық емес. Со­ның кесірінен қаншама адам ес­керусіз қалып жатыр. Дүниеден өтіп кеткен күннен бастап керек­сіз­дердің тізіміне қосылған адам қаншама? Тәуелсіздіктің талбесі­гінде тер­бетіліп өсіп келе жатқан ұрпақ өт­кен мен бүгінді, бүгін мен бола­шақты сабақтастыра алула­ры ке­рек. Біз өңірімізден шыққан Қожа­берген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сын­ды алыптардың мерейтой­ла­ры­на ерекше дайындаламыз. Биылдың өзінде Бердібек Соқ­пақбаевтың – 100, Баймағамбет Ізтөлиннің 125, Тоқтар Зікіриннің 75 жылдық мерейтойларына орай ауқымды шаралар өткіздік. Олардың ұрпақтары жастарға тағылымды әңгімелерін айтты.

– Барлық білім – кітапта. Бұл – өзгермейтін аксио­ма. Со­лай десек те, оны оқы­майтындар, қай­ран уақытын теле­фонға телмі­румен өткі­зетіндер көбеймесе, азаймай отыр. Бұл олқылықпен қалай күресеміз?

– Бұл – ұлтымызға төнген қауіп. Қазір телефонның экра­ны­нан баланы ғана емес, ата-ана­ны, қариялардың өзін алшақ әкету қиын. Аға буын өкілдерінің дені дүниенің ағы мен қарасы смартфонда тұр деп ойлайды. Десе де, кітапхананың маңызды­лығы ешқашан жойылмайды деп айтар едім. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің ешбірінде кітапханалар дамып, көркейме­се, көбеймесе, жабылып жатқа­ны жоқ. Мұнда ғаламтордан таба алмайтын, авторлық құқығы қор­ғалған сирек кездесетін кітаптар­дың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақталып тұрады. Ал осының барлығын сіз ғаламтордан таба алар ма едіңіз? Жоқ! Бүгін бар дү­ниенің бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететін­ді­гіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады.

Замана алға жылжып, адам­зат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түс­песе, титтей де кемімейді. Өйт­кені ұлы француз жазу­шысы һәм философы Дени Дид­ро айтпақ­шы, “Адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады”.

– Сіз бала өсіріп отырған анасыз. Қазіргі бала тәрбиесі туралы не айтар едіңіз?

– Қазіргі оқушылардың қызы­ғатын дүниелері мен көзқарасы мүлдем басқа. Бүгінгі жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда, ин­тернетпен өмір сүруге дағдылан­ған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сыр­ластары да, мұңдастары да сол. Әрине, барлығы емес. Осы тұрғыда ата-аналар да балала­ры­мен еркін әңгімелесіп, жылу­лық пен мейірім-махаббаттарын сездіріп, материалдық қана емес, рухани тұрғыда да көп көңіл бө­ліп, қолдау көрсетуі керек. Атақ­ты Майлықожа Сұлтанқожаұлы бір өлеңінде: “Еркелетпе, еркі­мен өсір балаңды” деп жырлап­ты. Иә, бұл сөздің құны әлі жойыл­ған жоқ. Баланы еркелету мен еркін өсіруді айыра алмай­тындар бар. Тәрбиелі, еркін өс­кен ұрпақтан нағыз өнертапқыш, еркін ойлы, шы­ғармашыл жастар көп шы­ға­ры анық. Мен бұрын На­зарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс іс­тедім. Білім ошағында “оқу саға­ты” деп аталатын жоба сәтті жү­зеге асырылды. Бұл жоба қазіргі уақытта өзге мектептерде де қолда­ны­луда. Оның балаға бе­рер пай­дасы көп. Бала тәрбие­сінде орта маңызды саналады. Орта тек адамдардан тұрмайды ғой. Әде­биет пен кітаптан тама­ша орта жасап алуға болады. Тағы бір айт­пағым, қазір балалар тақырыбы­на қалам тербейтін жазушы аз. Бер­дібек Соқпақ­баевтың “Менің атым Қожасын”, халықтың “Мақта қыз бен мысық” ертегісін қабылдайтын оқушы си­рек. Олар­дың қазіргі дүниета­нымын суреттейтін шығармалар ауадай қажет. Қазақтың ерте­гісі­нен қойы­лым көрсету қажет бол­са Ал­дар көсе мен Тазша балаға жүгі­не­міз. Содан да шығар, қазір­гі қа­зақ балаларының тілінің орыс­ша шығатыны.

– Жуырда балалардың “SCHOOLBOY RUNAWAY” деп аталатын ойынға жаппай әуес­те­ніп жүргені қоғамда қызу тал­қыланды. Баланы ата-ана­ны тыңдамауға, үйден қашуға үгіт­тейтін мұндай ойындардан қа­лай қорғай аламыз?

– Бір кездері аталарымыз “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деуші еді. Қазір бұл сөзді “ойын ойнаған тозар” деп өзгерт­сек болатын сияқты. Мұнда ойын деп меңзеп тұрғаным – бәс тігіп, құмар ойнап, оңай олжа іздеп жүр­гендер. Лудомания деп аталатын құбылыс соңғы жылдары еліміз­де кең белең алып кетті. Оған ба­ланы “SCHOOLBOY RUNAWAY” деген сияқты мағынасыз ойын­дар жетелейді. Баланы мұндай ойындардан қорғайтын жалғыз ғана жол бар деп ойлаймын. Ол – ата-ана мен бала арасындағы дұ­рыс қарым-қатынас. Ана баласы­ның немен айналысып жүргенін қадағаласа, смартфон пайда­лануға шектеу қойса, ең бастысы оған шын жанашыр екенін айту­дан жалықпаса жағдай жақсы арнаға бұрылар еді. Сосын ата-аналар “eGov mobile” қосым­ша­сының игіліктерін пайдалануға тырысулары керек. Бұл қосымша арқылы кез келген адам бала­сының құмар ойындар мен бәс ті­гу­ге қатысуларын ерікті түрде шек­теу туралы өтініш бере алады.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Оймақтай ой

“Орыс тілінде қызмет көрсететін бөлімдердің есіктері сенбі-жексенбі күндері оқырманнан босамайды. Мұндай мектептердің басшылары да орыс тіліндегі бөлімдермен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі. Біз қазақ оқырмандарын арнайы хабарласып шақыруға тырысамыз. Сондағы алатын жауабымыз: “Сенбі күні тойға барамын, жексенбі дұғада боламын”. Біз ешкімге тойға, батаға барма деп талап қоя алмаймыз. Тек қатары күн сайын көбейіп келе жатқан оқырманның шоғырын өз ұлтымыздың өкілдері құраса деген тілек бар”.

Өмірдерек

Туған жылы: 1986 жылғы 4 желтоқсан.

Туған жері: Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласы.

Қызметі: Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp