«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бала құқығын бұзуға жол берілмейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық прокуратура жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін бұзудың бір мыңнан астам фактісін анықтады.

Қадағалау органының мобильді топтары биыл тәуекел тобына жататын 11 мыңнан астам отбасын тексерген. Бүгінгі таңда әлеуметтік көмек, құжаттарды рәсімдеу және баспана кезегіне тұру мәселелері алаңдатқан 140 отбасыға қолдау көрсетілді. Прокуратураның талабы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырыстарында 44 отбасының ісі қаралды, нәтижесінде физикалық қауіп-қатерге байланысты 12 бала отбасынан басқа орынға ауыстырылды, 272 заңды өкіл балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

“Қыркүйекте облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов пен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Сұрағанова кездесіп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесін талқылады. Іс-шарада өзара іс-қимыл, жедел ақпарат алмасу жайы да сөз болды. Жұмыс қорытындысы бойынша тиісті меморандумға қол қойылды”, – дейді облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Аида Бабасова.

Кәмелетке толмағандардың құ­қықтық білімін арттыру мақ­сатында облыс прокуратурасы­ның басшы­лығы апта сайын кез­десулер өткізе­ді. Мысалы, осы жылдың қыркүйек айында Пет­ропавл қаласының құ­рылыс-экономикалық колледжінің және №4 орта мектебінің алаңында есірткіні қолдану мен таратудың алдын алу бойынша ауқымды кездесу ұйымдастырылған. Пет­ропавл қа­ласындағы 12 кол­ледж студенттері мен 33 мек­тептің оқушыларына ақ­параттық бейнероликтер көрсеті­ліп, қыл­мыс­тық және әкімшілік құ­қық бұ­зушылық үшін жауапкершілік тү­сіндірілді. Жалпы жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың құқықтарына қатысты 1 мыңнан астам заң бұзушылық анықтал­ды, 47 қадағалау актісі енгізілді, оларды қарау нәтижелері бойынша 18527 адамның құқы­ғы қорғалған. Нәти­жесінде 854 адам жауапкершілікке тартыл­ды, 26 млн. теңге сомасына залал өндірілді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp