«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бие сауып, қымыз сапырған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елді мекендердің келешегі ондағы тұрғындардың экономикалық белсенділігіне байланысты. Бүгінде ауылда қарап жатпаймын деген адамға мемлекеттік қолдаудың түр-түрі бар. Тиісті талаптар орындалса жеңілдетілген несие алуға да, шағын грант иегері атануға да болады. Мәселен, биыл өңірде субсиядиялау құралдары, несиелерге кепілдік беру және шағын гранттар тағайындау үшін 11,9 млрд. теңге қарастырылған. Әлеуметтік кодекс негізінде облыста бизнес бастамаларды қолдау үшін 400 АЕК болатын 230 грант бөлінген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандар саны бір жылда 2,1 пайызға артқан.

Аталған қолдау да жергі­лікті тұр­ғындармен қатар оңтүстік өңір­лерден қоныс аударушылар мен қан­дастар да тиімді пайдаланып отырғаны қуантады. Бұл – олардың Қызылжар то­пырағында тамыр жайып, осындағы тір­шілікке үйреніп кетуіне оң әсер етеді. Мә­селен, Есіл ауданына биыл еңбек күші көп өңірлерден 27 және шетелден 4 отбасы көшіп келген. Аудан орталығында олар­ға арналған үйлерді орталық жылу же­лісіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 2 кәсіпкер арнайы әлеуметтік топтан шыққандарға кемі 10 қойдан тауарлы несие беруді мойнына алған.

Шаруасын дөңгелетіп отырған жан­дардың бірі – Тоқтарбек Алашбек. Қытайдан қоныс аударғанына бір жылға жуықтаған. Со­ған қарамастан ол Николаевка ауылы­ның өміріне белсене араласып, шаруаға кірісіп кеткен. Мемлекет берген үйге қоныстанғаннан кейін, табыс табудың жолын іздестіре бастапты. Үйінің маңынан қора салып, мал шаруашылы­ғына бет бұрған. Бүгінде ол өз малымен қатар ауыл тұрғындарының сеніп тап­сыр­ған қой-сиырын бағады.

– Мұндағы жағдайға көңіліміз тола­ды. Қызыл­жар ауыл шаруашылығына қолайлы өл­ке екен. Төрт түлік жемшөп­тен тарық­пайды. Ауылда Қытай мен Ираннан кел­ген он шақты отбасы бар. Жер­гі­лікті билік өкілдері жағдайымызды біліп, кеңесіп тұрады. Өзім тағы бір қандасымызбен бірге мал қараймын. Әйелім бие, сиыр сауады. Үлкен ұлым елорда­да оқыса, кішісі ауыл мектебінде білім алуда. Биыл кәсібімді кеңейту үшін 1,4 млн. теңге көлемінде грант иелен­дім. Егер қолдау болса шаруаны одан әрі дөңгелетсем деген ниетім бар, – дейді Тоқтарбек Алашбек.

Грант қаржысына кәсіпкер бірнеше құ­лынды бие мен ірі қара сатып алған. Ауыл тұрғыны елді мекеннің 23 жылқы, 80 сиыр, 400 қойын ала жаздай баққан. Өзінің 20 сиыр, 50 қой мен 10 жылқысы бар. Істің ебін білетін жан шағын ауылды ет, сүт, құрт-май, қымызбен қамтамасыз етіп отыр. 7 биеден сауылатын қымыз­ды іздеп келушілер көп. Табиғи таза өнім Астанаға да жөнелтіледі екен.

– Қытайдан киіз үйімді ала келдім. Жаз бойы сол үйді тігіп, жай­лауда отырамыз. Шаңырағымызға ке­лімді-кетімді адам көп. 7 биеден күніне 30 литр қымыз сауамыз. Оның 15 литрін са­тамыз. Қалғанын келген қо­нақтарға, дәмін татқысы келген ауыл адамдарына тегін береміз. Әзірге жайылым жер тарлық етіп жатқан жоқ. Қыстық жемшөпті қамдап алдым, – дейді кәсіпкер.

Тоқтарбек Алашбек өз ісін одан әрі дөңгелетуді мақсат етіп отыр. Ол үшін арнайы жайылымдық жер рәсімдеп алғысы келеді. Олай ет­песе, елді мекен іргесіндегі жерге соқа салғысы келе­тіндер бар екен. Көктемде Есілдің суы жайылғанда Николаевка маңын­дағы малдың өрісі тарылып, дөңде жайы­лады. Егер сол жердің өзі жеке­меншікке өтіп кетсе, атакәсіппен айна­лысып отырғандардың малы ала­қандай алаңға сыймасы анық.

Шаруа трактор сатып алуды да мақсат етуде. Мал басын жүзге жеткізу жоспарында бар. Алайда мұның бәрін жүзеге асы­ру­ға қол қысқа. Сондықтан да мемле­кет­тік бағдарламалардың игілігін пай­даланып көрмекші. Егер тиісті қолдау болып жатса Тоқтарбек Алаш­бектің жайлауы малға толатын күн алыс емес.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp