«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР-БІРІНЕ КІНӘ АРТЫП ӘЛЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданара­лық соттың судьясы Айдарбек Бекқужинов облыс орталығын­да адамдарды жерлеу рәсімі­мен айналысатын Приходченко отбасының мүшелерін айуан­дық­пен азаптап өлтірген қыл­мыстық топқа қатысты кезекті сот отырысын күдіктілердің уәж­дерін тыңдаудан бастады. Ал­ды­мен Сергей Емельянов мен Ирина Скоробогатовадан, cо­сын Данил Орловтан жауап алынды.

Данил адам өлтіргені үшін те­мір тордың арғы жағында оты­рып шыққан әккі Сергейдің өзін қылмыс әлеміне алдап-сулап, күш­теп қалай тартқанын айта бастауы мұң екен, қарсы тарап­тың ашу-ызаға булыққаны сон­ша­лық, судьяның ескертуіне құ­лақ аспаған күйі айғайға басты, былапыт сөздерді қарша борат­ты. “Маған жала жауып отыр” деп шу шығарды. Шамасы, ащы шындық шымбайына батып кет­се керек. Орловтың адвокаты онсыз да кекештеніп, тұтығып сөйлей алмай тұрған қорғаушы­сының мұндай қысымға мүлдем төтеп бере алмайтынын алға тартып, Емельяновты сот залы­нан аластату жөніндегі талабы қанағаттандырылды.

“Менің клиентім қылмысын мойындағаны үшін Емельянов­тың тарапынан түрлі қысымға ұшырады. Тіпті жақындарыңды өлтіремін деп қоқан-лоққы да көрсетті”, – деді шағымында адво­кат Сергей Семейский.

Орловтың айтуынша, Еме­льянов адамдарды бопсалау­дың, дүние-мүлкін иеленудің бесаспап маманы тәрізді. Өзінің нақсүйері Иринаға тиесілі биз­несті де тартып алмақшы бол­ған. Данилды өзіне орынбасар етуге уәдені үйіп-төгіп, оның ақыры адам қанын мойнына жүк­теген жауыздыққа ұласқан.

Газет оқырмандарына түсі­нікті болу үшін 2023 жылдың 27 желтоқсаны күнгі қанды оқиғаға қысқаша тоқталып өтейік.

Жұмысшы кентінде жеке үйде тұратын Приходченко от­басының асып-тасып бар жат­қан дәулеті де, байлығы да бол­маған. Қоңырқай тірліктеріне, ел көшінен қалмағанына риза-тұғын. Бірде тендерді ұтса, бір­де жығылып дегендей бәсеке­лестіктің бел ортасында жүрге­ніне жиырма жылға жуықтап қал­ған.

Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Залина Линкевич қылмыстық әрекетке 42 жаста­ғы келіншектің басты себепші болғанына, азаматтық некеде тұратын Сергейді азғырып, аз­ғындық жолға итермелегеніне, ақыры дегеніне көндіргеніне ай­ғақтар келтірді. Ирина жерлеу бизнесімен шұғылданатын бір ірі фирма директорының орын­басары, Сергей басқа компа­ния­да басшылық қызмет атқарған. Соңғы тендерде Вадим При­ходченконың асығы алшысы­нан түсіп, жеңімпаз атанғаны Ири­­на­ның ішін тұз жалағандай күй­дірген. Табысының күрт азайып кеткеніне қатты уайым­дап, арам ойын жүзеге асыру­дың амалдарын күні бұрын ой­ласты­ра бастайды. Асы­рауын­да мү­гедек қызы бар “сүйік­тісі­нің” бас айналдырар сөзіне ер­ген Сер­гей қарамағында жұмыс істей­тін, тұрмысы қоңыртөбел Да­­нилді қызметің де, жалақың да өседі деп қызықтырып, қылмыс­тық топқа қосып алады.

… Жаңа жыл кеші алдында Ва­димді, әйелі Юлияны, 17 жас­тағы ұлы Юрийді қан-жоса етіп бауыздап кеткен жантүршігер­лік қасапты көзге елестетудің өзі ауыр.

Орловтың: “Мен отбасының қай жерде тұратындығын білген жоқпын. Емельянов жол көрсе­тіп, бастап апарды. Адам өлтіру өңім түгіл түсіме енген емес”, – деуі жауапкершіліктен жалтару­дың қитұрқы амалы екені анық. Әйтпесе, қолдарына медицина­лық резеңке қолғап киіп, ауыр заттармен қаруланып барар ма еді? Қорғаушының неге бұры­лып кетіп қалмадың деген сұра­ғының жауапсыз қалуы күдік-күмәнді күшейте түседі.

Үйге бірінші болып Емелья­нов кірген. Сол кезде алдары­нан кәмелетке толмаған жасөс­пірім шыға келіп, екеуі оны соқ­қыға жығып, асүйге қамап тас­тайды. Бөлмелердің астаң-кестеңін шығарып, 2 млн. теңге­нің алтын және әшекей бұйым­дарын қолды етеді. Жұмыстан оралған Вадим мен Юлияны тосып алып, ауыр соққының астына алады. Бастан балға­мен ұрып, естен танды­рады. Ке­терлерінде үшеуін де қойша бауыздап, үйдің іші қан-жосаға айналады. Тіпті қылмыс­тарын жа­сыру үшін баспананы өртеп жі­бермек болған. Ертеңі­не түк болмағандай жұмысқа бар­ған. Емельянов Орловқа 27 мың тең­ге ұстатып, демің ішін­де болсын деп әмір ете сөйлейді. Кейін Ири­на Скоробо­гатова екеуі бар кінәні мойнына алуға бұйырады. Әбден қорқып қалған Да­нилдің келіс­песке шарасы қал­майды. Алайда сот процесінде ақиқатты ашып айтуына тура келді.

Жедел іздестіру шаралары­ның нәтижесінде бір отбасының ойра­нын шығарған қорқаулар ертеңінде, яғни 28 желтоқсан күні түс әлетінде ұс­талып, қыл­мыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тек­серудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қылмыстық кодекстің 99-шы бабы бойынша (екі не­ме­се одан да көп адамды өл­тіру) айыпталып, уақытша ұстау изо­ляторына қамалған.

Сот процесінде И.Скоро­богатова кінәсіздігін “дәлел­деп”, өзін судан таза, сүттен ақ етіп көрсетуге жанталасып бақ­ты. Емельяновтың да сөзі осы сарындас. Соған қарағанда, бар кінәні Орловқа жаба салуға бейіл сияқты. Алайда мемле­кеттік айыптаушының уәждері мүлдем басқа. Сот процесінің әлі де созылатын түрі байқа­лады. Оның барысында барлық дәлел-дәйектер екшел­іп, тара­зыға салынып, әділ үкім шыға­рылады деген үміттеміз.

Емельяновтың адам тона­ғаны үшін абақты­да 5 жыл жаза­сын өтеп шық­қаны, ал Скоро­богатова пара бергені үшін сот­талғаны, одан қорытынды шы­ғармағаны, са­бақ алмағаны өкі­нішті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp