Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Айдарбек Бекқужинов облыс орталығында адамдарды жерлеу рәсімімен айналысатын Приходченко отбасының мүшелерін айуандықпен азаптап өлтірген қылмыстық топқа қатысты кезекті сот отырысын күдіктілердің уәждерін тыңдаудан бастады. Алдымен Сергей Емельянов мен Ирина Скоробогатовадан, cосын Данил Орловтан жауап алынды.
Данил адам өлтіргені үшін темір тордың арғы жағында отырып шыққан әккі Сергейдің өзін қылмыс әлеміне алдап-сулап, күштеп қалай тартқанын айта бастауы мұң екен, қарсы тараптың ашу-ызаға булыққаны соншалық, судьяның ескертуіне құлақ аспаған күйі айғайға басты, былапыт сөздерді қарша боратты. “Маған жала жауып отыр” деп шу шығарды. Шамасы, ащы шындық шымбайына батып кетсе керек. Орловтың адвокаты онсыз да кекештеніп, тұтығып сөйлей алмай тұрған қорғаушысының мұндай қысымға мүлдем төтеп бере алмайтынын алға тартып, Емельяновты сот залынан аластату жөніндегі талабы қанағаттандырылды.
“Менің клиентім қылмысын мойындағаны үшін Емельяновтың тарапынан түрлі қысымға ұшырады. Тіпті жақындарыңды өлтіремін деп қоқан-лоққы да көрсетті”, – деді шағымында адвокат Сергей Семейский.
Орловтың айтуынша, Емельянов адамдарды бопсалаудың, дүние-мүлкін иеленудің бесаспап маманы тәрізді. Өзінің нақсүйері Иринаға тиесілі бизнесті де тартып алмақшы болған. Данилды өзіне орынбасар етуге уәдені үйіп-төгіп, оның ақыры адам қанын мойнына жүктеген жауыздыққа ұласқан.
Газет оқырмандарына түсінікті болу үшін 2023 жылдың 27 желтоқсаны күнгі қанды оқиғаға қысқаша тоқталып өтейік.
Жұмысшы кентінде жеке үйде тұратын Приходченко отбасының асып-тасып бар жатқан дәулеті де, байлығы да болмаған. Қоңырқай тірліктеріне, ел көшінен қалмағанына риза-тұғын. Бірде тендерді ұтса, бірде жығылып дегендей бәсекелестіктің бел ортасында жүргеніне жиырма жылға жуықтап қалған.
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Залина Линкевич қылмыстық әрекетке 42 жастағы келіншектің басты себепші болғанына, азаматтық некеде тұратын Сергейді азғырып, азғындық жолға итермелегеніне, ақыры дегеніне көндіргеніне айғақтар келтірді. Ирина жерлеу бизнесімен шұғылданатын бір ірі фирма директорының орынбасары, Сергей басқа компанияда басшылық қызмет атқарған. Соңғы тендерде Вадим Приходченконың асығы алшысынан түсіп, жеңімпаз атанғаны Иринаның ішін тұз жалағандай күйдірген. Табысының күрт азайып кеткеніне қатты уайымдап, арам ойын жүзеге асырудың амалдарын күні бұрын ойластыра бастайды. Асырауында мүгедек қызы бар “сүйіктісінің” бас айналдырар сөзіне ерген Сергей қарамағында жұмыс істейтін, тұрмысы қоңыртөбел Данилді қызметің де, жалақың да өседі деп қызықтырып, қылмыстық топқа қосып алады.
… Жаңа жыл кеші алдында Вадимді, әйелі Юлияны, 17 жастағы ұлы Юрийді қан-жоса етіп бауыздап кеткен жантүршігерлік қасапты көзге елестетудің өзі ауыр.
Орловтың: “Мен отбасының қай жерде тұратындығын білген жоқпын. Емельянов жол көрсетіп, бастап апарды. Адам өлтіру өңім түгіл түсіме енген емес”, – деуі жауапкершіліктен жалтарудың қитұрқы амалы екені анық. Әйтпесе, қолдарына медициналық резеңке қолғап киіп, ауыр заттармен қаруланып барар ма еді? Қорғаушының неге бұрылып кетіп қалмадың деген сұрағының жауапсыз қалуы күдік-күмәнді күшейте түседі.
Үйге бірінші болып Емельянов кірген. Сол кезде алдарынан кәмелетке толмаған жасөспірім шыға келіп, екеуі оны соққыға жығып, асүйге қамап тастайды. Бөлмелердің астаң-кестеңін шығарып, 2 млн. теңгенің алтын және әшекей бұйымдарын қолды етеді. Жұмыстан оралған Вадим мен Юлияны тосып алып, ауыр соққының астына алады. Бастан балғамен ұрып, естен тандырады. Кетерлерінде үшеуін де қойша бауыздап, үйдің іші қан-жосаға айналады. Тіпті қылмыстарын жасыру үшін баспананы өртеп жібермек болған. Ертеңіне түк болмағандай жұмысқа барған. Емельянов Орловқа 27 мың теңге ұстатып, демің ішінде болсын деп әмір ете сөйлейді. Кейін Ирина Скоробогатова екеуі бар кінәні мойнына алуға бұйырады. Әбден қорқып қалған Данилдің келіспеске шарасы қалмайды. Алайда сот процесінде ақиқатты ашып айтуына тура келді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бір отбасының ойранын шығарған қорқаулар ертеңінде, яғни 28 желтоқсан күні түс әлетінде ұсталып, қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қылмыстық кодекстің 99-шы бабы бойынша (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) айыпталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Сот процесінде И.Скоробогатова кінәсіздігін “дәлелдеп”, өзін судан таза, сүттен ақ етіп көрсетуге жанталасып бақты. Емельяновтың да сөзі осы сарындас. Соған қарағанда, бар кінәні Орловқа жаба салуға бейіл сияқты. Алайда мемлекеттік айыптаушының уәждері мүлдем басқа. Сот процесінің әлі де созылатын түрі байқалады. Оның барысында барлық дәлел-дәйектер екшеліп, таразыға салынып, әділ үкім шығарылады деген үміттеміз.
Емельяновтың адам тонағаны үшін абақтыда 5 жыл жазасын өтеп шыққаны, ал Скоробогатова пара бергені үшін сотталғаны, одан қорытынды шығармағаны, сабақ алмағаны өкінішті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.