Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауында заң мен тәртіптің үстемдігі, бүкіл қоғам мен әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі ретінде айқындалып, стратегиялық мақсатымызға жетудің қолайлы жағдайын қалыптастыру міндеті қойылды. Президенттің азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі талабының кәсіподақтарға да тікелей қатысы бар.
Осыдан алты жыл бұрын Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төл мерекені белгілеу туралы ұсынысы Үкімет тарапынан қолдау тауып, содан бері 10 қазан Қазақстан кәсіподақтары күні ретінде кеңінен атап өтіледі. Мұның өзі кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен құқықтарын қорғауда, еңбек дауларын шешуде, еңбек қауіпсіздігін сақтауда, еңбекақыны уақытылы төлеуде, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шарт-міндеттемелердің орындалуын қадағалауда тәуелсіз, дербес әрекет ететін ұйымның қоғам өміріндегі рөліне берілген әділ баға деп білеміз. Облыстық кәсіподақтар орталығы “Кәсіптік одақтар туралы” заңды басшылыққа алады, бұдан бөлек, өз мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында заңнамаларға қайшы келмейтін барлық тәсілдерді пайдалануға құқылы. Өз құзыреті шегінде республика кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясын іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бірлестікке мүше 65220 адам 1265 бастауыш кәсіподақ ұйымына, яғни 6 салалық бірлестікке, 13 аудандық, 2 қалалық бөлімшеге және 14 кәсіподақтардың үйлестіру кеңесіне топтасқан. Жыл өткен сайын қатарымыз жаңа мүшелермен толығуда. Мұны еңбек және әлеуметтік құқықтарды қорғауға бағытталған іс-шаралардың жемісі ретінде бағалауға болады. Биыл мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларында, жекелеген кәсіпорындарда 382 мүшесі бар 8 жаңа бастауыш ұйым құрылды. Олардың қатарында Қызылжар аудандық ауруханасы, Тимирязев ауданының “Қайнат” ЖШС, Петропавл қаласындағы “Протеин Агро” ЖШС, Мағжан Жұмабаев ауданындағы балалар шығармашылығы орталығы бар. Осылайша жергілікті ұйымдардың ықпалдылығы мен пәрменділігін арттыру арқылы жұмыс берушілермен қостараптық диалог қалыптастырудың өзіндік тәжірибесі өзгелерге үлгі ретінде ұсынылып отырады.
2023 жыл “Қауіпсіз еңбек жылы” девизімен өтсе, Кәсіподақтар федерациясы 2024 жылды “Еңбек жылы” деп жариялады. Оның негізгі өзегі табыс пен өнімді еңбекті қамтамасыз ету, жұмыстың тұрақтылығы, жұмыс уақытының лайықты ұзақтығы, қауіпсіз еңбек жағдайлары бағыттарымен тығыз сабақтас. 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімдер жобасы жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсыныстармен толықтырылды. Жұмыскерлердің әл-ауқатын арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері басты назарға алынды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарына белгіленген инфляциядан төмен емес деңгейге сүйене отырып, экономиканың нақты секторы қызметкерлерінің жалақысын міндетті индекстеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестер мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың, техникалық инспекторлар мен өндірістік кеңес мүшелерін жүйелі негізде мерзімді даярлауды қамтамасыз ету арқылы қызметтерін жетілдіру, ұзақтығы кемінде күнтізбелік үш күн қосымша ақылы демалыс, ай сайынғы қосымша төлемдер мен көтермелеулер ұсына отырып, техникалық инспекторлардың жұмысын ынталандыру, еңбек қатынастарының белгілері болған кезде жеке тұлғалармен азаматтық-құқықтық шарттар жасасуға жол бермеу, тағы басқа талаптар қамтылды. Әлеуметтік әріптестердің лайықты еңбек қағидаттарын іске асыру жөнінде қалалық және аудандық келісімдер жасалды. Су тасқыны салдарын жоюға байланысты жайттар бірінші кезекте ескерілді.
Әлеуметтік әріптестік институтын дамытудың маңызды бір факторы ұйымдардың ұжымдық шарттарын жасасу және жаңарту жөніндегі жұмыс болып табылады. Осыған орай жыл басынан бері 6184 ұжымдық келісім рәсімделді, бұл көрсеткіш жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 96,1 пайызын құрайды. Әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында “Үздік ұжымдық шарт”, “Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын”, “Еңбекті қорғау жөніндегі үздік кәсіпорын”, “Экологияға қосқан үлесі үшін”, “Үздік жоба” аталымдары бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” республикалық конкурсының облыстық кезеңіне қатысу қалыпты дәстүрге айналған. Бірнеше рет лауреат атанған жеңімпаздарымыз аз емес. Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің “Үздік әлеуметтік серіктес” конкурсына “Жолдасбай-Агро” ШҚ, “Қызылжар су” ЖШС, Новомихайловка орта мектебінің жан жадыратар игілікті істері жинақталған материалдар жолданды.
Салалық кәсіподақтарға қатысты өзекті проблемалар (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өндірістік жарақат, Еңбек кодексінің нормаларын орындамау, экономиканың нақты және бюджеттік секторларына қарасты ұйымдарда еңбек ететін әйелдердің мүдделерін қорғау, еңбек қатынастарын реттеу ерекшеліктері, табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезеңінде су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерін қолдау) кәсіподақ отырыстарында, үйлестіру кеңестерінде кеңінен талқыланады. Облыстық мәслихат құрамындағы “Еңбек” депутаттық тобымен бірлесіп, ауылдық жерлерде тұратын денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандарына коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдіктер жасау, отын жағынан көмек беру, облыстық қазынадан қаржыландырылатын ұйым қызметкерлерінің лауазымдық еңбекақыларына үстемеақы қосу, жұмыс берушінің қаражаты есебінен мерзімді медициналық тексеруден тегін өту мәселелері бойынша нақты шешімдер алынды. Қызметкерлерге қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатымен Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қабылданған арнайы бағдарламаның қорытындысы шығарылды. Көктемгі су тасқыны кезінде бүкілхалықтық қолдаудан кәсіподақ ұйымдары да шет қалған жоқ. Мәселен, салалық кәсіподақтардың қызметкерлері және “Келешек” жастар кеңесінің өкілдері бөгет салу жөніндегі шараларға белсенді қатысты. “Таза Қазақстан” тазалық айлығы шеңберінде сенбіліктер ұйымдастырылды. Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға ақшалай-заттай қолдаулар көрсетілді. Қайырымдылық акциялары барысында жиналған қаражат 55 млн. теңгеден асты. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін 1073 өндірістік кеңес құрамындағы 934 техникалық инспектор тұрақты түрде жүзеге асырады.
Кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғауды қамтамасыз ететін, оларға заңдық жағынан көмек көрсететін Заң клиникасының филиалы жұмыс істейді. Әділет органдарының, прокуратураның, нотариаттың, адвокаттардың өкілдерімен қатар кәсіподақтар мүшелері де “Халық заңгері” республикалық әлеуметтік акциясын өткізуден шет қалған емес. Кәсіподақ мүшелеріне заңнаманы қолдану және олардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру бойынша практикалық, заңгерлік, консультациялық көмектер ұсынылады. Қажетті құжаттарды, мемлекеттік органдарға өтініштерді және сотқа талап-арыздарды дайындауға көмек көрсетіледі. 265 адамның өтініші қанағаттандырылды. Еңбек және кәсіподақ заңнамасын қолдану мәселелері бойынша 355 шара өткізілді.
Ерік НҰРАҚАЕВ,
облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.