Жүректеріне мұз болып қатқан мұңдарын тиісті басшыларға жеткізу үшін облыс маңайында орналасқан саяжай тұрғындарының бас қосуы осымен бірінші рет емес. Бұл жолы Қызылжар ауданына қарасты Тепличное елді мекенінде өткен жиынға ашу-ызаға толы өкпелері мен іштегі шерлерін ақтаруға келгендердің саны “жер қайысқан қол” іспеттес. Бірінші болып сөз алған Петропавл қалалық бау-бақша қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Ротарь бүгінгі күні қалыптасып отырған ахуалдың күрделенгені соншалық, адам алаңдатарлық жағдайға дейін жетіп, шешімін табуы тиіс мәселелердің сағызша созылып кеткенін нали жеткізді. Оның айтуынша, көктемгі су тасқынынан кейін 6 мыңға жуық жер телімі бар 36 қауымдастық қатты зардап шегіп, салдарынан баспаналар мен жеке дүние-мүлік іске алғысыздай бүлінген. Кейбір отбасылар жалғыз тұрағынан айрылып, қайда барарын, кімге шағынарын білмей дал. Алды 30 жыл бойы саяжайларды мекен етіп келеді. Әңгіменің түйіні мемлекет тарапынан берілетін көмектің, оның ішінде мал-мүлікті бағалау нәтижелері бойынша көрсетілетін қаржылық қолдаудың мардымсыздығына, жеткіліксіздігіне келіп тіреледі.
“Полет” бау-бақша бірлестігінің жетекшісі Виталий Тыщенконың сөз ауанынан аудандық әкімдік уәде еткен 150 айлық есептік көрсеткіш орнына 100 АЕК қана төлеумен шектеліп, берген серттен тайқып кеткенін түсіндік.
“Міне, – деді ол қолына ұстаған бір бума қағазды жиналғандарға көрсетіп. – Бағалау комиссиясының келтірілген залал жөнінде қол қойып, мөр басқан актілік құжаттарына дейін бар. Соған қарамастан шығынның толық өтелмей отырғанын түсіну қиын. Бір қызығы, Тепличное ауылының тұрғындарымен біржолғы өтем бойынша толық есеп айырысқан, ал бізге келгенде “сараңдық” танытулары қалай? Бір аумақта жер баптап, қосалқы шаруашылықпен айналысып жатқандарды алалау емес пе? Олардікі сияқты біздің де дүние-мүлкіміз топан суға жұтылып кетті. Басы артық талаптар қойып, хан баласындай жағдай жасауды сұрап отырған жоқпыз. Жолдарды өз күшімізбен қалпына келтіруге, техника жалдауға мәжбүрміз. Қалдықтарды шығаруға – 9 млн., трансформаторды жөндеуге – 450 мың, саяжай күзетшілеріне 3,5 млн. теңге жұмсауға тура келді”.
“Дельта” бау-бақша қауымдастығының төрайымы Татьяна Сахарованың жанайғайы да осымен үндес шықты.
“Қауымдастыққа қарасты 124 саяжайдың 100-ге жуығы тұрғын үй санатында болатын. Ондағы тұрғындар қолдан келетін шаруаны атқарудан бас тартқан емес, бірақ кем-кетікті қанша түзетуге ұмтылғанымен, қаржылық мүмкіндіктері жете бермейді. Осындай қиындықты 2017 жылғы тасқын кезінде де бастан өткерген едік. Содан бері ахуалдың түзелгені шамалы. Құм төгіліп, бөген тұрғызылды деген құр аты ғана. Екпіні тау қопарарлық тасқын су әп-сәтте ешкінің терісіндей ту-талақайын шығарды. Қылышын сүйретіп қыс та келіп алды. Тығырыққа тіреліп отырмыз. Көмек көрсетіледі деген үмітіміз үзілген жоқ”, – деді ол шарасыздықтан екі қолын жайып.
“Сатурн”, “Фаза”, тағы басқа саяжайларды қара түнек меңіреу тыныштық басқан, электр жарығы тартылмаған, қалдық заттар үйінді күйінде, жолдар жөнделмеген қалпы қалған. “Первенец” саяжайында екі рет өрт болған. Оның ақыры насырға шапса, келетін залалды көзге елестетудің өзі қиын. Саяжайларда тұрып жатқандар өз есептерінен қаржы жинастырып, күл-қоқысты шығарған, жолдың ой-шұңқырын жөндеген. Мұның бәрі – судың құмға сіңгені іспеттес, теңіздің тамшысындай ғана. Энергетика саласының мамандары жарық жүйесін іске қосуға кететін шығынды 3 млн. теңгеге бағалапты. Электр қуатының болмауына байланысты бақша жаз бойы тіршілік нәрінсіз қалған.
Саяжай тұрғындарының кездесуіне Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары қатысқанымен, сананы сансыратқан сансыз сауалдар жауапсыз қалды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.