– Көгершін Қанатқызы, өркениетті қоғамның басты тірегі – білім мен ғылым. Оған ешкімнің таласы бола қоймас. Ал білімнің кілті – кітапта екені әлімсақтан белгілі. Сіздің әйгілі Ғабеңнің есімін иеленген балалар кітапханасына жетекшілік етіп келе жатқаныңызға көп уақыт өте қойған жоқ. Жалпы өңірде кітапқа құмар балалар көп пе?
– Кітап – адамзат баласына қажет білімнің өзегі. Мұның сырын ерте ұғынған билеушілер, мемлекет басшылары, оқымыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған елінде ең әуелі кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін гүлдендіруге баса назар аударғанын тарихи туындылардан оқуға болады. Шыны керек, бас-аяғы он-он бес жылдың ішінде смартфондар, электронды оқу құралдары өмірімізге дендеп енген сәттен бастап кітап оқуға деген ынтызарлық бәсеңдеді. Кітапты оқымақ түгіл, керек қылмайтын топ пайда болды. “Осылай жалғаса бере ме?” деген күдігіміздің сейілгеніне де көп уақыт болған жоқ. Біз өмір сүріп отырған қоғам кітапқа қайта бет бұра бастады. Өйткені, ата-аналардың дені смартфондардың пайдасынан зияны көп екенін түсінді. Оған үңілгендер, ең алдымен, көру қабілеттерінен айырылатынын, содан соң жадыларын жоғалтатынын түсінді. Кітапханаға бас сұғатын балалар санының көптігі соны аңғартады. Алайда өңір оқушыларының барлығы бірдей кітапқа, оқуға құмар деп айта алмаймыз. Олар телефонға телміргендерді болашақта кітап оқығандардың басқаратынын жан дүниелерімен әлі түсіне алмай келеді.
– Балаларды кітапханаға тарту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Біздің кітапхана қабырғасында ұйымдастырылатын барлық шараның мақсаты осы – кітапқұмар оқушылардың санын молайту. Мәдениет ошағы қабырғасындағы тоғыз бөлімнің өз жоспары бар. Мәселен, 1-4 сыныптар бөлімі мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан, бастауыш сыныптарда оқып жүрген бүлдіршіндерді ертегі кейіпкерлері, қызықты ойындар арқылы қуантуға тырысса, өнер бөлімінің қызметкерлері бойларында түрлі қабілеттің ұшқыны байқалатын балалармен жұмыс істейді. Ұлттық бөлімде халқымыздың арғы-бергі тарихынан хабар беретін танымдық дүниелер, әлемдік әдебиеттің жауһары саналатын қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары, балалар әдебиетінің озық үлгілері, сонымен қатар сирек кездесетін, тіпті жалғыз ғана данасы қалған туындылар топтастырылған. “Кітап – ең жақының, сырласың, қажет болса мұңдасың”. Осы ұстанымды жастар саналарында жаңғыртулары керек. Олар өмірдің қандай кезеңінде болмасын тура жолды, адаспас бағдарды кітаптан ғана табулары қажет. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жыл сайын жоспар құрамыз, атаулы күндерге, даталарға, мерейтойларға қатысты іс-шараларды бекітеміз. Қазақ мектептері оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерінің кітапханаға саяхатын ұйымдастырамыз. Кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кездесулер, тұсаукесерлер өтетін, тарихтың көне көмбелерімен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Мамандар кітапханаға айтары бар, көрген-түйгені мол тағылымды тағдырлар иесін жиі шақыруға тырысады. 30-40 жылдық еңбек өтілі бар, талай адамның өмірін ажалдан арашалаған дәрігерді кездесуге шақырсақ, ақ халатты абзал жандардың ғұмырдариялары туралы жазылған туындыларды топтап, кітап көрмесін ұйымдастырамыз. Дәрігермен сұхбаттасқан, оның ойын, әңгімесін тыңдаған оқырман бұл бағытта жазылған кітапқа да назарын аударады. Содан ол кітап бетін парақтай бастайды. Мұндай талпыныс болашақта оқушының белгілі дәрігер, ғалым атануына алғышарт жасауы мүмкін. Кітапхана қабырғасына жазушы Жарасбай Сүлейменов, ғалым Зарқын Тайшыбай, өңірде алғашқылардың бірі болып күйшілік мектебін ашқан Серікбай Құсайынов сынды аға буын өкілдері келгенде балалардың сол кісілердің айтқан әңгімелерін ұйып тыңдап отырғандарын аңғардық. Бұл да – біздің жобамыздың бір жемісі.
– Өңіріміздегі театрларда, Мәдениет үйлерінде өтетін, кітапханаларда рухани шараларға адам аз жиналатынын жасыра алмаймыз. Көрермен санын қолдан көбейту ісіне қалай қарайсыз?
– Кез келген рухани шараның, мейлі ол белгілі тұлғаның мерейтойы болсын, қаламгердің жаңа кітабының тұсаукесері болсын, әдеби кеш болсын, барлығының көздейтін мақсаты біреу – кітапқа құмар балалар шоғырын көбейту. Біз іс-шаралардың басым бөлігін дүйсенбі-жұма аралығында жоспарлаймыз. Бір емес бірнеше адамнан құралған топ әзірлеген кешке оқушылардың, студенттердің келгені маңызды. Бірақ кейбір мектептердің басшылары кітапханаға оқушыларды жіберуге қарсы болып жатады. “Қазақ десең өзіңе тиеді”, әсіресе, қазақ аудиториясына бала жинау оңай емес. Өзге тілде ұйымдастырылатын шараларға балабақшалар мен мектептерден өрендер ағылып келіп жатады. Мысалы, орыс тілінде қызмет көрсететін бөлімдердің есіктері сенбі-жексенбі күндері оқырманнан босамайды. Мұндай мектептердің басшылары да орыс тіліндегі бөлімдермен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі. Біз қазақ оқырмандарын арнайы хабарласып шақыруға тырысамыз. Сондағы алатын жауабымыз: “Сенбі күні тойға барамын, жексенбі дұғада боламын”. Біз ешкімге тойға, батаға барма деп талап қоя алмаймыз. Тек қатары күн сайын көбейіп келе жатқан оқырманның шоғырын өз ұлтымыздың өкілдері құраса деген тілек бар. Бала – ата-ананың ісін қайталайды. Кітап оқып отырған әкесін не шешесін көрген бала осы әдетті өз бойына сіңіруге тырысады. Отбасында әке мен ана “Әр сенбі кітапханаға баратын күн немесе жексенбіні кітап оқуға арнаймыз”, – деген қағидамен өмір сүрсе, бала да солай жасар еді.
– Қызылжар топырағынан небір дара дүлдүлдер, шешендер, бір ауыз сөзі бес атанға жүк боларлықтай ғалымдар, арқалы ақындар, жезтаңдай әншілер шыққан ғой. Олардың көбінің есімі ұмытылып барады. Сол ардақтыларымыздың аты-жөндерін, атқарған еңбектерін насихаттап жүрген екі мекеме бар болса, соның бірі – кітапхана. Биыл осы тұрғыда атқарған жұмыстарыңызға шолу жасап өтсеңіз?
– Қазақтың өткен тарихы тағылымға толы. Оның әр қиырынан небір ғұламалардың батыл үндерін естуге болады. Өткенсіз бүгін де, болашақ та жоқ. Қазіргі буынның ішінде, өзімнің қатарластарымның арасында да өткенді сызып тастауға бейім адамдар кездеседі. Оларға ұлтымыздың жүріп өткен жолы, қазақтың қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманға жеткізген тағдыры, қилы тұлғалардың ғұмырдариялары қызық емес. Соның кесірінен қаншама адам ескерусіз қалып жатыр. Дүниеден өтіп кеткен күннен бастап керексіздердің тізіміне қосылған адам қаншама? Тәуелсіздіктің талбесігінде тербетіліп өсіп келе жатқан ұрпақ өткен мен бүгінді, бүгін мен болашақты сабақтастыра алулары керек. Біз өңірімізден шыққан Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптардың мерейтойларына ерекше дайындаламыз. Биылдың өзінде Бердібек Соқпақбаевтың – 100, Баймағамбет Ізтөлиннің 125, Тоқтар Зікіриннің 75 жылдық мерейтойларына орай ауқымды шаралар өткіздік. Олардың ұрпақтары жастарға тағылымды әңгімелерін айтты.
– Барлық білім – кітапта. Бұл – өзгермейтін аксиома. Солай десек те, оны оқымайтындар, қайран уақытын телефонға телмірумен өткізетіндер көбеймесе, азаймай отыр. Бұл олқылықпен қалай күресеміз?
– Бұл – ұлтымызға төнген қауіп. Қазір телефонның экранынан баланы ғана емес, ата-ананы, қариялардың өзін алшақ әкету қиын. Аға буын өкілдерінің дені дүниенің ағы мен қарасы смартфонда тұр деп ойлайды. Десе де, кітапхананың маңыздылығы ешқашан жойылмайды деп айтар едім. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің ешбірінде кітапханалар дамып, көркеймесе, көбеймесе, жабылып жатқаны жоқ. Мұнда ғаламтордан таба алмайтын, авторлық құқығы қорғалған сирек кездесетін кітаптардың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақталып тұрады. Ал осының барлығын сіз ғаламтордан таба алар ма едіңіз? Жоқ! Бүгін бар дүниенің бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады.
Замана алға жылжып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, титтей де кемімейді. Өйткені ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро айтпақшы, “Адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады”.
– Сіз бала өсіріп отырған анасыз. Қазіргі бала тәрбиесі туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі оқушылардың қызығатын дүниелері мен көзқарасы мүлдем басқа. Бүгінгі жастар өз бетімен, дәлірек айтқанда, интернетпен өмір сүруге дағдыланған. Олардың басты тәрбиелеуші құралы – ұялы телефондары. Сырластары да, мұңдастары да сол. Әрине, барлығы емес. Осы тұрғыда ата-аналар да балаларымен еркін әңгімелесіп, жылулық пен мейірім-махаббаттарын сездіріп, материалдық қана емес, рухани тұрғыда да көп көңіл бөліп, қолдау көрсетуі керек. Атақты Майлықожа Сұлтанқожаұлы бір өлеңінде: “Еркелетпе, еркімен өсір балаңды” деп жырлапты. Иә, бұл сөздің құны әлі жойылған жоқ. Баланы еркелету мен еркін өсіруді айыра алмайтындар бар. Тәрбиелі, еркін өскен ұрпақтан нағыз өнертапқыш, еркін ойлы, шығармашыл жастар көп шығары анық. Мен бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істедім. Білім ошағында “оқу сағаты” деп аталатын жоба сәтті жүзеге асырылды. Бұл жоба қазіргі уақытта өзге мектептерде де қолданылуда. Оның балаға берер пайдасы көп. Бала тәрбиесінде орта маңызды саналады. Орта тек адамдардан тұрмайды ғой. Әдебиет пен кітаптан тамаша орта жасап алуға болады. Тағы бір айтпағым, қазір балалар тақырыбына қалам тербейтін жазушы аз. Бердібек Соқпақбаевтың “Менің атым Қожасын”, халықтың “Мақта қыз бен мысық” ертегісін қабылдайтын оқушы сирек. Олардың қазіргі дүниетанымын суреттейтін шығармалар ауадай қажет. Қазақтың ертегісінен қойылым көрсету қажет болса Алдар көсе мен Тазша балаға жүгінеміз. Содан да шығар, қазіргі қазақ балаларының тілінің орысша шығатыны.
– Жуырда балалардың “SCHOOLBOY RUNAWAY” деп аталатын ойынға жаппай әуестеніп жүргені қоғамда қызу талқыланды. Баланы ата-ананы тыңдамауға, үйден қашуға үгіттейтін мұндай ойындардан қалай қорғай аламыз?
– Бір кездері аталарымыз “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар” деуші еді. Қазір бұл сөзді “ойын ойнаған тозар” деп өзгертсек болатын сияқты. Мұнда ойын деп меңзеп тұрғаным – бәс тігіп, құмар ойнап, оңай олжа іздеп жүргендер. Лудомания деп аталатын құбылыс соңғы жылдары елімізде кең белең алып кетті. Оған баланы “SCHOOLBOY RUNAWAY” деген сияқты мағынасыз ойындар жетелейді. Баланы мұндай ойындардан қорғайтын жалғыз ғана жол бар деп ойлаймын. Ол – ата-ана мен бала арасындағы дұрыс қарым-қатынас. Ана баласының немен айналысып жүргенін қадағаласа, смартфон пайдалануға шектеу қойса, ең бастысы оған шын жанашыр екенін айтудан жалықпаса жағдай жақсы арнаға бұрылар еді. Сосын ата-аналар “eGov mobile” қосымшасының игіліктерін пайдалануға тырысулары керек. Бұл қосымша арқылы кез келген адам баласының құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуларын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады.
– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.
Оймақтай ой
“Орыс тілінде қызмет көрсететін бөлімдердің есіктері сенбі-жексенбі күндері оқырманнан босамайды. Мұндай мектептердің басшылары да орыс тіліндегі бөлімдермен қоян-қолтық жұмыс істеуге мүдделі. Біз қазақ оқырмандарын арнайы хабарласып шақыруға тырысамыз. Сондағы алатын жауабымыз: “Сенбі күні тойға барамын, жексенбі дұғада боламын”. Біз ешкімге тойға, батаға барма деп талап қоя алмаймыз. Тек қатары күн сайын көбейіп келе жатқан оқырманның шоғырын өз ұлтымыздың өкілдері құраса деген тілек бар”.
Өмірдерек
Туған жылы: 1986 жылғы 4 желтоқсан.
Туған жері: Шал ақын ауданы, Сергеевка қаласы.
Қызметі: Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры.