Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі мен “Qyzylorda” телеарнасы бірлесе қолға алған “Құнды жәдігер” жобасы музей қорын тарихи мұралармен толықтыра түскен бастама болып отыр. Жуырда осы жоба аясында қазақ даласындағы орны бөлек діни қайраткер Марал ишан Құрманұлының асасының көшірмесі мен тақымы тиген ер музей қорына тапсырылды.
Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүріп, дін азаттығы жолындағы күресте ұлт көсемі ретінде танылған Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құранның табылуын еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиғаға балаған еді. Екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетке шыққан құнды дүниені кері қайтаруға меценаттар да үлес қосқанын айтқан Мемлекет басшысы бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керектігін де атап өткен болатын.
Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы шыққан қайраткердің ұлтқа жасаған қызметі, оның ұрпақтары жайлы деректер тек кейінгі жылдары ғана баспа жүзін көре бастады. Ал ол тұтынған заттардың көшірмесін жасау облыстық тарихи-өлкетану музейі археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Айгерім Бекқұлиева мен қолөнер шебері Бекзат Жақыптың ұсынысымен жүзеге асыпты. Осының арқасында қайраткер тұтынған ердің түпнұсқасы, ал киелі асасының көшірмесі музей қорына алынды.
Музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау ХІХ ғасырдан бері сақталған керей ері осыған дейін отбасылық мұра болып келгенін айтады. Әу баста ерге Тәжі Томанұлы деген жорықтас серігі ие болып қалыпты. Ишанның оққағары есебіндегі ол Кенесары хан әскері қатарында соңғы жорығына аттанар алдында ерді баласы Өтеуліге аманаттайды. Заманында алыс-жақынға аты мәлім ұста болған Өтеулі құнды жәдігерді үлкен ұлы Жақыпқа қалдырып, кейін Жақыптың екінші ұлы Әністің қолына тиеді. Әніс Жақыпұлы ақсақал үшінші ұлы Бағдатқа “Дұрыстап ұстауға шамаң келмесе, ағаңа не мұражайға тапсырарсың”, – деп аманаттапты.
“Ер қатты ағаштан 4 бөліктен шабылып құрастырылған. Алды мен артқы қастары күмістен оюлап әшекейленген. Этнографиялық деректерге сүйенсек, рулық сәйкестілік қағидатымен жасалған керей ері ауқымды, кең, қасы жалпақ келген әрі биік. Бабалары аманаттаған жәдігерді Тәжінің тікелей ұрпағы Бекзат Жақып музей қорына тапсырды”, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.
Ал ишанның көк асасы ұрпақтарының қолында сақталып келіпті. Төрт бөліктен тұратын асаны қылыш, найза ретінде пайдалануға болатыны анық байқалады. Зерттеушілер пікірінше, ХVІІІ–ХІХ ғасырларда осыған ұқсас асалар көптеп жасалған.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ,
журналист.