«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пошта қызметінің мүмкіндігі мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұзақ жылғы өзгерістер мен жаңашыл шешімдердің арқасында “Қазпошта” халықаралық деңгейде мойын­далған пошта-жинақтық жүйеге айналды. Бүгінде отан­дық пошта қызметінің 3200 бөлімшесінде 21 мыңнан ас­там адам еңбек етуде.

Елдегі пошта қызметінің осы күнгі жетістіктері мен даму бағыт­тары туралы сөз етпес бұрын оның өткеніне тоқталып өткен жөн. Қазақ даласындағы ең ал­ғаш­қы пошта қызметі осыдан бір жа­рым ғасырдан астам уақыт бұ­рын пайда болған. 1860 жылы ең алғашқы бөлімше Алматыда ашыл­ған. Кейін мұндай кеңселер мен бөлімшелер өзге қалаларда да пайда бола бастады. Қызыл­орда, Ташкент сияқты ірі қала­лар­мен қатар сол кездегі Петро­павл уезінің орталығы саналатын қаламызда да пошта қызметтерін көрсету қолға алынды. Осының өзі теріскейдің ел өмірінде қан­шалықты маңызы бол­ғанын көрсетеді. Десе де мұнда­ғы қарапайым халықтың пошта игі­лігін көруіне өткен ғасырда ғана мүмкіндік туды. 20-жылдары ауылдарда хат тасушы қызметі пайда болып, алыс елді мекен­дерде атты пошта жұмыс істеді. Келе-келе мекеме қызметтерінің саны артып, хат-хабарлар тасу ісі жетіле түсті. Өткен ғасырдың екінші жартысында елдегі бөлім­шелер саны 4 мыңнан асқан. Алайда тоқсаныншы жылдарда­ғы тоқырауда пошта жұмысын сақ­тап қалу оңайға соққан жөн. Экономикалық өзгерістер, баға­ның құбылуы салдарынан пошта жөнелтілімдері азайып, бөлім­шелер қысқарды. “Қазпошта” жаңа заман талаптарына бейім­деліп, қиындықтар мен дағда­рысқа қарамастан нарықтағы өз орнын сақтап қалып, бүгінде та­бысты компанияға айналды. 2006 жылы “Қазпошта” “Самұ­рық-Қазына” холдингінің құрамы­на енді. Халықаралық рейнинг агенттіктері кәсіпорынның да­муын “тұрақты” деп бағалаған.

Бүгінде облыс аумағында 143 пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Оның 27-сі жылжымалы бөлім­шелер. Аталған салада 1041 солтүстікқазақстандық еңбек ету­де. “Қазпоштаның” облыстық фи­лиалында қызметтердің негізгі үш түрі көрсетіледі. Оның ең ма­ңыздысы – хат-хабарлар мен жө­нелтілімдерді жеткізу. Филиал жұ­мысында осы қызмет түріне ба­сымдық берілген. Екінші бағыт – қаржылық қызметтер. Ал несие рә­сімдеу, депозит ашу, арнайы шот­тарды рәсімдеу агенттік қыз­мет түрлеріне жатады. Болашақ­та “Қазпошта” хат-хабар тасумен қатар көпсалалы қаржы­лық су­пер­маркетке айналмақ.

“Қазпошта” жұмысын жетіл­діру үшін инфрастуктураны жаң­ғырту бағдарламасы жүзеге асы­рылып келеді. Бүгінде бөлім­шелерді жабдықтау, қажетті техника және банк қондырғыларымен қамтамасыз ету белсенді жүр­гі­зілуде. Қаржы көздерін тиімді пай­далану қала, аудан, ауыл дең­гейінде қызмет сапасын артты­руға жол ашады. Бөлімшелердің “электронды үкі­мет” пен несие және тұрғын үй жи­нақтары жүйе­сіне қосылуы пош­та-жинақтық қыз­метке жүгінетін­дер санының артуына әсер етті. Поштаның өңірлік желісі мен ма­гистральдық бағыттардың оңтай­ландырылуы пошта жөнелтілім­дерінің жиілеуі­не сеп болуда. “Қазпошта” – ел­дегі баламасы жоқ, барша тұр­ғындар үшін қол­жетімді қуатты желілік жүйе.

Аталған жетістіктерге қара­мас­тан пошта жұмысының түйт­кілді тұстары да аз емес. Өңір бөлімшелеріндегі қызметкерлер саны мыңнан асқанымен кадр жетіспеушілігі әлі де бар. Пошта жұмысының жетілуіне сай ма­мандарға деген талап та күшейе түседі. Бүгінгі пошташының жұ­мысы тек хат тасумен шектел­мей­ді. Сонымен қатар ол жаңа қон­дырғылармен жұмыс істеп, өзгерістерге бейімделе алуы керек. Салаға келген жандардың көп тұрақтамауының себебі де осында болса керек. Өз кезегі­мізде біз жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүдделіміз. Пошта қызметкерле­рінің еңбекақылары соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты артып ке­леді.

Өңірдегі пошта бөлімшелері мыңдаған оқырманның амана­тын арқалап, мерзімді басылым­дарды жеткізумен де айналыса­ды. Бұл ретте де тұрғындардың шағым айтатын сәттері кезде­седі. Бізге газет-журналды уақы­тында алмағандар хабарласып жатады. Бұл ретте тұрғын үйлер­де хат-хабарлар қабылдаудың ұйымдастырылмауын айта кету керек. Көп үйлерде бұрынғыдай пошта жәшіктері жоқ. Пошташы­лар әр үйдің есігін қағып жүруге мәжбүр. Кейде үйде ешкім бол­мауы да мүмкін. Сондықтан да мерзімді басылым оқырманға кеш жетіп жатады. Биыл заңды тұл­ғалар үшін басылымдарды жеткізу құны артты. Жеткізу бағасы соңғы бірнеше жыл бойы өзгермей келді. Ал қарапайым тұрғындар үшін газет-журналға жа­зылу ақысы сол күйі қалды.

Наталия ЧЕН,

“Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалы сату бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp