«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАР ЖОЛ ТАППАЙ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Психопатологиялық теория бойынша суицид психикалық ауру болып табылады, ал суицидтік әрекеттер психикалық бұзылыстардың өршуінің көрінісі ретінде қарастырылады. Дегенмен қоғамды “адамды бұл іс-әрекетке не итермелейді?”  – деген сұрақ толғандыратыны рас. Бірақ бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Ғалымдар әлі күнге дейін түрлі болжамдарды алға тартады. Осы ретте әртүрлі стратегиялық құжаттарда және мамандандырылған сараптамалық есептердегі ақпаратқа сүйеніп, суицидтің ықтимал себептері туралы білуге болады.

“Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың, суицидтің алдын алудың және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында” суицидке мектептегі немесе колледждегі қорлау, жасөспірімдер арасындағы жалпы күрделі криминогендік жағдай және психологиялық қолдаудың төмен деңгейі итермелейтіні жазылған.

Мысалы, 6 жыл бойы Ресей ғалымдары, өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген, бірақ кездейсоқ сәйкестікке байланысты тірі қалған адамдардың қанының биохимиялық және гормондық көрсеткіштерін зерттеді. Алынған нәтижелер адамдарды мұндай әрекеттерге күйзеліс қана емес, сонымен бірге оның қиындықпен күресуін тежейтін дененің физикалық жағдайы да әсер ететінін дәлелдеді. Өз-өзіне қол жұмсауға бел буған адамдарда серотонин, норадреналин және басқа да маңызды биохимиялық көрсеткіштер төмен. Бұл – дененің физикалық шаршағандығының белгісі. Адамдардың өміршеңдік қабілеті төмендеп, күйзелістерге жауап беру жүйесі бұзылып, қатты алаңдаушылық пен торығудың шырмауында қалады. Осының аясында адамдар ауыр психоэмоционалды күйзелісті бастан кешіреді. Сыни көзқарасы төмендейді және өмірді сақтау инстинкті жоғалады (әсіресе бұл дәрменсіздік сезімімен байланысты болса). Дегенмен, төмен серотонин деңгейі суицидке бейімділіктің айқын көрсеткіші де емес. Бір топ ғалымдар психо-эмоционалды күйзеліске ұшыраған адамдарды зерттеді. Оларда серотонин деңгейі төмен және олар өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін жасамаған. Басқа биохимиялық қан көрсеткіштері жақсы болды. БелМАПО психотерапия және медициналық психология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты С.В.Давидовский әрқашан өз денеңізді тыңдауға кеңес береді. Егер сізде күш болмаса, онда өзіңізді бірдеңе жасауға мәжбүрлемеуіңіз қажет. Бірақ демалуға да мүмкіндік беруіңіз керек. Сіз үнемі шиеленісте бола алмайсыз, өйткені күшіңіз шексіз емес. Демалу – күрескерлікті қалпына келтірудің маңызды сәттерінің бірі.

Айта кететін жай, Юта денсаулық университетінің (АҚШ) ғалымдарының жақында жүргізген зерттеуіне сүйенсек, суицидтік мінез-құлықты төрт генетикалық нұсқа тудыруы мүмкін. Зерттеу “Molecular Psychiatry” ғылыми журналында жариялан­ды. Профессор Дуглас Грей бас­қарған ғылыми топтың зерттеуі суицидке бейімділікті геннен із­деу керек екенін көрсетті. Ға­лымдар геннің психикалық ден­аулыққа әсерін зерттеу арқылы емдеу кезінде бақылауды қажет ететін адамдарды анықтап, суи­цидтің алдын алуға бола­тынын айтады. Өз-өзіне қол жұмсаған адамдардың 4500 ДНҚ үлгісі зерттелді. Ғалымдар сегіз мил­лионнан астам адамның дерек­қорына мұқият талдау жүргізді. Оның ішінде қазіргі медици­налық ақпаратты және бірнеше ұрпақтың генеалогиялық зерт­теулері қарастырылды. Нәти­жесінде бірнеше ұрпақта (7-9 ұрпақ) суицидке бейімділігі ай­қын отбасылар тобы анықталды. “Генетикалық біртекті топқа” на­зар аудара отырып, зерттеуші­лер ажырасу, жұмыссыздық не­месе жақын адамынан айырылу сияқты сыртқы әлеуметтік фак­торлардың әсерін анықтады. 43 отбасында зерттеу тобы өте алыс туыстар арасындағы суи­цидті ғана зерттеді. Бұл ақпарат ғылымның бір орнында тұрмай­ты­нын және суицидтің себеп­те­рі әртүрлі тұрғыдан зерттелетінін көрсетеді. Суицидтің себептері әлі де зерттелуде және нақты жауап жоқ.

Осы ретте еліміздегі жағдайға тоқталсақ. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында елде өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің саны 2,1 мыңға жақындады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға аз. Өлімге бел буғандардың негізгі бөлігі – 30 жастан асқан қазақстандықтар. Олардың көпшілігі (81,5%) қаралы күні ішімдік ішпеген және есірткі қолданбаған. 112 жағдай 18 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. “Ranking” мәліметтері бойынша, Қазақстанда жыл сайын 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін суицид жасалынады (бұл тек сенімді статистика бойынша). Негізі бұл – күніне 9-10 адам суицид жасайды деген сөз. Қазақстан мен басқа елдердің көрсеткіштерін салыстыру үшін әлемдік статистикаға жүгінейік. ДДҰ соңғы деректері 2019 жылға арналған. Қазақстан Республикасында суицидтен болатын өлім көрсеткіші сол кезде 100 мың адамға шаққанда 18,1 құрады. Содан бері жағдай іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Сол 2019 жылы көптеген экономикалық дамыған елдерде өзіне-өзі қол жұмсау өлімінің деңгейі айтарлықтай төмен болды. Мәселен, Германияда – 8,3, Францияда – 9,7, Ұлыбританияда – 100 мың адамға шаққанда 6,9. Үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларында аяқталған 2,1 мың суицидтің 1,7 мыңға жуығы (немесе 81,2 пайызы) “белгісіз себептермен” деп есептелген. Белгілі себептердің ішінде екінші орында – жалғыздық (103 жағдай) тұр. Сонымен қатар, психология және әлеуметтік қорғау саласының мамандары жүргізген көптеген сұхбаттарға қарағанда Қазақстан Республикасындағы суицидтің негізгі себептері – күйзеліс және психикалық денсаулықтың басқа да проблемалары. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығының 2022-2026 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында көптеген елдердегі сияқты Қазақстанда да психикалық денсаулығы бұзылған адамдарға қатысты стигма бар екені айтылған. Маманның көмегіне шынымен мұқтаж адамдардың дер кезінде жүгінбеуіне қоғамның немқұрайлы көзқарасы да әсер етеді. Сарапшылар қоғамда қолжетімді және уақтылы психологиялық көмекке қажеттілік бар екенін айтады.

Өз-өзіне қол жұмсау ниеті бар адамдар көмектен қашпайды, керісінше жиі жүгінеді. Дұрысы – ең алдымен, психиатрға бару. Өйткені дәрі-дәрмектің көмегінсіз терең депрессиядан шығу мүмкін емес. Көптеген дәрі-дәрмектер жинақтаушы әсерге ие, мұны білу маңызды. Тек рецепт бойынша және психиатр­дың бақылауымен ғана қабыл­дау керек. Суицидтік мінез-құлықтың себептерін анықтау және адамның депрессиялық жағдайын диагностикалау қа­жет. Психолог суицидке бейім адаммен психиатрға барғаннан кейін және оның ұсынысы бо­йынша ғана жұмыс істей алады. Адамның суицидтік мінез-құл­қының психогендік себептері болған жағдайда, психологқа онымен “зиян келтірмеу” прин­ципі бойынша жұмыс істеу ұсы­нылады. Алдымен оның “ауруы­на” медициналық көмек көрсету қажет.

Соңғы кезде жиілеген балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстарын баяндамас бұрын алдымен жасөспірімдік кезеңнің ерекшеліктеріне тоқталған жөн. Биологиялық ерекшелік – жасөспірімнің жыныстық жетілу кезеңі. Гормондық өзгерістер кезінде бала сезімтал, қызба, эмоционалды болады. Егер қуанса, онда өмірі қызыққа, мейрімділікке толы, қайғырса, онда бүкіл әлем төңкеріліп түседі. Қайғы-мұңнан бас көтере алмайды. Бұл негізі норма, өйткені баланың сезімталдығы оның рухани өсуіне әсер етеді.

Психологиялық ерекшілікке тоқталсақ, бала бірте-бірте ата-анасынан алшақтай бастайды. Оның әрбір сұраққа өз пікірі бар, кейде ол сіздің көзқарасыңызға қарама-қайшы болуы мүмкін. Бірақ ол – баланың көзқарасы, пікірі. Ол сізді тыңдамайды, мойынсұнбайтын болады. Өйткені баланың ата-анасынан бөлек достары да бар. Бала үшін олар­дың да пікірі өте маңызды және солар сияқты болғысы келеді. Сонымен қатар, тұлғааралық қа­рым-қатынас та жаңа реңкке ие болады. Біріншіден, ата-ана баланың достарымен де араласуы керек. Қарама-қарсы жыныспен қарым-қатынастар да маңызды. Бала құрбыларымен жаңаша қарым-қатынас жасауды үйренеді, ол қателесуі мүмкін, сондықтан да қатты күйзеліске ұшырайды, бірақ үйренуге тырысады. Сондай-ақ, бұл кезеңде өзіне деген көзқарас қалыптасады. Ол өзінің тұлға ретіндегі бейсаналық бейнесін достарымен, мұғалімдерімен және ата-аналарымен қарым-қатынас жасау арқылы қалыптастырады.

Әлеуметтік ерекшілік те зор әсер етеді. Біріншіден, мектептегі талап күшейеді. Біздің елде кейде баланың білім деңгейіне сәйкес келмейтін жаңа қорытынды сынақтар, емтихандар енгізеді, осының салдарынан мұғалімдер қорқытады, ата-аналар қысым жасайды. Бірақ балаға құрдастарымен қарым-қатынас жасаған маңызды. Осыны түсінбейтін ата-аналар одан бетер қысым жасайды, ұрысады. Бала бұрынғыдай жеті жаста емес, ол – жасөспірім. Жасөспірімнің дүниеге, қоршаған ортаға өзінің көзқарасы бар. Жасөспірім бостандықты талап етеді, өз пікірін қорғайды, кейде оның себебін де түсіндіре алмайды. Ол өз бостандығы үшін жауапкершіліктен бас тартады. Бірақ дәл осылай бала өмірлік тәжірибе жинақтайды.

Өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген жасөспірімдерден сұхбат алғанда, олардың дені бұл әрекетке үмітсіздік пен дәрменсіздік сезімі себеп болғанын айтады. Жасөспірім алай-дүлей сезімдерді бастан кеші­реді, бірақ ол сезімдермен қалай күресу керек екенін, оны қалай жеңуге болатынын білмейді. Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттену қатты ұялудан да болуы мүмкін. Ол өзіне маңызды адамдардың көңілін қалдырудан қорқады. Жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсауды өлгісі келгендіктен емес, ең алдымен жағымсыз жағдайдан және азапты, кейде төзгісіз сезімдерден құтылу үшін жасауы мүмкін екенін есте ұстаған жөн. Бала қандай дағдарыста болса да, біз ата-ана ретінде олармен икемді, мұқият болуымыз керек. Қолдау көрсетіп, тыңдап, өзіміздің алаңдаушылық пен қорқыныш сезімдерімізді нақты баланың ішкі құбылыстарынан ажыратқан жөн. Бұл, әрине, оңай емес, бірақ нәтижесі жақсы. Ата-ана балаға эмоционалды түрде шынайы жақын болады, оны түсінеді, бір-біріне сенеді. Яғни ол өзін тастанды, үмітсіз немесе дәрменсіз сезінбейді. Егер балада өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлары болса, ол онымен емен-жарқын сөйлесетін, мұқият тыңдайтын адаммен бөлісуі мүмкін. Сондықтан алдын алудың негізгі әдісі – балаңызға көңіл бөлу, онымен күніне кем дегенде 15 минут уақыт өткізу. Бұл онымен үй тапсырмасын орындау емес, сөйлесу және тыңдау дегенді білдіреді.

Кейде маған “суицид жасауға талпынғандарды ішіне жын кірген деп молдаларға апарады” деген пікірлер айтылып жатады. Діндар адамдар арасында сенім кез келген психологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, тіпті психикалық ауруларды да емдей алады деген пікір бар. Мен бұл пікірмен келісе алмаймын. Өйткені психикалық ауру тек психикалық күйдегі өзгерістерді ғана емес, сонымен қатар психофизикалық деңгейдегі кейбір өзгерістерді, яғни ми қыртысындағы белгілі бір үдерістерді қамтиды. Бірақ егер адамда психикалық ауру емес, тек психологиялық ауытқулар болса, науқасқа діни орта қолдау көрсетіп, көмектесуі мүмкін. Бірақ әрқашанда науқастың нақты жағдайын ескеру керек. Дегенмен біз бұл үрдіске кедергі бола алмаймыз. Өйткені шешімді науқас үшін жақын туыстары немесе ата-анасы қабылдайды.

Резеда БАЙМҰХАМЕТОВА,

“Рух” психология және тұлғаны дамыту орталығының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp