«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗЫ ЖАҚСЫНЫҢ – ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр адам үшін алғаш қолға қалам алып, әріп таныған кез – өмірдегі ең ұмтылмас жарқын сәт. Сан түрлі ғылымды меңгеруге бағдар көрсеткен мұғалім шәкірт жүрегінде мәңгі сақталады. Ұстаз ілім-білімнің түрлі салаларына қызықтырып, өмірлік кәсібімізді айқындауға жол көрсетеді. Бала зейінін ашу, ғылымға баулу, өнер мен білімге ынтаны ояту – мұғалімнің ғана қолынан келер іс.

Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде былай деген екен: “Әуелі адам­ның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән сау­лық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады”. Ғұла­маның бұл пайымы ұлы маман­дықтың құдіреті мен қасиетін растайды.

Ұстаздың орны мен мәрте­бе­сін ұлт ақыны Мағжан Жұ­мабаев “Педагогика” еңбегінде дөп айтқан: “Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұға­лім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қос­са, қадірлі орын – мұғалімдер­дікі”. Осынау Мағжан ақын айт­қан қадірлі орынға лайық, білікті педагогтың бірі – тарих пәнінің мұғалімі, “Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің” иегері Қанат Тілеутай десем қателес­пеймін. Саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұстазымыздың еңбек өтілі – 40 жылға жуық. Ол бү­гінде Тайынша қаласындағы №5 орта мектепте ұстаз бо­лып еңбек етуде.

Қанат Мағжанұлы – білімді, ұлтжанды, адамгершілігі мол ма­ман. Ұстазымыздың әр саба­ғы қызықты әрі тартымды өтеді. Мектеп бітіргенімізге 10 жылдан асса да, оның тарих жайлы тол­ғаныстары жады­мыз­да жат­талып қалды. Әр оқушыға көңіл бөліп, ойымызды ашық әрі еркін айтуымызға мүмкіндік беретін. Ұстанымы жоғары ұс­таздың арқасында оқушы кезім­де пәнге деген қызығушылығым оянып, қосымша ақпарат із­деуге кітапханаға жүгіретінмін. Кейін бұл әдет университет қабырға­сында да жалғасты. Осы­лайша, ізденімпаздық қабілетім қалып­тасты.

Мұғалім мамандығы тек са­бақ оқытумен шектелмейді. Шә­кірттер мұғалімнің болмысына, сөйлеген сөзіне, ізетті тәрбие­сіне қарап бой түзейді. Қанат Мағжанұлының оқушыларына көрсеткен өнегелі қасиеті – отан­сүйгіштігі, ұлттық құнды­лық­тарға деген құрметі. Ұста­зымыздың қазақ тілінің жан­ашыры, ұлттық мәдениеттің қамқоршысы ретіндегі қыры бәрімізге үлгі. Сабақта, үзілісте орысша сөйлеген оқушыларды ана тілін қастерлеуге үгіттейтін.

Адам біреуге ақыл айтпас бұрын, алдымен өзі үлгі көр­сетуі керек. Ол қазақ тілінің мәртебесін көтеруді ал­дымен өзінің аты-жөнін қазақша сауат­ты жазудан бастады.

Оқушы кезімде газет-журналдарда атақты қайраткер­лердің, жазушылардың тегі -ов, -ев, -ин қосымшаларынсыз ұлы, қызы деп берілетінін байқайтын едім. Аты-жөнді қазақша жазу оқуға жағымды, әдемі естілетін. Сөйтіп, 16 жасымда жеке куә­лігімді алған кезде аты-жөнімді толық қазақша жаздырдым. Бұл да – ұстаздан көрген тағылым.

Қанат Мағжанұлының ерек­ше еңбегінің бірі – мектепте дебат клубын ұйымдастыруы. Пікір­сайыс оқушыны сыни ойлауға, қоғамдағы өзгеріс­терге баға бе­руге, қарым-қаты­насқа, мә­нерлі сөйлеуге бау­лиды. Білім нәрін бойымызға сіңірген аяулы ұста­зымыз биыл 60 жасқа толып отыр. Осындай тәжірибелі, білікті маманнан жастардың әлі де үйренері көп.

Бала оқыту жүректің кең­дігін, жауапкершілікті, шығар­ма­шылықты, зиялылық қасиет­терді талап етеді. Мұғалім көр­сеткен жол, берген білім, сөй­леген сөз, танымы мен көз­қарасы, мінезі мен бол­мысы шәкірттің өсіп-өнуіне, дамуына зор ықпал етеді. Бүгінгі таңда ұлағатты ұстаздарымның жолы­мен өзім де мұғалім атан­дым. “Ұс­тазы жақсының ұстамы жақ­сы” демекші, әлі күнге дейін мектептен алған білім пен тәр­биеміз рухани азықтай кәдеге жа­рап жатыр. Осы үшін ұстаз­дарыма шексіз алғыс айтамын.

Гүлсезім ТЕМІРТАС,

Тайынша қаласы №3 орта мектептің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp