Әр адам үшін алғаш қолға қалам алып, әріп таныған кез – өмірдегі ең ұмтылмас жарқын сәт. Сан түрлі ғылымды меңгеруге бағдар көрсеткен мұғалім шәкірт жүрегінде мәңгі сақталады. Ұстаз ілім-білімнің түрлі салаларына қызықтырып, өмірлік кәсібімізді айқындауға жол көрсетеді. Бала зейінін ашу, ғылымға баулу, өнер мен білімге ынтаны ояту – мұғалімнің ғана қолынан келер іс.
Ұлы Абай 38-ші қара сөзінде былай деген екен: “Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады”. Ғұламаның бұл пайымы ұлы мамандықтың құдіреті мен қасиетін растайды.
Ұстаздың орны мен мәртебесін ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев “Педагогика” еңбегінде дөп айтқан: “Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі”. Осынау Мағжан ақын айтқан қадірлі орынға лайық, білікті педагогтың бірі – тарих пәнінің мұғалімі, “Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің” иегері Қанат Тілеутай десем қателеспеймін. Саналы ғұмырын бала оқытуға арнаған ұстазымыздың еңбек өтілі – 40 жылға жуық. Ол бүгінде Тайынша қаласындағы №5 орта мектепте ұстаз болып еңбек етуде.
Қанат Мағжанұлы – білімді, ұлтжанды, адамгершілігі мол маман. Ұстазымыздың әр сабағы қызықты әрі тартымды өтеді. Мектеп бітіргенімізге 10 жылдан асса да, оның тарих жайлы толғаныстары жадымызда жатталып қалды. Әр оқушыға көңіл бөліп, ойымызды ашық әрі еркін айтуымызға мүмкіндік беретін. Ұстанымы жоғары ұстаздың арқасында оқушы кезімде пәнге деген қызығушылығым оянып, қосымша ақпарат іздеуге кітапханаға жүгіретінмін. Кейін бұл әдет университет қабырғасында да жалғасты. Осылайша, ізденімпаздық қабілетім қалыптасты.
Мұғалім мамандығы тек сабақ оқытумен шектелмейді. Шәкірттер мұғалімнің болмысына, сөйлеген сөзіне, ізетті тәрбиесіне қарап бой түзейді. Қанат Мағжанұлының оқушыларына көрсеткен өнегелі қасиеті – отансүйгіштігі, ұлттық құндылықтарға деген құрметі. Ұстазымыздың қазақ тілінің жанашыры, ұлттық мәдениеттің қамқоршысы ретіндегі қыры бәрімізге үлгі. Сабақта, үзілісте орысша сөйлеген оқушыларды ана тілін қастерлеуге үгіттейтін.
Адам біреуге ақыл айтпас бұрын, алдымен өзі үлгі көрсетуі керек. Ол қазақ тілінің мәртебесін көтеруді алдымен өзінің аты-жөнін қазақша сауатты жазудан бастады.
Оқушы кезімде газет-журналдарда атақты қайраткерлердің, жазушылардың тегі -ов, -ев, -ин қосымшаларынсыз ұлы, қызы деп берілетінін байқайтын едім. Аты-жөнді қазақша жазу оқуға жағымды, әдемі естілетін. Сөйтіп, 16 жасымда жеке куәлігімді алған кезде аты-жөнімді толық қазақша жаздырдым. Бұл да – ұстаздан көрген тағылым.
Қанат Мағжанұлының ерекше еңбегінің бірі – мектепте дебат клубын ұйымдастыруы. Пікірсайыс оқушыны сыни ойлауға, қоғамдағы өзгерістерге баға беруге, қарым-қатынасқа, мәнерлі сөйлеуге баулиды. Білім нәрін бойымызға сіңірген аяулы ұстазымыз биыл 60 жасқа толып отыр. Осындай тәжірибелі, білікті маманнан жастардың әлі де үйренері көп.
Бала оқыту жүректің кеңдігін, жауапкершілікті, шығармашылықты, зиялылық қасиеттерді талап етеді. Мұғалім көрсеткен жол, берген білім, сөйлеген сөз, танымы мен көзқарасы, мінезі мен болмысы шәкірттің өсіп-өнуіне, дамуына зор ықпал етеді. Бүгінгі таңда ұлағатты ұстаздарымның жолымен өзім де мұғалім атандым. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” демекші, әлі күнге дейін мектептен алған білім пен тәрбиеміз рухани азықтай кәдеге жарап жатыр. Осы үшін ұстаздарыма шексіз алғыс айтамын.
Гүлсезім ТЕМІРТАС,
Тайынша қаласы №3 орта мектептің мұғалімі.