Елді мекендердің келешегі ондағы тұрғындардың экономикалық белсенділігіне байланысты. Бүгінде ауылда қарап жатпаймын деген адамға мемлекеттік қолдаудың түр-түрі бар. Тиісті талаптар орындалса жеңілдетілген несие алуға да, шағын грант иегері атануға да болады. Мәселен, биыл өңірде субсиядиялау құралдары, несиелерге кепілдік беру және шағын гранттар тағайындау үшін 11,9 млрд. теңге қарастырылған. Әлеуметтік кодекс негізінде облыста бизнес бастамаларды қолдау үшін 400 АЕК болатын 230 грант бөлінген. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандар саны бір жылда 2,1 пайызға артқан.
Аталған қолдау да жергілікті тұрғындармен қатар оңтүстік өңірлерден қоныс аударушылар мен қандастар да тиімді пайдаланып отырғаны қуантады. Бұл – олардың Қызылжар топырағында тамыр жайып, осындағы тіршілікке үйреніп кетуіне оң әсер етеді. Мәселен, Есіл ауданына биыл еңбек күші көп өңірлерден 27 және шетелден 4 отбасы көшіп келген. Аудан орталығында оларға арналған үйлерді орталық жылу желісіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Ал 2 кәсіпкер арнайы әлеуметтік топтан шыққандарға кемі 10 қойдан тауарлы несие беруді мойнына алған.
Шаруасын дөңгелетіп отырған жандардың бірі – Тоқтарбек Алашбек. Қытайдан қоныс аударғанына бір жылға жуықтаған. Соған қарамастан ол Николаевка ауылының өміріне белсене араласып, шаруаға кірісіп кеткен. Мемлекет берген үйге қоныстанғаннан кейін, табыс табудың жолын іздестіре бастапты. Үйінің маңынан қора салып, мал шаруашылығына бет бұрған. Бүгінде ол өз малымен қатар ауыл тұрғындарының сеніп тапсырған қой-сиырын бағады.
– Мұндағы жағдайға көңіліміз толады. Қызылжар ауыл шаруашылығына қолайлы өлке екен. Төрт түлік жемшөптен тарықпайды. Ауылда Қытай мен Ираннан келген он шақты отбасы бар. Жергілікті билік өкілдері жағдайымызды біліп, кеңесіп тұрады. Өзім тағы бір қандасымызбен бірге мал қараймын. Әйелім бие, сиыр сауады. Үлкен ұлым елордада оқыса, кішісі ауыл мектебінде білім алуда. Биыл кәсібімді кеңейту үшін 1,4 млн. теңге көлемінде грант иелендім. Егер қолдау болса шаруаны одан әрі дөңгелетсем деген ниетім бар, – дейді Тоқтарбек Алашбек.
Грант қаржысына кәсіпкер бірнеше құлынды бие мен ірі қара сатып алған. Ауыл тұрғыны елді мекеннің 23 жылқы, 80 сиыр, 400 қойын ала жаздай баққан. Өзінің 20 сиыр, 50 қой мен 10 жылқысы бар. Істің ебін білетін жан шағын ауылды ет, сүт, құрт-май, қымызбен қамтамасыз етіп отыр. 7 биеден сауылатын қымызды іздеп келушілер көп. Табиғи таза өнім Астанаға да жөнелтіледі екен.
– Қытайдан киіз үйімді ала келдім. Жаз бойы сол үйді тігіп, жайлауда отырамыз. Шаңырағымызға келімді-кетімді адам көп. 7 биеден күніне 30 литр қымыз сауамыз. Оның 15 литрін сатамыз. Қалғанын келген қонақтарға, дәмін татқысы келген ауыл адамдарына тегін береміз. Әзірге жайылым жер тарлық етіп жатқан жоқ. Қыстық жемшөпті қамдап алдым, – дейді кәсіпкер.
Тоқтарбек Алашбек өз ісін одан әрі дөңгелетуді мақсат етіп отыр. Ол үшін арнайы жайылымдық жер рәсімдеп алғысы келеді. Олай етпесе, елді мекен іргесіндегі жерге соқа салғысы келетіндер бар екен. Көктемде Есілдің суы жайылғанда Николаевка маңындағы малдың өрісі тарылып, дөңде жайылады. Егер сол жердің өзі жекеменшікке өтіп кетсе, атакәсіппен айналысып отырғандардың малы алақандай алаңға сыймасы анық.
Шаруа трактор сатып алуды да мақсат етуде. Мал басын жүзге жеткізу жоспарында бар. Алайда мұның бәрін жүзеге асыруға қол қысқа. Сондықтан да мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдаланып көрмекші. Егер тиісті қолдау болып жатса Тоқтарбек Алашбектің жайлауы малға толатын күн алыс емес.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.