Ұзақ жылғы өзгерістер мен жаңашыл шешімдердің арқасында “Қазпошта” халықаралық деңгейде мойындалған пошта-жинақтық жүйеге айналды. Бүгінде отандық пошта қызметінің 3200 бөлімшесінде 21 мыңнан астам адам еңбек етуде.
Елдегі пошта қызметінің осы күнгі жетістіктері мен даму бағыттары туралы сөз етпес бұрын оның өткеніне тоқталып өткен жөн. Қазақ даласындағы ең алғашқы пошта қызметі осыдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған. 1860 жылы ең алғашқы бөлімше Алматыда ашылған. Кейін мұндай кеңселер мен бөлімшелер өзге қалаларда да пайда бола бастады. Қызылорда, Ташкент сияқты ірі қалалармен қатар сол кездегі Петропавл уезінің орталығы саналатын қаламызда да пошта қызметтерін көрсету қолға алынды. Осының өзі теріскейдің ел өмірінде қаншалықты маңызы болғанын көрсетеді. Десе де мұндағы қарапайым халықтың пошта игілігін көруіне өткен ғасырда ғана мүмкіндік туды. 20-жылдары ауылдарда хат тасушы қызметі пайда болып, алыс елді мекендерде атты пошта жұмыс істеді. Келе-келе мекеме қызметтерінің саны артып, хат-хабарлар тасу ісі жетіле түсті. Өткен ғасырдың екінші жартысында елдегі бөлімшелер саны 4 мыңнан асқан. Алайда тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда пошта жұмысын сақтап қалу оңайға соққан жөн. Экономикалық өзгерістер, бағаның құбылуы салдарынан пошта жөнелтілімдері азайып, бөлімшелер қысқарды. “Қазпошта” жаңа заман талаптарына бейімделіп, қиындықтар мен дағдарысқа қарамастан нарықтағы өз орнын сақтап қалып, бүгінде табысты компанияға айналды. 2006 жылы “Қазпошта” “Самұрық-Қазына” холдингінің құрамына енді. Халықаралық рейнинг агенттіктері кәсіпорынның дамуын “тұрақты” деп бағалаған.
Бүгінде облыс аумағында 143 пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Оның 27-сі жылжымалы бөлімшелер. Аталған салада 1041 солтүстікқазақстандық еңбек етуде. “Қазпоштаның” облыстық филиалында қызметтердің негізгі үш түрі көрсетіледі. Оның ең маңыздысы – хат-хабарлар мен жөнелтілімдерді жеткізу. Филиал жұмысында осы қызмет түріне басымдық берілген. Екінші бағыт – қаржылық қызметтер. Ал несие рәсімдеу, депозит ашу, арнайы шоттарды рәсімдеу агенттік қызмет түрлеріне жатады. Болашақта “Қазпошта” хат-хабар тасумен қатар көпсалалы қаржылық супермаркетке айналмақ.
“Қазпошта” жұмысын жетілдіру үшін инфрастуктураны жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде бөлімшелерді жабдықтау, қажетті техника және банк қондырғыларымен қамтамасыз ету белсенді жүргізілуде. Қаржы көздерін тиімді пайдалану қала, аудан, ауыл деңгейінде қызмет сапасын арттыруға жол ашады. Бөлімшелердің “электронды үкімет” пен несие және тұрғын үй жинақтары жүйесіне қосылуы пошта-жинақтық қызметке жүгінетіндер санының артуына әсер етті. Поштаның өңірлік желісі мен магистральдық бағыттардың оңтайландырылуы пошта жөнелтілімдерінің жиілеуіне сеп болуда. “Қазпошта” – елдегі баламасы жоқ, барша тұрғындар үшін қолжетімді қуатты желілік жүйе.
Аталған жетістіктерге қарамастан пошта жұмысының түйткілді тұстары да аз емес. Өңір бөлімшелеріндегі қызметкерлер саны мыңнан асқанымен кадр жетіспеушілігі әлі де бар. Пошта жұмысының жетілуіне сай мамандарға деген талап та күшейе түседі. Бүгінгі пошташының жұмысы тек хат тасумен шектелмейді. Сонымен қатар ол жаңа қондырғылармен жұмыс істеп, өзгерістерге бейімделе алуы керек. Салаға келген жандардың көп тұрақтамауының себебі де осында болса керек. Өз кезегімізде біз жұмысшылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүдделіміз. Пошта қызметкерлерінің еңбекақылары соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты артып келеді.
Өңірдегі пошта бөлімшелері мыңдаған оқырманның аманатын арқалап, мерзімді басылымдарды жеткізумен де айналысады. Бұл ретте де тұрғындардың шағым айтатын сәттері кездеседі. Бізге газет-журналды уақытында алмағандар хабарласып жатады. Бұл ретте тұрғын үйлерде хат-хабарлар қабылдаудың ұйымдастырылмауын айта кету керек. Көп үйлерде бұрынғыдай пошта жәшіктері жоқ. Пошташылар әр үйдің есігін қағып жүруге мәжбүр. Кейде үйде ешкім болмауы да мүмкін. Сондықтан да мерзімді басылым оқырманға кеш жетіп жатады. Биыл заңды тұлғалар үшін басылымдарды жеткізу құны артты. Жеткізу бағасы соңғы бірнеше жыл бойы өзгермей келді. Ал қарапайым тұрғындар үшін газет-журналға жазылу ақысы сол күйі қалды.
Наталия ЧЕН,
“Қазпошта” акционерлік қоғамы облыстық филиалы сату бөлімінің бас маманы.