Елімізде Президенттік олимпиада басталды. Биыл 17-ші рет ұйымдастырылып жатқан олимпиадада 11-сынып оқушылары жаратылыстану-математика бағытындағы білімдерін сынға салуда. Өңірлік кезеңге 166 оқушы қатысып жатыр.
Тестілеу пәндері арасында математика, физика, химия және биология бар. Тайынша ауданынан келген Альбина Байғажқызы бұл сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді.
– Мен болашақта физика және математика пәндерінің мұғалімі болғым келеді. Қазір 11-сыныпта оқып жүргендіктен аталған пәндер бойынша білімімді тереңдетудемін. Сондықтан олимпиадаға қатысып, өзімді сынап көрмекпін, – дейді №5 орта мектеп оқушысы Альбина Байғажқызы.
“Қызылжар дарыны” дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Бақыт Ғабдуллинаның айтуынша, аталған олимпиадада үздік нәтиже көрсеткен 20 бала 17 қазанда екінші іріктеу кезеңіне қатысады. Оқушылар тестілеуден өткеннен кейін жоғары нәтиже көрсетсе, онда облысымыздың намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.