Өткен тоғыз айда Солтүстік Қазақстан облысында үш жүзден астам өрт оқиғасы орын алып, салдарынан жиырма үш адам, оның ішінде үш бала қайтыс болды.
Жақында ғана облыс орталығындағы Зайцева көшесіндегі жеке тұрғын үйде болған өрттің салдарынан екі ересек адам және 2021 жылы туған бала қаза тапты. Ал келесі күні “Ракета” саяжай қоғамындағы үйден өрт шығып, оқиға орнынан егде жастағы ер адамның мүрдесі табылды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өрттің дені электр жабдықтарын монтаждау мен пайдалану ережелерінің бұзылуынан, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауынан туындауда.
Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторына тиесілі. Атап айтқанда, 226 жағдай (жалпы санның 74 пайызы) тұрғын үйлерде, 47 жағдай (15 пайызы) автомобиль көлігінде, 27 жағдай (10 пайызы) бақылау объектілерінде, 3 жағдай (1 пайызы) ашық аумақтарда орын алған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары солтүстікқазақстандықтарға сақ болуды, жылу беру кезеңі басталғанда өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Үйлердің, пәтерлердің өрт қауіпсіздігі жағдайын мұқият тексеріп, пештің, электр желілері мен электр құрылғыларының дұрыс жұмыс істеп тұрғанына ерекше назар аудару қажет. Пештерге тым көп отын салмау және оларды қараусыз қалдырмау керек. Әсіресе, пешті балаларға тапсырмаған жөн. От жағу үшін бензин, керосин, дизель отынын қолданудан мүлдем аулақ болыңыздар.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және газбен улануды болдырмау мақсатында қатты отын жағылатын пештерде мұржаны жаппау қажет.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы.