Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы, Алаш арыстарының арман-мұратының көрінісі, ұлтының үні болған “Қазақ” газеті шыға бастаған тұста ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: “Дүниенің төріне ұмтылғандар төрден орын алып жатыр. Ұмтылмағандар есікте қалып жатыр… Қалмайық десек, қарап жатпалық… Көп ісіне көп болып жабылайық… Қолымнан не келеді деп қорынбайық. Ұлтына қызмет етуге ниет болса, жұмыс табылады. Көп жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады. Қазақтың бітіп, тынып тұрған нəрсесі жоқ. Əркім əлінен келер жұмысын алсын. Жадымызда болсын, аз нəрсе көпке сеп болмақшы. Сəл демеу зорға сүйеу болады. Ұлы іс ұсақтан ұлғаяды… Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына үлес қосу қазақ баласына міндет”, – деп батасын берген екен.
Халықтың үні, билік пен бұқараның дәнекері болып келе жатқан басылымдарды қолдау осы күнгі қазақ баласына да ортақ міндет. Азаматтың мемлекеттік тілге, ұлт руханиятына, Алаш аманатына деген адалдығы алты ай сайын айналып келетін баспасөзге жазылу науқанында көрінеді. Өңірде келер жылға газетке жазылу жыл аяғына дейін жалғасады. Мерзімді баспасөз үшін маңызды науқанның басталуына орай “Қазпошта” АҚ облыстық филиалында іс-шара өтіп, оқырмандарға сый-сияпат табысталды.
Жиналған оқырмандарды “Қазпошта” облыстық филиалының директоры Сымбат Құдайбергенов, “Қызылжар – Ақпарат” ЖШС бас редакторының орынбасары Арайлым Бейсенбаева құттықтап, ауқымды өзгерістерге қарамастан газеттің қоғамдағы орны маңызды болып қала беретінін айтты. Облыстың құрметті азаматы, байланыс саласының ардагері Тілек Әбдірахманов өңірдегі қазақ басылымдарына белсенді жазылуға шақырды.
– Соңғы уақытта “Soltüstık Qazaqstan” газетінде оң өзгерістер жасалып, оқырманға керек дүниелер жарық көріп келеді. Онда жер-жердегі ұстаздардың мақалалары жарияланады. “Балалар бұрышының” да ұл-қыздарға берері мол. “Soltüstık Qazaqstan” әр үйге жеткізіліп тұрғанын қалар едім, – деді Тілек Әбдірахманов.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.