«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕДЕУЛІК БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асылымның әр күні үмітке толы. Өзінен кейін тұрмыс құрған сіңлілері мен құрбылары әлдеқашан сәбилі болды. Жұбайымен отасқандарына он жылдың жүзі болған келіншектің соңғы кездері жаны жабырқаулы. Уақыт өткен сайын уайымы да еселене түсетіндей. Бала – өмірдің мәні, көңілдің нұры екенін әлдеқашан ұғынған ол ұрпақсыз қалудан қорқады. Өкінішке қарай, мұндай уайым, мұң тек Асылымның басында  ғана емес. Перзент сүю бақытына зар болып жүрген жандардың қатары жыл сайын қалыңдай түсуде.

Халқымызда “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөз бар. Сәби сүю, дүниеге ізіңді жалғайтын ұрпақ әкелу – кез келген ата-ананың арманы. Десе де, сәби иісін аңсаған кейбір жандардың көңілі күпті. Бала болмаған соң жолдары екіге айырылған жұптар да бар. Бір періштеге зар болып, емші аралап, ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүрген ерлі-зайыптыларды еш жазғыра алмайсың. Некелі әр адам отбасында береке орнап, шаңырақ сәбимен шаттыққа кенелгенін қалайды. Үй ішіндегі береке, ауызбіршілік, махаббат баладан бастау алады емес пе?

“Отан отбасынан бастала­ды”. Шаңырақтың ірге­сінің берік болуына мемлекет әрқашан мүд­делі. Ресми мәлі­меттер бойынша елімізде ажы­расу көр­сеткіші жоғары. Ажырасуға ер­лі-зайыптылар­дың бедеулігі де себеп. Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­масымен елімізде 2021 жылы “Аң­саған сәби” мемлекеттік бағ­дарламасы қолға алынды. Бү­гінде әлеуметтік бағдарлама­ның арқасында қаншама жұп сә­билі болып, бақытқа бөленуде. Перзентке зар болып жүрген от­басылардың іргесінің сөгілмеуі­не осындай жобалардың оң ық­пал етері сөзсіз.

Биыл “Аңсаған сәби” әлеу­меттік жобасы аясында экст­ракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мың­ға дейін, яғни 7 есе ұлғайған. Ал осыған дейін экстракорпо­ральды ұрықтандыруға жыл сайын 900-1000 квотадан ғана бөлінгенін ескерсек, аталмыш бағдарламаның шарапатын бү­гінде қаншама адамның көріп жатқанын аңғаруға болады. Жалпы ЭКҰ үрдісі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлеміне кіргізілген болатын.

Талай жақсы мен жайсаңға құтты қоныс болған қасиетті Қы­зылжар өңірінде 500 мыңнан ас­там тұрғын бар. Өзге өңірлер­мен салыстырғанда, егде жас­тағылар саны басым. Ел бо­ла­шағы демография­лық ахуалға тікелей байланысты. Сондық­тан бедеулік диагнозымен есеп­те тұрған жандар­дың санын азай­ту маңызды.

Облыстық статистика де­партаментіне сұрау салғаны­мызда ондағы мамандар бер­ген жауаптан жыл басынан бері 2123 неке тіркелгенін, осы кезең аралығында бір мыңға жуық жұп­тың ажырасқанын білдік. Ал өт­кен жылы өңірде 5554 сәби дүниеге есігін ашыпты. Ана мен бала мәселесі бойынша облыс­тық перинаталдық орталықтың репродуктолог дәрігері Виктор Проценкодан мән-жайды сұраған болатынбыз.

– Денсаулық сақтау ми­нистрлігі тарапынан өңірге сәби сүйе алмай жүрген жандар үшін 2021-2023 жылдар аралығында экстракорпоральды ұрықтан­дыруға 608 квота бөлінді. Жолдама міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру жүйесі бойынша бері­леді. Ал биыл 189 квота бөлін­генімен, жыл соңына дейін игеру­ге мүмкіндік болмаған соң оның жиырмасын кері қайтар­дық. Квотаны игере алмауы­мыз­дың бір себебі аудандар тарапынан сұраныс төмен. Қа­зір облыста экстракорпоральды ұрықтандыруға кезекте тұрған адам жоқ, – деген Виктор Фе­дорович бағдарлама іске қо­сыл­ған уақыттан бері өңірде 219 сәби дүниеге келгенін айт­ты. Соның 27-сі – егіз. Қа­лада 152, ауылда 67 бала дүние есі­гін ашқан. Бұл орайда дә­рігер қалаға қарағанда, ауыл­дарда құрсақ көтеретін жастағы әйелдер­дің үлесі әлде­қайда жоғары екенін атап өтті. Осыдан-ақ ауылдық жерде тұратын адам­дар­дың аталмыш бағдарла­маға қол жеткізе ал­май отыр­ға­нын аң­ғаруға бо­лады.

– Бізге қарашажелтоқсан айларында Алматы, Астана қа­лаларындағы ЭКҰ орталықта­рынан мамандар келеді. Олар экстракорпоральды ұрықтан­дыру жүргізу үшін емделуші­лерді қарайды. Арнайы тексе­руден соң дәрігерлік-кон­сульта­циялық комиссияның хаттама­сы бойынша ұйғарым беріледі. Әдетте жылдың ба­сын­да экст­ракорпоральды ұрық­тандыруға квота бөлінеді. Медициналық та­лаптарға сай келген тұрғындар­ға кезек бойын­ша квота бері­ле­ді, – деді Виктор Проценко.

Ол 18-42 жас аралығындағы әйелдер бала көтеруге және босануға қабілетті екенін жеткізді. Ал репродуктивті жастағы келіншектерге қойылатын ең бас­ты медициналық талаптың бірі – соматикалық және эндо­криндік көрсеткіштердің қалып­ты болуы. Ол үшін, ең алдымен, жергілікті жері бойынша дәрі­герге жүгіну қажет. Яғни гинеко­лог эндокриндік көр­сеткіштер мен фолликулярлық резервті анықтау үшін емде­лу­шіге са­раптама жүргізеді. Сол сарап­та­маның қорытындысы бойын­ша бейіндік дәрігер ұйға­рым жа­сап, жоғары технология­лық ме­дициналық қызметтер жөніндегі комиссияның қарауы­на жібереді.

“Квота мәселесіне келетін болсақ, кейбір аудандық ауру­ханалардағы мамандардың немқұрайдылығы мен дәрігер тапшылығы жұмысқа қолбай­лау болуда. Біреуді қаралаудан аулақпыз, алайда жұмысына атүсті қарайтын кейбір ақ халат­тылардың кесірінен ауыл-аймақта перзент құша алмай жүр­ген жандардың есебі дұрыс жүр­гізілмей отыр”, – дейді маман.

Қазір облыста 140-тан астам дәрігер жетіспейді, ауылға 73 маман қажет. Әсіре­се аудандық ауруханаларда ги­неколог  тап­шы. Кейбір ауылдағы адамдар­дың квотаға қол жет­кізе ал­мауының да себебі осы. Ауыл­дың жайы былай тұрсын, облыс орталығындағы ем­деу ме­ке­ме­лерінен репродуктолог-дә­рігерді қолыңа шам алып ізде­сең де таппайсың. Перинатал­дық орталықта Виктор Проценко­­дан басқа репро­дук­толог дә­рігер жоқ. Алматы, Шымкент қа­лала­рында жұмыс істеген оның өзі Қызылжарға жақында ғана қо­ныс аударған екен. Сондықтан ана мен бала денсаулығы ұлт болашағы екенін ескеріп, әуелі кадр тапшы­лығы мәселе­сін ше­шіп алға­ны­мыз дұрыс бо­лар еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметі бойынша әлемдегі әрбір алтыншы адам бедеуліктен зардап шеге­ді. Дәрігерлер бедеулікке гармон­дық бұзылыстар, түрлі инфекциялық аурулар, артық сал­мақ, күйзеліс әсер ететінін ай­тады. Денсаулығында кінә­раты барлар немесе жасы ұлғайға­нына қарамастан перзент сүйгі­сі ке­летін жандар да аз емес. Жақында облыстық перинатал­дық орталық мамандарының кө­мегі­не жүгінген 44-53 жастағы петропавлдық ерлі-зайыптыларды мысал ретінде айтуға бо­лады. Сондықтан қырықтың қыр­қасы­нан асып, елуге таяп қалған кейбір жұптардың экст­ракор­поральды ұрықтандыру арқылы сәбилі болуы медици­на­дағы айтулы жетістік десе де бола­ды. Десе де дәрігерлер жасы ұл­ғайған адамдарда сә­билі болу мүмкіндігі аз екенін жет­кіз­ді. Тағы бір ескеретін жайт, қатерлі ісік, түрлі қауіпті инфек­циялық аурулары бар нау­қастарға ЭКҰ-ға рұқсат беріл­мей­­тінін де ескерген жөн.

Мамандардың айтуынша, бе­деуліктің өршуіне әсер ететін факторлар сан алуан. Оның негіз­гісі – саламатты өмір салтын ұстанбау. Екіншісі – инфекция­лық фактор. Жыныстық жолмен берілетін аурулар ерлі-зайыптылардың бала сүю мүмкіндігін азайтады. Бұған қоса дұрыс та­мақтанбау, ішімдік ішу, шы­лым шегу, эндокриндік-метаболикалық өзгерістер де бедеулік­ке алып келеді.

– Тұрмысқа шыққаныма 8 жыл болды, әлі кішкентайымыз жоқ. Соны қатты уайымдаймын. Бұл жағдайға жұбайым түсініс­тік танытса да, іштей өзін жей­тінін байқап қаламын. Әр адам­ның арманы, үміті бар. Біздің басты арманымыз – нәрестелі болу. Бұл жағдайды басынан өткермеген адам түсінбейді. Кейде көңілге тиетін ауыр сөздерді естуге тура келеді. Құдайға шү­кір, денсаулығымыз жақсы. Сан мәрте медициналық тексеру­ден өттік. Жасым 35-ке келді. Енді “Аңсаған сәби” бағдарла­масы бойынша ЭКҰ жасату ойымызда бар, – деді Жанаргүл есімді келіншек.

Абай атамыз “адамның бір қызығы бала де­ген”, – деп қалай дәл айтқан! Бала – біздің басты байлығымыз. Отбасында сәби­дің іңгә­лаған дауысы, шуақты күлкісі естілсе, бұл – үлкен қуа­ныш, шын бақыт.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp