«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНДИКАТОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттық шоттар жүйесінің макроэкономикалық көрсеткіштері мемлекеттердің даму деңгейін бағалауға және салыстыруға, одан әрі өзгерістерді болжауға мүмкіндік береді. Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) осындай негізгі көрсеткіштердің бірі саналады. Ал жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) жергілікті жердің экономикалық әлеуетін, оның даму деңгейін және барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің экономикалық қызметінің нәтижелерін объективті көрсететін аса маңызды макроэкономикалық индикатор саналады.

Былтыр облыстың ЖӨӨ құны 2429,2 млрд. теңгені құрады. Оның ел экономикасындағы үлесі 2 пайызға жуық, соңғы бес жыл бойы бұл көрсеткіш тұрақты деңгейде. Оның ішінде қызметтер өндірісінде – 46,8, тауарлар өндірісінде – 46,2, өнім салығында 7 пайыз. 2023 жылмен салыстырғанда, нақты ЖӨӨ мөлшері (бағаның өзгеруін ескергенде) 0,7 пайызға азайды. Агроөнеркәсіптік кешенде нақты ЖӨӨ-нің төмендеуіне ауа райының күрделі жағдайлары біршама әсер етіп, 16,8 пайызға төмендеді. Ауыл, орман және балық шаруашылығы 22,3 пайыз немесе 542,9 млрд.теңге болды. Өнеркәсіп бойынша қызмет түрінде өндірілген жалпы қосылған құн (ЖҚҚ) көлемі 462 млрд. теңгеге жетіп, 2022 жылғы деңгейге қарағанда 114,4 пайыз болды. Құрылыстың үлесі – 5,4 пайыз.

Қызмет көрсету саласындағы ЖӨӨ көлеміндегі ең үлкен үлес көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу салаларына тиесілі. Яғни облыс экономикалық қызметінің ең маңызды үштігіне кіреді, ал ЖӨӨ құрылымында–17 пайыз. Қызметтің осы түрлерінің жалпы қосылған құн көлемі былтыр 330,4 млрд. теңгені құрап, 2022 жылғы деңгейге қарағанда өсім 0,8 пайыз болды. Көлік және қоймалау – 7,4, білім беру – 6,8, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 5,3 пайыз.

Өткен жылы ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп өндірісінің үлесі – 2,8, құрылыста 1,4 пайызға өсті, ауыл шаруашылығының үлесі, керісінше, 6 пайызға төмендеді.

Былтыр облыстың бір тұрғынына есептегенде, жалпы өңірлік өнім 4565,3 мың теңге болып, республикада он үшінші орынға тұрақтадық.

Көлеңкелі, заңсыз, бейресми немесе деректерді жинау жүйесінің кемшіліктері себебінен негізгі деректерде ескерілмеген қызмет түрлері “бақыланбайтын экономика” деп аталады. Оның 2023 жылғы ЖӨӨ-дегі үлесі – 0,46 пайыз, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 0,05 пайызға қысқарды.

Жорабек ДӘУРЕНОВ,

Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің басшысы.                   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp