Асылымның әр күні үмітке толы. Өзінен кейін тұрмыс құрған сіңлілері мен құрбылары әлдеқашан сәбилі болды. Жұбайымен отасқандарына он жылдың жүзі болған келіншектің соңғы кездері жаны жабырқаулы. Уақыт өткен сайын уайымы да еселене түсетіндей. Бала – өмірдің мәні, көңілдің нұры екенін әлдеқашан ұғынған ол ұрпақсыз қалудан қорқады. Өкінішке қарай, мұндай уайым, мұң тек Асылымның басында ғана емес. Перзент сүю бақытына зар болып жүрген жандардың қатары жыл сайын қалыңдай түсуде.
Халқымызда “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөз бар. Сәби сүю, дүниеге ізіңді жалғайтын ұрпақ әкелу – кез келген ата-ананың арманы. Десе де, сәби иісін аңсаған кейбір жандардың көңілі күпті. Бала болмаған соң жолдары екіге айырылған жұптар да бар. Бір періштеге зар болып, емші аралап, ауруханалардың табалдырығын тоздырып жүрген ерлі-зайыптыларды еш жазғыра алмайсың. Некелі әр адам отбасында береке орнап, шаңырақ сәбимен шаттыққа кенелгенін қалайды. Үй ішіндегі береке, ауызбіршілік, махаббат баладан бастау алады емес пе?
“Отан отбасынан басталады”. Шаңырақтың іргесінің берік болуына мемлекет әрқашан мүдделі. Ресми мәліметтер бойынша елімізде ажырасу көрсеткіші жоғары. Ажырасуға ерлі-зайыптылардың бедеулігі де себеп. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде 2021 жылы “Аңсаған сәби” мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Бүгінде әлеуметтік бағдарламаның арқасында қаншама жұп сәбилі болып, бақытқа бөленуде. Перзентке зар болып жүрген отбасылардың іргесінің сөгілмеуіне осындай жобалардың оң ықпал етері сөзсіз.
Биыл “Аңсаған сәби” әлеуметтік жобасы аясында экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе ұлғайған. Ал осыған дейін экстракорпоральды ұрықтандыруға жыл сайын 900-1000 квотадан ғана бөлінгенін ескерсек, аталмыш бағдарламаның шарапатын бүгінде қаншама адамның көріп жатқанын аңғаруға болады. Жалпы ЭКҰ үрдісі 2010 жылдан бері тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіргізілген болатын.
Талай жақсы мен жайсаңға құтты қоныс болған қасиетті Қызылжар өңірінде 500 мыңнан астам тұрғын бар. Өзге өңірлермен салыстырғанда, егде жастағылар саны басым. Ел болашағы демографиялық ахуалға тікелей байланысты. Сондықтан бедеулік диагнозымен есепте тұрған жандардың санын азайту маңызды.
Облыстық статистика департаментіне сұрау салғанымызда ондағы мамандар берген жауаптан жыл басынан бері 2123 неке тіркелгенін, осы кезең аралығында бір мыңға жуық жұптың ажырасқанын білдік. Ал өткен жылы өңірде 5554 сәби дүниеге есігін ашыпты. Ана мен бала мәселесі бойынша облыстық перинаталдық орталықтың репродуктолог дәрігері Виктор Проценкодан мән-жайды сұраған болатынбыз.
– Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан өңірге сәби сүйе алмай жүрген жандар үшін 2021-2023 жылдар аралығында экстракорпоральды ұрықтандыруға 608 квота бөлінді. Жолдама міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша беріледі. Ал биыл 189 квота бөлінгенімен, жыл соңына дейін игеруге мүмкіндік болмаған соң оның жиырмасын кері қайтардық. Квотаны игере алмауымыздың бір себебі аудандар тарапынан сұраныс төмен. Қазір облыста экстракорпоральды ұрықтандыруға кезекте тұрған адам жоқ, – деген Виктор Федорович бағдарлама іске қосылған уақыттан бері өңірде 219 сәби дүниеге келгенін айтты. Соның 27-сі – егіз. Қалада 152, ауылда 67 бала дүние есігін ашқан. Бұл орайда дәрігер қалаға қарағанда, ауылдарда құрсақ көтеретін жастағы әйелдердің үлесі әлдеқайда жоғары екенін атап өтті. Осыдан-ақ ауылдық жерде тұратын адамдардың аталмыш бағдарламаға қол жеткізе алмай отырғанын аңғаруға болады.
– Бізге қарашажелтоқсан айларында Алматы, Астана қалаларындағы ЭКҰ орталықтарынан мамандар келеді. Олар экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізу үшін емделушілерді қарайды. Арнайы тексеруден соң дәрігерлік-консультациялық комиссияның хаттамасы бойынша ұйғарым беріледі. Әдетте жылдың басында экстракорпоральды ұрықтандыруға квота бөлінеді. Медициналық талаптарға сай келген тұрғындарға кезек бойынша квота беріледі, – деді Виктор Проценко.
Ол 18-42 жас аралығындағы әйелдер бала көтеруге және босануға қабілетті екенін жеткізді. Ал репродуктивті жастағы келіншектерге қойылатын ең басты медициналық талаптың бірі – соматикалық және эндокриндік көрсеткіштердің қалыпты болуы. Ол үшін, ең алдымен, жергілікті жері бойынша дәрігерге жүгіну қажет. Яғни гинеколог эндокриндік көрсеткіштер мен фолликулярлық резервті анықтау үшін емделушіге сараптама жүргізеді. Сол сараптаманың қорытындысы бойынша бейіндік дәрігер ұйғарым жасап, жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі комиссияның қарауына жібереді.
“Квота мәселесіне келетін болсақ, кейбір аудандық ауруханалардағы мамандардың немқұрайдылығы мен дәрігер тапшылығы жұмысқа қолбайлау болуда. Біреуді қаралаудан аулақпыз, алайда жұмысына атүсті қарайтын кейбір ақ халаттылардың кесірінен ауыл-аймақта перзент құша алмай жүрген жандардың есебі дұрыс жүргізілмей отыр”, – дейді маман.
Қазір облыста 140-тан астам дәрігер жетіспейді, ауылға 73 маман қажет. Әсіресе аудандық ауруханаларда гинеколог тапшы. Кейбір ауылдағы адамдардың квотаға қол жеткізе алмауының да себебі осы. Ауылдың жайы былай тұрсын, облыс орталығындағы емдеу мекемелерінен репродуктолог-дәрігерді қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Перинаталдық орталықта Виктор Проценкодан басқа репродуктолог дәрігер жоқ. Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеген оның өзі Қызылжарға жақында ғана қоныс аударған екен. Сондықтан ана мен бала денсаулығы ұлт болашағы екенін ескеріп, әуелі кадр тапшылығы мәселесін шешіп алғанымыз дұрыс болар еді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемдегі әрбір алтыншы адам бедеуліктен зардап шегеді. Дәрігерлер бедеулікке гармондық бұзылыстар, түрлі инфекциялық аурулар, артық салмақ, күйзеліс әсер ететінін айтады. Денсаулығында кінәраты барлар немесе жасы ұлғайғанына қарамастан перзент сүйгісі келетін жандар да аз емес. Жақында облыстық перинаталдық орталық мамандарының көмегіне жүгінген 44-53 жастағы петропавлдық ерлі-зайыптыларды мысал ретінде айтуға болады. Сондықтан қырықтың қырқасынан асып, елуге таяп қалған кейбір жұптардың экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы сәбилі болуы медицинадағы айтулы жетістік десе де болады. Десе де дәрігерлер жасы ұлғайған адамдарда сәбилі болу мүмкіндігі аз екенін жеткізді. Тағы бір ескеретін жайт, қатерлі ісік, түрлі қауіпті инфекциялық аурулары бар науқастарға ЭКҰ-ға рұқсат берілмейтінін де ескерген жөн.
Мамандардың айтуынша, бедеуліктің өршуіне әсер ететін факторлар сан алуан. Оның негізгісі – саламатты өмір салтын ұстанбау. Екіншісі – инфекциялық фактор. Жыныстық жолмен берілетін аурулар ерлі-зайыптылардың бала сүю мүмкіндігін азайтады. Бұған қоса дұрыс тамақтанбау, ішімдік ішу, шылым шегу, эндокриндік-метаболикалық өзгерістер де бедеулікке алып келеді.
– Тұрмысқа шыққаныма 8 жыл болды, әлі кішкентайымыз жоқ. Соны қатты уайымдаймын. Бұл жағдайға жұбайым түсіністік танытса да, іштей өзін жейтінін байқап қаламын. Әр адамның арманы, үміті бар. Біздің басты арманымыз – нәрестелі болу. Бұл жағдайды басынан өткермеген адам түсінбейді. Кейде көңілге тиетін ауыр сөздерді естуге тура келеді. Құдайға шүкір, денсаулығымыз жақсы. Сан мәрте медициналық тексеруден өттік. Жасым 35-ке келді. Енді “Аңсаған сәби” бағдарламасы бойынша ЭКҰ жасату ойымызда бар, – деді Жанаргүл есімді келіншек.
Абай атамыз “адамның бір қызығы бала деген”, – деп қалай дәл айтқан! Бала – біздің басты байлығымыз. Отбасында сәбидің іңгәлаған дауысы, шуақты күлкісі естілсе, бұл – үлкен қуаныш, шын бақыт.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.