Қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы аясында Уәлиханов ауданына қарасты Ақтүйесай орта мектебінде кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара елдің өткенінен сыр шертетін мұражайдың ашылуымен басталды. Білім ордасының директоры Қуаныш Ысқақовтың айтуынша, музей сөресіне 150-ге жуық жәдігер қойылған.
“Ұлы Отан соғысының 25 ардагері, 24 тыл еңбеккері, ауған соғысының 5 жауынгері, бүгінгі таңда әскери салада қызмет етіп жүрген 10 жерлесіміздің өмірдеректеріне қатысты материалдармен әр оқушы таныса алады. Олар Отанға адал қызмет еткен ауылдастарының жүріп өткен жолдарын үлгі етуі тиіс”, – дейді Қуаныш Ысқақов.
Ақтүйесай орта мектебінің ұжымы ұйымдастырған “Қарттарын қадірлеген ел ардақты” атты концертте “Алтынай” халықтық ансамблі өнер көрсетіп, қошеметке бөленді. “Ана тілім” әнін орындаған Әдемі Тұяқ балдай тәтті қылығымен кештің шырайын кіргізе түсті. Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынованың ата-ананың қадір-қасиетін, қарттардың құт-береке екенін ұқтыратын өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған мектеп оқушыларының сахнадағы өнерлері көрерменді тәнті етті.
– Еліміз бойынша ардагерлер ұйымдары есеп беру, сайлау жиналыстарын өткізуде. Біз Ақтүйесай ауылдық ардагерлер алқасы жетекшісінің есептік баяндамасын тыңдадық. Елді мекенде қандай жұмыстар атқарылып жатқанын ауыл тұрғындары жақсы біледі. Әр атқарылған іс елдің көз алдында. Оны жік-жіктеп таныстырудың қажеті жоқ. Жастардың қарттарға сый-құрмет көрсететіні бәрімізді де қуантады. Бірақ ұрпақ алдындағы өзіміздің де парызымызды ұмытпайық. Қалалық жерлерде жастардың қазақылықтан, ұлттық құндылықтардан, рухани байлықтан алыстап кеткенін көріп, қарнымыз ашады. Елдің ертеңі – жастар. Олардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлгеніміз абзал, – деді ауылға арнайы барған облыстың құрметті азаматы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов. Қаламгер жуырда жарық көрген 5 томдық шығармалар жинағы мен ақын Зейнолла Әкімжановтың “Замана шамшырағы” кітабын Ақтүйесай орта мектебіне сыйға тартты.
Ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Сағынжан Сәдуақасовтың айтуынша, Ақтүйесайда 98 қарт тұрып жатыр. Ауыл ақсақалдары кез келген істе белсенділік танытып, елдің ауызбіршілігін сақтауға барынша атсалысуда.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.