Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мағжан Жұмабаев ауданында жұмыс сапарымен болып, әлеуметтік нысандарды аралады. Шешімін табуы тиіс бірқатар проблемаларға байланысты аудан басшылығына нақты тапсырмалар берді.
Бәйтерек ауылында орналасқан “Нұрсен Агро” серіктестігі мал шаруашылығымен, оның ішінде асыл тұқымды симменталь сиырларын өсірумен айналысады. Қазір шаруашылықта 600-ден астам ірі қара бар. Бүгінде 250 басқа арналған екінші тауарлы-сүт фермасы салынып жатыр. Ғауез Торсанұлы құрылыс материалдарымен уақытылы қамтамасыз етіп, сапа жайын басты назарда ұстауды тапсырды. Республикадағы әрбір үшінші сүт кешені біздің өңірде тұрғызылып жатқанын атап өтті. Әкім осында бой көтеріп жатқан медициналық пункттің жағдайымен танысты.
Аудан орталығындағы кәсіптік даярлау және сервистік қызмет көрсету колледжі 2012 жылдан бері жарты мыңнан астам маманды қанаттандырған. Бүгінде механизатор, дәнекерлеуші және аспаз мамандықтары бойынша білім алатын 108 студентті оқытуда. Олар 54-82 мың теңге аралығында шәкіртақы алады. Бір “әттегенайы” – спорт залының жоқтығы.
Бос уақытта спортпен айналысатын ғимарат тұрғызылса деген өтініштері назарға алынды.
Облыс әкімі “Агример” ЖШС-ның элеваторында жергілікті тауар өндірушілермен кездесті. Онда жаңа астықты сапалы сақтау, тиімді бағаға сату, келер жылғы көктемгі дала жұмыстарына әзірлік, жылыту маусымын талапқа сай өткізу мәселелері талқыланды. Ауданда әлеуметтік нысандар салу, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша аудан әкімі Рахат Смағұловтың есебі тыңдалды. Аудан бюджетінің шығысы 8 млрд. теңгені құрап отыр. Жергілікті кірістер есебінен 3,5 млрд. теңге салық жиналмақ. Алты елді мекенге асфальт төселсе, үш ауылға кіреберіс жол тартылған. Үш медпункт пен екі ФАП-тың құрылысы қолға алынған. Кезекте тұрғандарға 45 пәтерлік үй тұрғызылып, сумен жабдықтау нысандары жөнделуде.
Бұдан кейін өңір басшысы Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында “Оптовик” жеке кәсіпкерлігі пайдалануға берген супермаркетте болды. Жеке кәсіпкерлік жетекшісі Дәурен Қайшыбеков 40 адамның тұрақты жұмыспен қамтылғанын айтты.
Батыр Баян атындағы мектеп гимназияның материалдық-техникалық базасы 250 млн. теңгеге жаңартылыпты. Ұстаздар қауымы білім ошақтары жанынан құрылған даярлық топтарына бөлінген бөлмелердің тарлық ететінін, жеке балабақша болса, сұраныс өтелер еді деген тілектерін жеткізді. Өйткені, 5 жасқа дейін 496 бүлдіршін болса, 315-і балабақшамен, 181-і мектепке дейінгі біліммен қамтылмаған. Шағын орталықтар санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келе бермейді. Кездесуде облыс әкімі өңірдегі бірқатар түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға “Қазақстан халқына” қоры тарапынан қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.
“Қазақстан халқына” қоры елімізде үлкен жобаларды жүзеге асырып келеді. Көктемгі су тасқыны кезінде өңірімізге 2,7 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Оған алғашқы 100 баспана салынды”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы “Булаев су” мекемесіне барып, су торабы жүйелерінің құрылысын бақылады. Мұнда екі су резервуары салынуда. Бұл жұмыстарға 550 млн. теңге қарастырылған. Осылайша жаз маусымында тіршілік көзіне деген қажеттілік шешілуі тиіс. 16 елді мекенге таза ауызсу желісі тартылған. Бұл ауылдарда 2500 адам тұрады. 47 шақырым су тарату жүйесі ауыстырылған.
Полтавка елді мекені тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты мақсат еткен “Алтын астық – 2050” ЖШС астық қырманын жаңартыпты. Биыл мұнда тұрғызылып жатқан медициналық пункт жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Ауылішілік жолдарды қалпына келтірумен “Магистраль СК” ЖШС айналысады.
Ғауез Торсанұлы “Таза Қазақстан” акциясы аясында Қарақоға ауылында ардагерлер және жастармен бірге ағаш отырғызды.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.