Өңірде ауа райы күрт бұзылып, күн суыды. “Қазгидромет” РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы синоптиктерінің мәліметінше, батыс циклонының әсерінен туындаған ауа райының қолайсыздығы бірнеше күнге жалғасады.
Бүгінгі күннің болжамы бойынша, өңірдің батыс, солтүстік және шығыс аймақтарында қар аралас жауын күтілуде. Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кейбір жерлерде 23-28 м/с дейін күшейеді. Облыстың солтүстік және шығыс бөліктерінде дауыл күшейіп, желдің екпіні 30 м/с-қа дейін жетеді деп күтілуде. Күндізгі температура шамамен +2-3 С0 аралығында болса, түнде термометр көрсеткіші -5 С0-қа дейін төмендейді. 12 қазан күні облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде боран, көктайғақ болып, қар жауады деп болжанып отыр. Түнгі ауа температурасы -2-ден -7 С0-қа дейін төмендейді, ал күндізгі уақытта -5 С0-қа дейін суытады.
Жауын-шашынның мөлшері бір түнде 3,2 мм дейін жетеді, ал қазан айындағы жауын-шашынның орташа нормасы 22-40 мм. Қатты боран мен көктайғақ жол қозғалысын тежеп, қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етуде. Синоптиктердің болжамына қарағанда, тұрғындар алдағы күндері де осындай қолайсыз ауа райына дайын болуы қажет. Төтенше жағдай қызметтері азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.