«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАРАТЭШІ ҚАРИЯЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кейінгі уақытта қариялар ары қарайғы өмірін немере бағып, дастарқан басында бата беріп қана отыруы тиіс деген дәстүрлі түсінік өзгере бастағандай. Қазір олар саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу жағынан жастардан қалысар емес. Тіпті алпысты алқымдап, жетпіске қадам басып қалғанына қарамастан шығыс жекпе-жегімен шұғылданатындар да бар. Мәселен, Петропавлдағы кекушинкай каратэ үйірмесіне 14 зейнеткер үздіксіз қатысып жүр.

Алпыстан асқандар аға буын өкілдері саналады. Көбі ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін де­ма­лысқа арнай­ды. Ауладағы орындықта карта ойнап отырған қарттар мен әңгі­мелері жарас­қан ақ жаулықты әжелерді жиі кө­реміз. Бірақ олардың арала­рын­да қимылы ши­рақ, бойында­ғы күш-қуаты әлі ортаймаған­дары да бар. Пет­ропавлдағы шы­ғыс жекпе-жегі үйірмесіндегі “Алтын жас” тобы­ның ашылға­ны­на биыл тура бес жыл болды. Кара­тэшілердің ең үлкені – 74 жас­та­ғы Күлшат Та­ңат­қанова. Ол ба­ла кезінен са­ламатты өмір сал­тын ұстанады.

– “Алтын жас” тобы ашылға­нын естіп, зейнеткерлер келе бас­тады. Бастапқыда жасы 80-нен асқандар да болды. Ең үлке­німіз 82-дегі Ысқақжан Әрібжа­нов екі жарым жыл бойы жастар­мен бірге үзбей жаттықты. Соң­ғы кездері ғана спорттан қол үзді. Жаттығу кезінде екінші жар­тысын тауып, отбасын құрды. Күлшат Таңатқанова да белсен­ді­лігімен көзге түсуде. Биыл ақ­жаулықты әже 75-ке толады. Әлі тың. Оның өмірге деген құл­шынысы өскелең ұрпаққа үлгі. Жаттығуды қалдырған емес. Мұн­­дай қариялар бізде өте көп, – дейді жаттықтырушы Людми­ла Бутенко.

Кекушинкай каратэден қара белбеу әрі үшінші дан иегері Люд­мила Бутенконың өзі 55-те. Әлемнің, Еуропаның және Азия­ның чемпионы атанған білікті бапкердің қарамағында зейнет­керлер­мен қатар мектеп жа­сындағы балалалар да жаттыға­ды. Оның айтуынша, жастар қа­рияларға қарап бой түзейді.

Мұнда спортшылар каратэ­нің айла-тәсілдерін меңгеріп қа­на қоймай, түрлі халықаралық, республикалық және облыстық жарыстарға қатысады. Арала­рында жүлдегер атанғандары да бар.       

– Зейнет жасындағы каратэ­шілердің дені “ката” бағытында бақ­тарын сынайды. Мәселен, Бо­рис Самусев – облыстық чем­пионаттың жеңімпазы. Ол “Сұң­қар” деген атаумен өткен Еура­зия турнирінде күміс жүлдегер атанды. Наталья Баранова, Ольга Платоненко – өңірлік жа­рыстардың жүлдегерлері. Бір тобы спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындады, – дейді Людмила Бутенко.

Каратэні серік еткендердің бірі – Айдарбек Бегенов. Алпыс­тың тоғызына келген ақсақал бала күнінде шотокан каратэ-до­мен айналысқан екен. Кейін белгілі бір себептермен спорт­тан алыстап, өмірін мұғалімдік қызметке арнады. Зейнет дема­лысына шыққан соң спортқа қайта оралу туралы шешім қа­был­дапты.

– 1994 жылы жұмыс бабы­мен Петропавлға көшіп келген соң каратэ-доға бардым. Бірақ уақыттың жеткіліксіздігінен тас­тап кеттім. Ал зейнетке шық­қан соң кекушинкай каратэге бет бұр­дым. Каратэ-до бойынша қара бел­беу иегерімін. Ал кеку­шин­кай каратэде қоңыр белбеу ал­дым. Алдағы уақытта “кумитэ” және “ката” бағыты бойынша өте­­тін жарыстарға дайындалып жүр­мін, – деп алдағы жоспар­ла­ры­мен бөліскен Айдарбек Бе­ге­нов.

“Алтын жас” тобына жетекші­лік ететін жаттықтырушы Люд­мила Бутенконың айтуынша, спорт жас талғамайды, әсіресе каратэге кез келген адамның жазылуына болады.

– Зейнеткерлер үшін каратэ үйірмесі тегін. Біздің облыстық федерация мемлекеттік тапсы­рыс аясында қызмет етеді. “Алтын жас” тобына 56 жастан бастап жазылуға болады. Кара­тэшілеріміз түрлі белбеулер алу үшін емтихан тапсыра алады, – дейді Людмила Бутенко.

“Алтын жас” тобында жатты­ғатын спортшылардың алдағы жоспарлары да ауқымды. Люд­мила Бутенконың өзі 2025 жылы Аустралияда өтетін әлем чем­пионатына қатысуды көздеп отыр. Ал оның зейнет жасын­дағы шәкірттері келер жылы об­лыстық чемпионатта бақтарын сынамақ.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp