Кез келген ұйым үшін мемлекеттік мүлікті түгендеу қаржылық және есептік бақылаудың маңызды тетігі болып табылады, яғни мемлекеттік мүлікті басқаруда, оның сақталуын және пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету шешуші рөл атқарады. Осы себепті қолданыстағы заңнама мен нормативтік актілерге сүйене отырып, мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізудің негізгі принциптерін, мақсаттары мен тәртібін қатаң сақтаудың маңызы зор.
Елімізде мемлекеттік органдарда түгендеу жүргізу тәртібі заңнамалық актілермен реттеледі. Осы ретте “Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы” заңды, Үкімет қаулылары мен тиісті министрліктердің шешімдерін, қаржы және аудиторлық органдар әзірлеген әдістемелік ұсынымдарды атауға болады. Осындай нормативтік-құқықтық базалар бойынша мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде түгендеу жүргізу кезінде сақталуы тиіс ережелер мен рәсімдер басшылыққа алынады. Түгендеу активтердің нақты болуын және олардың жай-күйін тексеруге, ұрлық пен шығындардың алдын алуға, болдырмауға, бухгалтерлік есептің дұрыстығын қамтамасыз етуге, бухгалтерлік есеп деректерінің нақты көрсеткіштерге сәйкестігін тексеруге, сәйкессіздіктерді жоюға мүмкіндік береді. Есепке алынбаған заттарды, мүліктің жетіспеушілік немесе бүліну фактілерін анықтауға көмектеседі.
Мемлекеттік органдарда түгендеу кезең-кезеңмен атқарылады. Нақтырақ айтқанда, түгендеуді жоспарлау дегеніміз – оның мерзімдері мен объектілерін айқындау, түгендеу комиссиясын құру. Оған дайындық барысында комиссия есептік деректермен танысып, қажетті ресурстар мен құралдарды белгілеуі шарт. Барлық нысандарға физикалық тексеру жүргізіліп, тізімдегі қолжетімді активтер тіркелген деректермен салыстырылады. Түгендеу нәтижелерінің егжей-тегжейлі есебін жүргізудің мәні айрықша. Бұдан кейін тексеру қорытындысы бойынша нәтижелер түгендеу тізімдемесіне рәсімделіп, мүліктің болуы, жай-күйі және бағалануы тіркеледі. Сосын деректер жинақталып, сәйкессіздіктер, кемшіліктер немесе артықшылықтар таразыланады. Олқылықтарды жою бойынша ұсыныстар беріледі. Қорытынды талдаудан соң есеп жасалып, түгендеу нәтижелері баяндалады.
Ең бастысы, мемлекеттік басқару және қаржылық бақылау жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылатын сапалы түгендеуді талапқа сай өткізу мемлекеттік ресурстарды пайдалануда ашықтық пен есептіліктің, активтерді басқарудың, кемшіліктерді түзетудің кешенді шараларын қалыптастыратынын, мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартуға және азаматтардың мемлекеттік құрылымдарға деген сенімін арттыруға ықпал ететінін естен шығармаған жөн.
Диас БАҚТЫБАЕВ,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы.