«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалар әдебиетінің сардары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қайталанбас талант, қалам қуатымен қазақтың балалар әдебиетіне тыңнан түрен салып, сан бояулы көркемсөзбен сәндендірген классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.

Бердібек Ыдырысұлы Соқ­пақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы об­лысы, Нарынқол ау­даны, Қос­төбе ауылында дү­ниеге келген. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Бала Бер­дібек 8 жасын­да анасынан айырылып, жетім­діктің зарда­бын тартады. Бұл қайғы қалам­герді ерте есейтті. Бердібектің білімге деген сүйіс­пеншілігін оятқан – ағасы Са­тыл­ған. Алай­да ағасы соғыс ке­зінде мерт болады. Жазушы ба­ла кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбекті басы­нан өткерді. Дегенмен, ол өте бі­лімді және қабілетті бала болып өсті. Бердібек жа­йында саналы ғұмырының жарты ғасырында Хан-Тәңірі тауының беткейінде ұлағатты ұстаз болған Әкімқожа Садыров бір естелігінде былай деп тол­ғанады: “Барлық әріп­тестерім сияқты мен де өзімнің ел таны­ған шәкірттерімді мақ­тан тұта­мын. Соның бірі – Бер­дібек, бел­гілі қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев. Шыны­мен-ақ Бер­ді­бек тәрізді үлкен жазушының өнер жолына бет бұруына азды-көпті себебім тисе нұр үстіне нұр, мен үшін ұлық мәртебе. Шын­шыл да ше­бер жазушы Бердібек мектеп қабырғасында көп сөйлемейтін, бірбеткейлеу, тіпті тентектеу бала еді. Зейінді, зерделі шәкірт атанған. Деген­мен, қазақ әде­биеті сабағына де­ген ықыласы өзгеше бола­тын. Әдетте көп оқушыларды өк­педен қысатын шығарма жазу кезінде ол суы­рылып шыға ке­ле­тін. Әрине, бүгінде бурыл­бас­танып, кексе­лен­ген Бердібекті кешегі тәлпіш танау, тентек қара десек, ешкім сене қоймас. Бірақ соның бәрі де кеше ғана болған. Күні бүгін­ге дейін көз ал­дымда. Оқушы­лардың шығар­маларын жинап алған соң, ал­дымен Бердібектің жазбасын оқуға тырысатын­мын. Тіпті, кей­бірін дауыстап оқып, қалған шәкірттерге үлгі ретінде ұсына­тынбыз. 1978 жы­лы Алматы­дағы Жазушылар одағына адуынды ақын Кедек Байшы­ғанұлының шығарма­ларын “Қа­зақ әдебиеті” газетіне ұсынуға барғанымда шәкіртім Берді­бекті жолықтырдым. Сон­да әдеби кеңесші болып қызмет істейді екен, бөлмесіне ертіп апарып, маған қолтаңбасы жа­зылған кітабын сыйлады. “Құр­метті, әке! Сіз маған ұстаз бол­ған ардақты адамсыз. Әде­биетке келуіме мұрындық та болдыңыз, шын жүректен сый­лаймын. Құрметпен Бердібек”, – деп жазыпты оқушым”.

Өз ортасының алды болған Бердібек мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып, кейіннен Абай атындағы қазақ педаго­гикалық институтына оқуға тү­седі. Институтты бітіргеннен кейін Мәскеудегі жоғары әдеби курсты тамамдайды. Өзінің туған ауданындағы мектептер­де мұғалім болады. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күр­делі мәселелеріне алаңдады. Содан да болар, бұл жағдай оның шығармаларының тақы­ры­бын алдын ала анықтап бер­ді.

Б.Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болып жұмыс істеді. 1950 жылы “Бұлақ” атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты.

“Жүріңдер, балалар,

Сырғанақ тебеміз.

Құрыспай, құрыштай,

Шынықсын денеміз”, – сияқ­ты баланың тілінде сөйлеген, бала ұғымына жеңіл әрі жат­тауға оңай, бас-аяғы жұп-жұ­мыр, шымыр шумақтар “Бұлақ” жинағының негізін құрайды.

“Жазып та көрдім мен өлең,

Жазып та көрдім қарасөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейтін тек дана сөз”, – деп жырлаған Бердібек Соқпақ­баев ана дүниеге өз туындыла­рының өміршең болатындығын сезіп кеткен сияқты.

Бердібектің жазушы атағын шығарған өлмес туындысы – “Ме­нің атым – Қожа” хикаяты.

“Бердібек Соқпақбаев де­ген­де елең етпейтін қазақ жоқ. Мен егер салиқалы, парасатты адамды жолықтырсам, “әй, осы кісі “Менің атым – Қожаны” оқы­ған-ау” деп ойлаймын. Өйткені бұл шығарманы оқымаған қазақ – қазақ емес. Сондықтан ылғи да жақсы адамдарды көрсем, көз алдыма Бердібек аға келеді. Бердібектей жазушылар бар, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларды баураған Бердібек­тей жазушы жоқ. Қазақ әдебиеті өскен, өркендеген әдебиет де­сек те, әлі күнге дейін “Менің атым – Қожаға” тең келетін шы­ғарма жазылған емес. Бердібек Соқпақбаев соңына 20 шақты кітап қалдырыпты. Соның әр­қайсысын классикалық шығар­ма деп айтуға болады. Өйткені, ол кісі – кеңес үкіметі кезіндегі социалистік реализмге қарсы болған халық жазушысы. Ол коммунистік партияның өкіл­дерін өтірік мақтамаған”, – депті бір мақаласында Қазақстан Жазушылар одағының басқар­ма төрағасы Мереке Құлкенов.

Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары 70 елге тараған. Ме­реке Құлкенов: “Бердібек Соқ­пақбаевтың “Балалық шаққа саяхат” кітабы да әлем тілде­ріне аударылып, сондағы Са­ры­жаз, Текес, Қостөбе, Нарын­қол сияқты ауылдарды әлем балалары аралайтын маршрут жасалса жөн болар еді. Олар асқар тау мен ағын судың сы­рын ұғып, халықтың ішкі жан дүниесін танитын еді. Қожа – қазақ баласының мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, әлемге көз­қарасы”, – деп түйіндепті ма­қаласын. Өте орынды пікір. Ел­ді, жерді әлемге әдеби туризм арқылы да танытуға болады. Қаламгер шығармаларын оқы­ған кез келген адам туған жер­дің төл перзенті болуға, Отанды сүюге дағдыланар еді.

“Менің атым – Қожа” хикая­ты бойынша “Қазақфильм” ки­но­студиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қа­ласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Хикаяттың басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тентектігімен үнемі түрлі жағ­дайларға тап болып жүретін Қо­жа ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шы­ға алады. Біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік се­зіміне ие, досқа адал, қайы­рымды, зұлымдыққа жол бер­мейтін жанның ішкі тазалығын жазушы шебер суреттей білген. “Атымды айта бастасам, тілім таң­да­йыма жабысып қалғандай болады да тұ­рады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін…” – деп бас­талатын шығарманы аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Олардың қатарында өзім де бармын. Қожамен бірге күлетінбіз, Қожамен бірге жы­лай­тынбыз. Қожа біздің, бізден кейінгі буынға намысшыл, өр рухты болуды үйретті. Қожаның бұзықтығы – оның бойында тұнып тұрған қайсарлықтың буырқанған көрінісі. Бұған қоса анасы Қаратайға тұрмысқа шы­ғып кетпесе екен деген уайымы да оны оғаштау істерге жетелеп келді. Негізі Қожаның қоғамда өз орнын табуына, азаматтық тұрғыдан жетілуіне көп адам ықпал етті. Олар – үйіндегі ана­сы мен әжесі, ұстазы Майқано­ва, ең арысы досы – Сұлтан және сыныптастары. Анасының баласына деген сенімі жасөспі­рімнің ойын 180 градусқа өз­гертіп, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды жағымды жаққа бұрып жіберді. “Мен мына байтақ даланың Қожасымын” деп арқалануы да дарқан даладағы еркін қазақ халқының мінезін танытады. Қылышынан қан тамып тұрған сонау кеңес заманында жазу­шы Бердібек Соқпақбаев қазақ – өзі жайлап отырған мемле­кеттің қожасы екенін осы жол­дармен-ақ бейнелеп жазғанын екінің бірі түсіне бермегені анық.

Жазушының 1960 жылы жа­рық көрген “Балалық шаққа сая­хат” хикаяты қазақ балалар әдебиетінің асыл мұрасына айналады. 1930 жылдардағы кішкентай кейіпкердің тағдырын баян ететін хикаят сол уақыт­тағы оқиғаларды және қазақ халқының өмірін еш бояусыз көр­сетеді. “Мен адамдардың табиғи мінезін жаздым. Әде­биет деген сол емес пе? Әде­биет деген адамтану ғылымы ғой. Мен ауылдастарымды жа­за отырып, оларды біраз жерге танытқан сияқтымын”, – депті қаламгер бір естелігінде.

Бердібектің шығармашы­лығы жайында жазушы Құлбек Ергөбек: “Бердібек Соқпақ­баевты әлемдік балалар әде­биеті контекстінде қарасақ, Бер­дібектей балалар жазушысын берген қазақ халқынан айнала­сың. Бердібек Соқпақбаев әлемдік балалар әдебиетіндегі мақтанышымыз, шедевр жаса­ған шеберіміз”,– дейді.

Жазушының көптеген шы­ғар­ма­сы жас оқырмандарға ар­налған. Қаладан ауылдағы ата­сына келіп, басынан қызықты жайттарды өткерген ару туралы жазылған “Аяжан” атты әңгімесі шынайылығымен қызықтыра­ды.

Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларынан оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бей­нелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портретін ше­бер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлетеді. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік тәсілі болып табылады.

Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы 1991 жылы 24 шілдеде өмірден озды. Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын жазушының тұстастары, үзеңгілес ақын, жа­зушылар жоғары бағалаған.

“Б.Соқпақбаев – бірінші жақпен жазуды меңгерген жа­зушы. Мұның өзі оқиғаға өмірде болған қилы-қилы құбылыс­тарға сенімділікті, жазушының нақтылы оқиғаға тікелей қа­тысқанын танытады. Бердібек­тің “мені” маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса қуаныш-күйініші боп көрінеді”, – деп жазушының шы­найы өмірді боямасыз жеткізген шеберлігіне тәнті болған екен қазақтың қабырғалы қаламгері Тахауи Ахтанов.

Кешегі кеңестік заманның шеңберіне сыймаған, социа­листік реализм дегенді мойын­дамаған қайсар жазушы талай шетқақпай, қағажуларды басы­нан өткерді.

“Протестік әдебиет дегеннің өзінің бір сипаттары болады. Тұтас шығармада айқайлап, аттандап қарсылық білдіріп отырады. Қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаевтың шеберлігі – осы­ның бәрін әрі астарлай, әрі мыс­қылдай, сарказммен жеткізеді, юмормен де айтады”, – деп жур­налист, жазушы Жүсіпбек Қор­ғасбек Бердібек Соқпақбаевтың жазушылық шеберлігіне әділ бағасын берген.

Халқына өміршең мұра қал­дырған қазақ балалар әде­биетінің сардары Бердібек Соқ­пақбаевтың шығармалары әлі де талай ұрпақтың игілігіне қыз­мет етері сөзсіз.

Қарақат ШАЛАБАЕВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp