«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ескі атауларды қайтару – тарихи әділдік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері солақай саясаттың сал­дары­нан бұрмаланған жер-су атаулары аз да болсын қайтарылуда. Бұрын­дары халықтың пікірі ескеріл­мей, көптеген атаулар өзгертіл­гені белгілі. Қазір бұл атауларды жаңарту қажет. Топонимдер, гид­ронимдер, ойконимдер – бәрі де өз елінің тарихына, тілінің бай­лығына тікелей қатысты болуы тиіс.

Сондықтан бұрынғы тарихи атауларды мұражай архивте­рін­ен зерттеп, сол жердің тари­хы­­на сәйкес қайтадан қою – құ­ба-құп. Кейбір елді мекендерге, кө­ше­лерге ол жердің тарихына үш қайнаса сорпасы қосылмай­тын тұлғалардың есімдері бе­рілген, не болмаса атаулары идеоло­гиялық тұрғыдан ескір­ген. Тұлға­лардың атын ұсын­ғанда, сол жердің тарихына тағ­дыры сабақ­тасқан батырлар, ақындар, жа­зушылар мен көр­некті тұлға­ларды қарастырған жөн.

Жер атауы – ел тарихы­ның айнасы. Меніңше, елдің тө­ре­сі мен жердің атауы бір-бірі­мен тығыз байланысты. Жер-судың атауы өткеніміздің хабар­шысы болып табылады.

Топономикалық атаулар ұлт­тық негізде болуы тиіс. Кез кел­ген елдің өткені мен бүгінінің са­бақтастығы жер-су атаулары – то­понимдер арқылы көрінеді. Жер-су атаулары ел­дің сан ға­сырлық тарихынан сыр шерте­ді. Сондықтан қилы заман­дарда көп­теген топонимдер өз­геріске ұшырап, тіпті ұмыт бол­ғандық­тан бүгінде жер-су, елді мекен атауларын зерттеу өзекті мәсе­леге айналып отыр.

Тайынша ауданына қарас­ты Келлер ауылдық округінің Мәдениет үйінде “Ономастика­лық кеңістікті реттеу жолдары” атты жұмыс тобының жиналы­сы өтті. Аталмыш іс-шараға ауыл тұр­ғындары, Астана, об­лыс және ау­данның маманда­ры қатысты. Оты­рыс барысын­да саясатта­ну­шы Дос­ Көшім, “Қа­зақ тілі” қоға­мы өңірлік фи­лиа­лының төраға­сы Жанат Мұ­хамеджанов, облыс­тық мәде­ниет, тілдерді да­мыту және ар­хив ісі басқарма­сының маманы Нұрлан Жаман­таев, аудандық тіл­дерді дамыту, дене тәр­биесі және спорт бөлі­мінің жетекшісі Гүлмира Сағын­дықова, Тайын­ша аудандық “Қа­зақ тілі” қоға­мы­ның төрағасы Қа­жымұрат Той­лыбай сөз алды.

Саясаттанушы Дос Қалма­хан­ұлы өз сөзінде еліміз­де жер-су атаулары, елді мекен­дер мен көше аттары ономасти­калық заңдарға сай өзгеріп жат­қанын, бұрынғы отаршылық ке­зе­ңіндегі атаулар ұлттық мем­лекеттік идеологияға сай толық өзгерті­луі қажет екенін айтты. Со­нымен қатар халықтың ұсы­ныс-пікірле­рін ескерудің ма­ңыз­­ды­лы­ғын да атап өтті. Тұр­ғындар тарапынан атаулардың не се­бепті өзгеріп жатқанына бай­ланысты қарсы сұрақтар да қойылды. Осы ретте 33 жылдан бері тәуелсіз ел атанып отыр­ған Қазақстанда ұлт­тық мемле­кеттік идеологияға не­гізделген атау­лар болуы керек­тігі ай­тылды.

Жиын барысында елді ме­кенге қатысты тарихи құжаттар мен ескі карталар негізінде дә­лелдемелер келтіру қажетті­лігі атап өтілді. Келле­ровка ауы­лының атауына қатысты “Бұл жерде елді мекен болмаған” деген пікірге Дос Көшім қазақта жер атаусыз, иесіз еместігін, ең құрығанда жайлау болғанын алға тартты.

Келлеровка ауылының бұ­рынғы атауы Мезгіл деп атал­ғаны туралы деректер бар. Мез­гіл болысында бірнеше ауыл болған. 1897 жылғы патша за­манының картасында “Миз­гильс­­кий” деп көрсетілген. Ауылдың атауы Мезгіл болға­нын аға буын өкілдері де айтып жүр.

1897 жылғы мәлімет бойын­ша, Көкшетау уезі сегіз бо­лысқа Айртау, Чалкар, Зерен­дин, Ко­тыркуль, Жилан­ды, Миз­гиль, Вос­точная, Кокче­тав бо­лып бө­лінген. Мизгиль болысы­ның во­лостной басқару­шылары мен басқа да тұлғала­рының есім­дері архив деректе­рінде сақ­тал­ған.

Қазіргі Келлеровка ауылын­да кеңестік кезеңнен қалған көше атаулары, мысалы, Карл Маркс, Октябрь, Гагарин сияқ­ты атаулар әлі бар. Жуырда Ленин көшесі Абай көшесіне, Пролетар көшесі Мағжан Жұмабаев атына ауыстырылды.

Жиналыстың қорытын­ды­сында Келлер ауылдық округі­нің тұрғындары жер-су атау­ла­рын өзгертудің маңыздылығын түсін­ді. Ономастикалық кеңіс­тікті рет­теу халықтың тарихи жады мен мәдени мұрасын жаң­ғыртуға, ұлттық сәйкестікті ны­ғайтуға септігін тигізеді. Тұр­ғын­дар өз ұсыныстарын, атау­ларды өзгер­ту үдерісінде олар­дың пікірлері ескерілгенін қа­лайтынын айтты.

Спикерлердің сөздері, тари­хи деректер мен мұрағат мате­риалдары негізінде ұсыныстар­дың әзірленуі ауыл тұрғын­да­рының ұлттық идеологияға сәй­кес келетін атауларды таңдауға деген қызығушылығын арт­тырды.

Осылайша Келлер ауылдық округінің Мәдениет үйінде өткен жиын, атауларды өзгерту жұ­мыстарының қажеттілігі мен ма­ңыздылығы туралы пікір алмасу қоғамның бірлігін, мә­дени мұ­ра­ның сақталуын қам­тамасыз ету бағытында жасал­ған маңызды қадам болды.

Ементай АМАНЖОЛОВ,

Келлер орта мектебі география пәнінің мұғалімі.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp