«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жазушылар одағының жаңа жобасы жас қаламгерлерді қанаттандыра түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы саналатын ару шаһар Алматыда орналасқан Қазақстан Жазушылар одағы соңғы жылдары жас қаламгерлерді қолдауға қатысты ірі-ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – “Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі” жобасы. 17 облыс пен 3 қаладан арнайы қатысқан жас қаламгерлерге халықаралық беделді әдеби сыйлық иегерлері, Қазақстанның халық жазушылары, танымал ақындар, әдебиеттанушы ғалымдар дәріс оқыды. Бұл жобаға Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысу бақыты маған бұйырды.

Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқарма төрағасының орын­басары, Ұлттық Ғылым ака­демиясының академигі Ба­уыржан Жақып ағамыз жетек­ші­­лік еткен жобада одақ төр­ағасы, Президент сыйлығы­ның лау­реа­­ты Мереке Құлке­нов, Қазақ­станның халық жа­зушы­сы Дулат Исабеков, фи­лология ғылымдарының док­то­­ры, профес­сор Жанғара Дә­де­баев, Мемле­кеттік сыйлық­тың лауреаты, ақын, аударма­шы Ба­қытжан Қа­на­пиянов, Ха­лық­аралық “Алаш” сыйлығы­ның иегерлері Әділға­зы Қа­йыр­бе­ков пен Жүсіпбек Қор­ғасбек, жазушы-драматург Асыл­бек Ихсанов, ақын, ком­по­­зи­тор Бек­жан Әшірбаев, фи­ло­логия ғы­лымдарының кан­ди­да­ты Ләйла Мұсалы, зерт­теуші, әде­биеттанушы, аудар­машы Ай­нагүл Садықовалар­мен қатар Түр­киядан жазушы, аудармашы Екрем Аян, Қыр­ғызстаннан фи­лология ғылым­да­рының докто­ры, профессор, Халықаралық Шыңғыс Айтма­тов академия­сы­ның президен­ті Абдылдажан Ақ­маталиев, АҚШ-тан Ко­лум­бия универси­теті Шығыс инсти­туты ауқым­ды классрум жоба­сының ай­мақ­тық директоры (Regional Director Global Clas­sroom project of Earth Institute at Columbia University) Рафис Аба­­зов, Ре­сейден көрнекті жа­зу­шы Гузель Яхина жас қалам­герлерге поэзия мен прозаның қыр-сырын үйретті.

Қазақта “аңыз адам” деген тіркес бар. Өз ұлтының тәуел­сіз ел атануына, әдебиеті мен мә­дениетіне өлшеусіз үлес қос­қан жандарға қаратыла айты­лады. Қазақ әдебиетінің көр­некті өкілі Дулат Исабеков жас қалам­гер­лер отырған залға кіріп келгенде аңыз адамды көргендей қо­ше­мет көрсеттік. Жазушы өзінің шығармашы­лық лаборатория­сы туралы жан-жақты әңгіме­леп, туын­ды­ның кім туралы, не үшін, кімге, неге жазылу қажет­ті­гін алдын ала жоспарлаудың ма­ңызын айтты. Қазіргі проза мен драматургия туралы жан-жақ­ты сөз қозғады. Жанғара Дә­дебаев өз дәрістерінде “Әдеби шебер­лік және көркемдік қиял”, “Әде­би шеберлік және шы­ғар­ма­шылық ой өзегі”, “Әде­би ше­берлік және өмір тәжірибесі”, “Әдеби шеберлік және өмір құ­былыста­рының тобы”, “Әдеби шеберлік және тарих шындығы” тақырып­та­рын бөлек-бөлек қа­рас­ты­рып, әдебиеттегі мақсат­тың ай­қын болуын жеткізді. Жү­сіпбек Қор­ғасбек ағамыздың әң­гімесі­нен қазақ әдебиетін на­рыққа шы­ғару жолдарын үйрен­ген­дей бол­дық. Асылбек Ихса­нов дра­ма­тургия төңірегінде ой қау­зап, оқиғалар легі, интрига, кон­фликт, басты оқиға, басты кон­фликт, басты қаһарманның тағ­дыр талайы, драманың ша­рық­тау шегі, финал, этюдтық ва­риант, бөліктермен жұмыс, жос­­пар сынды терминдердің сы­рына тереңірек үңілді.

“Роман жазу туралы ой кел­ген кезде Мәскеу сценаристер инс­титутына барып оқыдым. Ол жерден оқиға қалай құрылу ке­рек, қалай жалғасуы қажет, шиеленістіру сынды талап­тар­дың бәрін үйрендім. Алдымен сценарий құрдым, оны көр­кем­­деп, романға айналдырдым. Кейін романым танымал бола бастағанда экранизациялау қа­жет болды. Роман қайтадан сце­нарий болып жазылды. Еш­кім ақын, жазушы болып ту­майды. Ол – өнер. Ол – талант. Адам есейе келе қаламгерлік­ке, жазу өнеріне бет бұрады. Кез келген қаламгердің туын­дылары жү­рек­тен шығуға тиіс. Ол үшін жа­зу­шыға күндіз-түні еңбек ету қажет”, – деді “Дети мои” рома­нымен есімі ел ау­зында жүрген Гузель Яхина. Оның бұл пікірін “Үлкен әде­биетте қалғысы кел­ген ақын поэма, жазушы роман жаза­ды”, – деп қостап қойды сөз арасында Жүсіпбек Қор­ғасбек.

Жас қаламгерлердің сұра­уы бойынша шақырылған Қа­зақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев ақын-жазушылар өз елінің тарихына зор махаббатпен қарағанда ғана оқырмандар қауымына көр­кем туындылар бере ала­тыны жайында ой қозғады. Әдебиет пен тарихтың тығыз байланыс­та болатынын қапе­рімізден шы­ғармағанда ғана ұлт рухания­тына ауыз толты­рып айтар­лық­тай олжа сала ала­тынымыз ай­дан анық.

Ақын Бекжан Әшірбаев аға­мыз дәріс оқумен ғана шектел­мей, қазіргі қазақ поэзия­сы туралы ойымен бөлісті. “Ұйқас, буын, бунақ сынды өлең тех­никаларын алға тарта­тын ақын­дардың басым бөлігі шы­найылықтан ажырап қала­ты­нын аңғармайды. Ұйқас қуу­дың қажеті жоқ. Іште тулаған, әб­ден пісіп-жетілген туынды қағаз бетіне түскенде рең-бояуын жоғалтпайды. Шабыт қызбай, ар­қ­а қозбай ешқандай да ақын өз аудиториясына таңғажайып туындылар сыйлай алмай­ты­ны бесенеден белгілі”, – деді ақын. Бекжан ағамыз көтерген тағы бір өзекті мәселе – жасан­ды ин­теллект. Техника дамы­ған са­йын табиғи дүниелердің де ты­нысы тарыла түсетіні айт­пасақ та түсінікті. Айлап, жыл­дап жаз­ған қыруар еңбегің қас-қағым сәтте өзге біреудің шығарма­сына айналып шыға­тыны тағы бар. Жасанды ин­теллект “жал­қау” авторлардың оң жамба­сы­на дөп түсіп, көсе­гелерін кө­гертіп отыр.

Өтінішімізді жерге таста­май, кездесуге келген Мемле­кет­тік сыйлықтың иегері, көр­нек­ті ақын Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) пен ақын, Ха­лық­­аралық “Алаш” сыйлығы­ның лау­­реаты Ма­ралтай Ра­йым­бекұлы өзде­рі­нің шығар­машы­лық лабара­то­риясы жай­лы әсерлі сөз сабақ­та­ды. Кез­десу­ден түйгеніміз – өмір­дің ыстығы­на күймеген, суы­­ғы­на тоңбаған ақын әде­биет­ке жа­ңалық әкеле алмайды.

“Қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттары” төңірегінде дәріс оқыған Ә. Қайырбеков аға­мыз Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұ­қановтың музей-үй­леріне апарып, ондағы жәді­герлермен таныстырды. Жазу­шы Бейбіт Са­рыбаймен бірге қазақ халқы­ның шоқтығы биік тұл­ғалары мен қабырғалы қа­ламгерлері жер­ленген “Кең­сай” зиратына барып, ұлы­ларға тағзым еттік.

Өлең, әңгіме жазуға ынтық жастарды тәрбиелейтін бірден бір орын – әдеби орта. Небір ардақтылардың алтын бесігі саналатын Қызылжарда әде­би ортаның жоғы рас. Алайда ауыз­ды қу шөппен сүртуге тағы бол­майды. Жергілікті кітапха­на­лар жанынан құрылған жас қа­лам­герлер клубтары ақын, жа­зушы боламын деген жас­тар­дың шоғырын тәрбиелеп шыға­ру­да. Оларға жазушы-журна­лист Жарасбай Сүлей­менов бас­таған аға буын қа­ламгерлер қолдау көрсетіп ке­леді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Қызылжар-Алматы-Қызылжар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp