Облыстық мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы ормандарды өрттен қорғау бойынша бірқатар шараларды қолға алды. Жүргізілген талдау нәтижесінде орман заңнамасын бұзу фактілері анықталды. Оның ішінде орман өрт сөндіру стансаларының Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы талаптарына сәйкес келмеуі. Сонымен қатар өрт сөндіру стансаларының материалдық-техникалық базасы нашар, өртсөндірушілерге арналған үй-жайлар мен жабдықтар, қажетті техника мен мамандар тапшы.
Барлық орман мекемелерінде өрттерді ерте анықтайтын автоматты жүйелердің (FireWatch), арнайы жедел әрекет ету авиациясының жоқтығы және жетуі қиын жерлерде тікұшақ алаңдарын орнату ұсыныстары ескерусіз қалған. Сондай-ақ су алуға арналған өрт гидранттары мен су қоймаларының жағдайы талапқа сай емес, минералданған қорғаныш жолақтарын орнату және халыққа эвакуациялау жоспарларын түсіндіру бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі анықталған.
Прокуратураның ұсыныстарына сәйкес, облыстық бюджеттен арнайы өрт техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 296,6 млн. теңге, 7 орман шаруашылығы бойынша өртті ерте анықтайтын құрылғыларды алуға 45 млн. теңге бөлініп отыр. 12 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде үш аудан әкімі бар.
Сонымен бірге, “Өнеркәсіпті дамыту қоры” АҚ арқылы 3,3 млрд. теңгеге өртке қарсы техниканы лизинг арқылы сатып алу мәселесі шешілуде. Бұл орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.