Бүгінде еліміздің экономикасын қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына иек арту жеткіліксіз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында нақты айтып, жаңа Салық кодексінің қазіргі жүйені жаңғыртуға бағдарланған басым бағыттарын белгіледі. Президент өз сөзінде салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыру, кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті етудің маңыздылығына тоқталды. “Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдік беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек”,– деп атап көрсетті. Салық саясаты тұрақты болса, бизнес өкілдерінің талапқа сай дамуға барынша ынталылық танытып, жауапкершілікпен жұмыс істейтінін өркениетті мемлекеттердің тәжірибесі айқын байқатып отыр. Десек те, салық режімдерін шағын және орта бизнес субъектілеріне жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуіне ыңғайлап оңтайландырудың мәні айрықша. Оған бөлшек салықтың енгізілуі мысал ретінде келтірілді. Осы нормаға орай кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізуге көше бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты. Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктерін толық пайдалана отырып, өңір экономикасын өркендетудің, салық түсімдерін арттырудың оң үрдістері жергілікті жерлерде аз емес.
Мемлекет басшысы экономиканың түрлі секторындағы салық мөлшерлемесін саралауға қатысты Үкімет пен Парламентке бірқатар тапсырмалар берді. Бұл шара салық жүктемесін өндірістің күрделілігіне қарай бөлуді қамтамасыз етеді. Шыны керек, кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екеніне жиі шағымданып, орынды мәселе ретінде көтеріп жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізері анық. Егер салық жеңілдіктерін беру тәртібі бір ізге түсіп, реттелсе, экономикалық ынталандыру шаралары өз нәтижесін молынан берер еді. Оның көлемін кем дегенде 20 пайызға қысқартып, қалған жеңілдіктерді жекелеген жобалар мен тұлғаларға байланбай, нақты ереже негізінде қалыптастыру міндеті тұр. Салықтық әкімшілендіру мәселесіне қатысты түйткілдер де бар. Фискалды органдар мен салық төлеушілердің қарым-қатынасын қызмет көрсету үлгісіне көшіру – басты мақсаттардың бірі. Үкіметтің тапсырмасымен Қаржы министрлігінің Мәжіліске енгізген жаңа Салық жобасы 822 баптан тұрады. Оның аясында жекелеген салалардағы салық төлеушілер үшін корпоративті және жеке табыс салығының мөлшерлемесін саралау, банк секторы акционерлерінің дивиденттеріне әділетті қосымша салық салу, қайта өңдеуді дамыту үшін салық шегерімдерін кеңейту және жаңғырту үшін табысты қайта инвестициялауды ынталандыру, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын қысқарту, барлық арнаулы салық режімдерін оңтайландыру, салық жеңілдіктерін беру мен мониторингтік талдау тәсілдерін қайта қарау, сондай-ақ салық саласында әкімшілендіруді жетілдіруге ықпал ететін іс-шараларды енгізу сияқты ұсыныстар қамтылған. Құжаттың жобасы Ұлттық экономика министрлігі тарапынан “Ашық НҚА” порталына орналастырылып, көптеген толықтырулар мен ұсыныстар енгізілді. Осы себепті 2025 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енуі тиіс мерзім кейінге шегерілді. Президенттің ұсынысымен асығыстыққа жол бермей, қиын болса да дұрыс шешім қабылдау үшін Салық кодексін қабылдау мерзімінің ауыстырылуы құжатты мұқият әзірлеуге берілген зор мүмкіндік екені сөзсіз. Оған дейін кодекс Мәжіліс пен Парламентте әлі де пысықталып, кемшін тұстары түзетіліп, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін болады. Кодекс, тұтастай алғанда, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сонымен бірге салықтық міндеттемені орындауға байланысты мемлекет пен салық төлеуші арасындағы негізгі қағидаттарды реттеп отырады. Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының екінші республикалық форумында жергілікті қазына қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуіне тоқталып, әзірленіп жатқан жаңа Бюджет және Салық кодекстерін талқылауға белсене қатысуға, жергілікті экономикалық саясатқа ықпалды арттыру қажеттігіне, мәслихаттар бюджет саясатын, түрлі төлемдердің шекті мөлшерін белгілеу, басқа да мәселелерді ұдайы бақылауға ұстауға шақырған болатын.
Алдағы іргелі өзгерістердің бірі – бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискальды ахуалға бейімдеуге, оның ішінде салық мөлшерлемесін қайта қарауға, арнайы салық режімдерін реформалауға, яғни олардың санын азайтуға және қолдану шарттарын өзгертуге қатысты. Ол патентпен жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндерді, мобильдік қосымшаны қолданатындарды, жылдық табысы 135 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын (4984 млн. теңге), теңгерімді салық мөлшері 2 пайыздан 8 пайызды құрайтын шағын бизнес, шаруа және фермер шаруашылықтарын қамтиды. Мүлік пен жер салығы ағымдық төлемдерден алынып тасталады. Жобада алымдардың түрлері мен төлемдердің мөлшерлемесін азайту көзделген. Осыдан-ақ жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциялау қажеттігі туындап отырғанын байқау қиын емес. Жеке табыс салығы бойынша ұсыныстар да көңілге қонымды. Бүгінге дейін жеке тұлғалар тапқан табысына қарай емес, жеке табыс салығының белгіленген мөлшерлемесі негізінде алым төлеп келсе, енді бұл әлеуметтік теңсіздік жойылады. Бұдан былай салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен бас тартылып, мәжбүрлеу шарасын қолданбай-ақ хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегі көрсетіледі. Салық берешегі осы шектен асып кеткен жағдайда қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылады. Берешек сомасы тым көп болып кетсе, кепілге мүлік қою талап етілмей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берілмек. Бұдан бөлек, айына 30 айлық есептік көрсеткіш және жылына 360 айлық есептік көрсеткішке дейін базалық салық шегерімдерінің мөлшерін арттыру, медицина, сыйақы және ерікті зейнетақы жарналары үшін салықтық төлемдерді алып тастау сияқты жеңілдіктер бар. Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тарту, ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесі жетілдірілмек. Салықтық бақылау ісін толық цифрландырып, есептік формаларын 30 пайызға, салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің санын кемінде 20 пайызға азайту, бөлшек салықты енгізу, оның қолдану аясын екі есеге ұлғайту, үдемелі салық салуды енгізу жұмысын жеделдету – мұның бәрі жобаның артықшылығы дер едік. Айтарлықтай фискальды қайтарым жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Елімізде тек 12 салық бар. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Жалпы төлем мөлшерлемелерінің саны 77-ге, алымдар алтауға қысқарады. Бірыңғай жер салығын табыс салығына ауыстыру ұсынылды. Демек, шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдік сақталады деген сөз. Тек төлем кодының атауы өзгереді. Салық төлеушіге тексерістің жүргізілетіні туралы веб-қосымша болмаса веб-портал арқылы үш күн бұрын хабарлама жіберіліп, осы мерзім ішінде талап орындалмаса, электрондық шот-фактура көшірмесін тоқтатуға құқылы. Қосымша құн салығы бойынша тіркеу есебіне алуға қатысты өзгерістердің бірі – салық төлеушіні тіркеу есебіне шартты түрде алу түрін енгізу, арнайы салық режімін қолданатын салық төлеушілерді тіркеуден алып тастау, салық төлеушіні электрондық шот-фактура жүйесімен, оның көшірмелерінің тәртібімен таныстыру. Қызмет жүйесіне байланысты тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша санаттау қайта жүйеленеді. Корпоративтік табыс салығының мөлшерін көбейту белгіленген: банк секторы және ойын бизнесі үшін – 25 пайыз, жалпы бекітілген мөлшерлеме – 20 пайыз, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, қаржылық лизинг, әлеуметтік сала үшін – 10 пайыз. Әлеуметтік салықтарды 6 пайызға дейін кеміту белгіленген. Саланы толық цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша төмендетері сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, жобада салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру мәселелері мұқият ойластырылған.
Басты қызметі бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік кірістер органдарының жұмысын тиімді үйлестіруге, бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысын, зейнетақылар мен жәрдемақыларды уақытылы төлеуге бағдарланған облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жыл басынан бері 266013 мемлекеттік қызмет түрін көрсетті. Осы уақыт аралығында республикалық бюджетке – 29,4 млрд. жергілікті қазынаға 57,9 млрд. теңге мөлшерінде салық құйылды. Жоспарлы тапсырма 1,2 млрд. теңгеге асыра орындалды. Оның ішінде барлық түсімнің төрттен бірі өңдеуші кәсіпорындарға, 18 пайызы көтерме және бөлшек сауда, 13,2 пайызы ауыл шаруашылығы, 7,7 пайызы көлік салаларына тиесілі. Нақты атқарылған кешенді шаралардың нәтижесінде салық берешегі 1479,1 млн. теңгеге азайды. Әлеуметтік төлемдер бойынша 319 қаулы шығарылып, заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жазаға тартылды.
Президент ұсынған жаңа салық саясаты бұл саладағы ахуалды түбегейлі өзгертіп, ел экономикасын дамытуға қажетті барлық жағдайды жасайды деген сенімдеміз.
Саян МЕЙРАМОВ,
облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.