Биыл қайталанбас талант, қалам қуатымен қазақтың балалар әдебиетіне тыңнан түрен салып, сан бояулы көркемсөзбен сәндендірген классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.
Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қостөбе ауылында дүниеге келген. Орта мектепті де сол ауылда бітірді. Бала Бердібек 8 жасында анасынан айырылып, жетімдіктің зардабын тартады. Бұл қайғы қаламгерді ерте есейтті. Бердібектің білімге деген сүйіспеншілігін оятқан – ағасы Сатылған. Алайда ағасы соғыс кезінде мерт болады. Жазушы бала кезінде көп қиындық көрді, аштық пен ауыр еңбекті басынан өткерді. Дегенмен, ол өте білімді және қабілетті бала болып өсті. Бердібек жайында саналы ғұмырының жарты ғасырында Хан-Тәңірі тауының беткейінде ұлағатты ұстаз болған Әкімқожа Садыров бір естелігінде былай деп толғанады: “Барлық әріптестерім сияқты мен де өзімнің ел таныған шәкірттерімді мақтан тұтамын. Соның бірі – Бердібек, белгілі қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев. Шынымен-ақ Бердібек тәрізді үлкен жазушының өнер жолына бет бұруына азды-көпті себебім тисе нұр үстіне нұр, мен үшін ұлық мәртебе. Шыншыл да шебер жазушы Бердібек мектеп қабырғасында көп сөйлемейтін, бірбеткейлеу, тіпті тентектеу бала еді. Зейінді, зерделі шәкірт атанған. Дегенмен, қазақ әдебиеті сабағына деген ықыласы өзгеше болатын. Әдетте көп оқушыларды өкпеден қысатын шығарма жазу кезінде ол суырылып шыға келетін. Әрине, бүгінде бурылбастанып, кекселенген Бердібекті кешегі тәлпіш танау, тентек қара десек, ешкім сене қоймас. Бірақ соның бәрі де кеше ғана болған. Күні бүгінге дейін көз алдымда. Оқушылардың шығармаларын жинап алған соң, алдымен Бердібектің жазбасын оқуға тырысатынмын. Тіпті, кейбірін дауыстап оқып, қалған шәкірттерге үлгі ретінде ұсынатынбыз. 1978 жылы Алматыдағы Жазушылар одағына адуынды ақын Кедек Байшығанұлының шығармаларын “Қазақ әдебиеті” газетіне ұсынуға барғанымда шәкіртім Бердібекті жолықтырдым. Сонда әдеби кеңесші болып қызмет істейді екен, бөлмесіне ертіп апарып, маған қолтаңбасы жазылған кітабын сыйлады. “Құрметті, әке! Сіз маған ұстаз болған ардақты адамсыз. Әдебиетке келуіме мұрындық та болдыңыз, шын жүректен сыйлаймын. Құрметпен Бердібек”, – деп жазыпты оқушым”.
Өз ортасының алды болған Бердібек мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып, кейіннен Абай атындағы қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін Мәскеудегі жоғары әдеби курсты тамамдайды. Өзінің туған ауданындағы мектептерде мұғалім болады. Ол үнемі балаларды тәрбиелеудің күрделі мәселелеріне алаңдады. Содан да болар, бұл жағдай оның шығармаларының тақырыбын алдын ала анықтап берді.
Б.Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті бойынша кеңесші болып жұмыс істеді. 1950 жылы “Бұлақ” атты алғашқы өлеңдер жинағы жарыққа шықты.
“Жүріңдер, балалар,
Сырғанақ тебеміз.
Құрыспай, құрыштай,
Шынықсын денеміз”, – сияқты баланың тілінде сөйлеген, бала ұғымына жеңіл әрі жаттауға оңай, бас-аяғы жұп-жұмыр, шымыр шумақтар “Бұлақ” жинағының негізін құрайды.
“Жазып та көрдім мен өлең,
Жазып та көрдім қарасөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз”, – деп жырлаған Бердібек Соқпақбаев ана дүниеге өз туындыларының өміршең болатындығын сезіп кеткен сияқты.
Бердібектің жазушы атағын шығарған өлмес туындысы – “Менің атым – Қожа” хикаяты.
“Бердібек Соқпақбаев дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Мен егер салиқалы, парасатты адамды жолықтырсам, “әй, осы кісі “Менің атым – Қожаны” оқыған-ау” деп ойлаймын. Өйткені бұл шығарманы оқымаған қазақ – қазақ емес. Сондықтан ылғи да жақсы адамдарды көрсем, көз алдыма Бердібек аға келеді. Бердібектей жазушылар бар, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларды баураған Бердібектей жазушы жоқ. Қазақ әдебиеті өскен, өркендеген әдебиет десек те, әлі күнге дейін “Менің атым – Қожаға” тең келетін шығарма жазылған емес. Бердібек Соқпақбаев соңына 20 шақты кітап қалдырыпты. Соның әрқайсысын классикалық шығарма деп айтуға болады. Өйткені, ол кісі – кеңес үкіметі кезіндегі социалистік реализмге қарсы болған халық жазушысы. Ол коммунистік партияның өкілдерін өтірік мақтамаған”, – депті бір мақаласында Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Бердібек Соқпақбаевтың кітаптары 70 елге тараған. Мереке Құлкенов: “Бердібек Соқпақбаевтың “Балалық шаққа саяхат” кітабы да әлем тілдеріне аударылып, сондағы Сарыжаз, Текес, Қостөбе, Нарынқол сияқты ауылдарды әлем балалары аралайтын маршрут жасалса жөн болар еді. Олар асқар тау мен ағын судың сырын ұғып, халықтың ішкі жан дүниесін танитын еді. Қожа – қазақ баласының мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, әлемге көзқарасы”, – деп түйіндепті мақаласын. Өте орынды пікір. Елді, жерді әлемге әдеби туризм арқылы да танытуға болады. Қаламгер шығармаларын оқыған кез келген адам туған жердің төл перзенті болуға, Отанды сүюге дағдыланар еді.
“Менің атым – Қожа” хикаяты бойынша “Қазақфильм” киностудиясында көркем фильм түсіріліп, 1967 жылы Канн қаласында өткен Балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды. Хикаяттың басты кейіпкері – Қожа арманшыл, сотқар бала. Тентектігімен үнемі түрлі жағдайларға тап болып жүретін Қожа ақыл-ойы мен біліктілігінің арқасында қиындықтардан шыға алады. Біреудің қайғы-қасіретіне көз жұма қарамайтын елгезек, жоғары әділеттілік сезіміне ие, досқа адал, қайырымды, зұлымдыққа жол бермейтін жанның ішкі тазалығын жазушы шебер суреттей білген. “Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін…” – деп басталатын шығарманы аға ұрпақ кезінде жата-жастана оқығаны мәлім. Олардың қатарында өзім де бармын. Қожамен бірге күлетінбіз, Қожамен бірге жылайтынбыз. Қожа біздің, бізден кейінгі буынға намысшыл, өр рухты болуды үйретті. Қожаның бұзықтығы – оның бойында тұнып тұрған қайсарлықтың буырқанған көрінісі. Бұған қоса анасы Қаратайға тұрмысқа шығып кетпесе екен деген уайымы да оны оғаштау істерге жетелеп келді. Негізі Қожаның қоғамда өз орнын табуына, азаматтық тұрғыдан жетілуіне көп адам ықпал етті. Олар – үйіндегі анасы мен әжесі, ұстазы Майқанова, ең арысы досы – Сұлтан және сыныптастары. Анасының баласына деген сенімі жасөспірімнің ойын 180 градусқа өзгертіп, оның ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды жағымды жаққа бұрып жіберді. “Мен мына байтақ даланың Қожасымын” деп арқалануы да дарқан даладағы еркін қазақ халқының мінезін танытады. Қылышынан қан тамып тұрған сонау кеңес заманында жазушы Бердібек Соқпақбаев қазақ – өзі жайлап отырған мемлекеттің қожасы екенін осы жолдармен-ақ бейнелеп жазғанын екінің бірі түсіне бермегені анық.
Жазушының 1960 жылы жарық көрген “Балалық шаққа саяхат” хикаяты қазақ балалар әдебиетінің асыл мұрасына айналады. 1930 жылдардағы кішкентай кейіпкердің тағдырын баян ететін хикаят сол уақыттағы оқиғаларды және қазақ халқының өмірін еш бояусыз көрсетеді. “Мен адамдардың табиғи мінезін жаздым. Әдебиет деген сол емес пе? Әдебиет деген адамтану ғылымы ғой. Мен ауылдастарымды жаза отырып, оларды біраз жерге танытқан сияқтымын”, – депті қаламгер бір естелігінде.
Бердібектің шығармашылығы жайында жазушы Құлбек Ергөбек: “Бердібек Соқпақбаевты әлемдік балалар әдебиеті контекстінде қарасақ, Бердібектей балалар жазушысын берген қазақ халқынан айналасың. Бердібек Соқпақбаев әлемдік балалар әдебиетіндегі мақтанышымыз, шедевр жасаған шеберіміз”,– дейді.
Жазушының көптеген шығармасы жас оқырмандарға арналған. Қаладан ауылдағы атасына келіп, басынан қызықты жайттарды өткерген ару туралы жазылған “Аяжан” атты әңгімесі шынайылығымен қызықтырады.
Бердібек Соқпақбаевтың барлық туындыларынан оның шығармашылығының қайнар көзі халық өмірінен бастау алғаны сезіледі. Жазушының бейнелеу қабілеті өте бай. Ол өз кейіпкерлерінің портретін шебер суреттеп, әрқайсысын өзіне тән тілде сөйлетеді. Кейіпкердің ішкі күйзелісі мен ой-пікірлері жазушының басты көркемдік тәсілі болып табылады.
Қазақ прозасына жаңа леп, өзгеше өрнек әкелген жазушы 1991 жылы 24 шілдеде өмірден озды. Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын жазушының тұстастары, үзеңгілес ақын, жазушылар жоғары бағалаған.
“Б.Соқпақбаев – бірінші жақпен жазуды меңгерген жазушы. Мұның өзі оқиғаға өмірде болған қилы-қилы құбылыстарға сенімділікті, жазушының нақтылы оқиғаға тікелей қатысқанын танытады. Бердібектің “мені” маған қан-сөлі тамып тұрған өмір, бәріміз тіршілік етіп жүрген жер бетіндегі үлкенді-кішілі адамдардың әрекеті, болмаса қуаныш-күйініші боп көрінеді”, – деп жазушының шынайы өмірді боямасыз жеткізген шеберлігіне тәнті болған екен қазақтың қабырғалы қаламгері Тахауи Ахтанов.
Кешегі кеңестік заманның шеңберіне сыймаған, социалистік реализм дегенді мойындамаған қайсар жазушы талай шетқақпай, қағажуларды басынан өткерді.
“Протестік әдебиет дегеннің өзінің бір сипаттары болады. Тұтас шығармада айқайлап, аттандап қарсылық білдіріп отырады. Қазақ әдебиетінде Тәкен Әлімқұлов пен Бердібек Соқпақбаевтың шеберлігі – осының бәрін әрі астарлай, әрі мысқылдай, сарказммен жеткізеді, юмормен де айтады”, – деп журналист, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек Бердібек Соқпақбаевтың жазушылық шеберлігіне әділ бағасын берген.
Халқына өміршең мұра қалдырған қазақ балалар әдебиетінің сардары Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары әлі де талай ұрпақтың игілігіне қызмет етері сөзсіз.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
еңбек ардагері.