Әдебиет пен мәдениеттің қайнаған ортасы саналатын ару шаһар Алматыда орналасқан Қазақстан Жазушылар одағы соңғы жылдары жас қаламгерлерді қолдауға қатысты ірі-ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның бірі – “Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі” жобасы. 17 облыс пен 3 қаладан арнайы қатысқан жас қаламгерлерге халықаралық беделді әдеби сыйлық иегерлері, Қазақстанның халық жазушылары, танымал ақындар, әдебиеттанушы ғалымдар дәріс оқыды. Бұл жобаға Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысу бақыты маған бұйырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Жақып ағамыз жетекшілік еткен жобада одақ төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов, Қазақстанның халық жазушысы Дулат Исабеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, аудармашы Бақытжан Қанапиянов, Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерлері Әділғазы Қайырбеков пен Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы-драматург Асылбек Ихсанов, ақын, композитор Бекжан Әшірбаев, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалы, зерттеуші, әдебиеттанушы, аудармашы Айнагүл Садықовалармен қатар Түркиядан жазушы, аудармашы Екрем Аян, Қырғызстаннан филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиев, АҚШ-тан Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры (Regional Director Global Classroom project of Earth Institute at Columbia University) Рафис Абазов, Ресейден көрнекті жазушы Гузель Яхина жас қаламгерлерге поэзия мен прозаның қыр-сырын үйретті.
Қазақта “аңыз адам” деген тіркес бар. Өз ұлтының тәуелсіз ел атануына, әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан жандарға қаратыла айтылады. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабеков жас қаламгерлер отырған залға кіріп келгенде аңыз адамды көргендей қошемет көрсеттік. Жазушы өзінің шығармашылық лабораториясы туралы жан-жақты әңгімелеп, туындының кім туралы, не үшін, кімге, неге жазылу қажеттігін алдын ала жоспарлаудың маңызын айтты. Қазіргі проза мен драматургия туралы жан-жақты сөз қозғады. Жанғара Дәдебаев өз дәрістерінде “Әдеби шеберлік және көркемдік қиял”, “Әдеби шеберлік және шығармашылық ой өзегі”, “Әдеби шеберлік және өмір тәжірибесі”, “Әдеби шеберлік және өмір құбылыстарының тобы”, “Әдеби шеберлік және тарих шындығы” тақырыптарын бөлек-бөлек қарастырып, әдебиеттегі мақсаттың айқын болуын жеткізді. Жүсіпбек Қорғасбек ағамыздың әңгімесінен қазақ әдебиетін нарыққа шығару жолдарын үйренгендей болдық. Асылбек Ихсанов драматургия төңірегінде ой қаузап, оқиғалар легі, интрига, конфликт, басты оқиға, басты конфликт, басты қаһарманның тағдыр талайы, драманың шарықтау шегі, финал, этюдтық вариант, бөліктермен жұмыс, жоспар сынды терминдердің сырына тереңірек үңілді.
“Роман жазу туралы ой келген кезде Мәскеу сценаристер институтына барып оқыдым. Ол жерден оқиға қалай құрылу керек, қалай жалғасуы қажет, шиеленістіру сынды талаптардың бәрін үйрендім. Алдымен сценарий құрдым, оны көркемдеп, романға айналдырдым. Кейін романым танымал бола бастағанда экранизациялау қажет болды. Роман қайтадан сценарий болып жазылды. Ешкім ақын, жазушы болып тумайды. Ол – өнер. Ол – талант. Адам есейе келе қаламгерлікке, жазу өнеріне бет бұрады. Кез келген қаламгердің туындылары жүректен шығуға тиіс. Ол үшін жазушыға күндіз-түні еңбек ету қажет”, – деді “Дети мои” романымен есімі ел аузында жүрген Гузель Яхина. Оның бұл пікірін “Үлкен әдебиетте қалғысы келген ақын поэма, жазушы роман жазады”, – деп қостап қойды сөз арасында Жүсіпбек Қорғасбек.
Жас қаламгерлердің сұрауы бойынша шақырылған Қазақстанның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеев ақын-жазушылар өз елінің тарихына зор махаббатпен қарағанда ғана оқырмандар қауымына көркем туындылар бере алатыны жайында ой қозғады. Әдебиет пен тарихтың тығыз байланыста болатынын қаперімізден шығармағанда ғана ұлт руханиятына ауыз толтырып айтарлықтай олжа сала алатынымыз айдан анық.
Ақын Бекжан Әшірбаев ағамыз дәріс оқумен ғана шектелмей, қазіргі қазақ поэзиясы туралы ойымен бөлісті. “Ұйқас, буын, бунақ сынды өлең техникаларын алға тартатын ақындардың басым бөлігі шынайылықтан ажырап қалатынын аңғармайды. Ұйқас қуудың қажеті жоқ. Іште тулаған, әбден пісіп-жетілген туынды қағаз бетіне түскенде рең-бояуын жоғалтпайды. Шабыт қызбай, арқа қозбай ешқандай да ақын өз аудиториясына таңғажайып туындылар сыйлай алмайтыны бесенеден белгілі”, – деді ақын. Бекжан ағамыз көтерген тағы бір өзекті мәселе – жасанды интеллект. Техника дамыған сайын табиғи дүниелердің де тынысы тарыла түсетіні айтпасақ та түсінікті. Айлап, жылдап жазған қыруар еңбегің қас-қағым сәтте өзге біреудің шығармасына айналып шығатыны тағы бар. Жасанды интеллект “жалқау” авторлардың оң жамбасына дөп түсіп, көсегелерін көгертіп отыр.
Өтінішімізді жерге тастамай, кездесуге келген Мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) пен ақын, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы өздерінің шығармашылық лабараториясы жайлы әсерлі сөз сабақтады. Кездесуден түйгеніміз – өмірдің ыстығына күймеген, суығына тоңбаған ақын әдебиетке жаңалық әкеле алмайды.
“Қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттары” төңірегінде дәріс оқыған Ә. Қайырбеков ағамыз Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың музей-үйлеріне апарып, ондағы жәдігерлермен таныстырды. Жазушы Бейбіт Сарыбаймен бірге қазақ халқының шоқтығы биік тұлғалары мен қабырғалы қаламгерлері жерленген “Кеңсай” зиратына барып, ұлыларға тағзым еттік.
Өлең, әңгіме жазуға ынтық жастарды тәрбиелейтін бірден бір орын – әдеби орта. Небір ардақтылардың алтын бесігі саналатын Қызылжарда әдеби ортаның жоғы рас. Алайда ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Жергілікті кітапханалар жанынан құрылған жас қаламгерлер клубтары ақын, жазушы боламын деген жастардың шоғырын тәрбиелеп шығаруда. Оларға жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов бастаған аға буын қаламгерлер қолдау көрсетіп келеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Қызылжар-Алматы-Қызылжар.