Қызылжарда кенеттен жауған қар жұртшылықты әбігерге салып, қиындықтар тудырды. Жұрт таңертең ұйқыдан ояна сала жылы киімдерін
іздеп, табиғаттың тосын мінезіне таңданысып жатты. Бұл күні такси қызметінің құны да аспандап шыға келді.
Циклонның әсерінен өңірде қатты жел тұрып, кей аудандарда жаңбыр жауып, оның арты көктайғаққа ұласты. Көлік дөңгелегін ауыстыратын орындарда кезек пайда болып, автобус қызметін пайдаланғандар көбейді.
– Полицейлер көлік құралдарының жүргізушілеріне ауа райын мұқият бақылап отыруды және жолдағы жағдайдың шұғыл өзгеруіне дайын болуды ескертеді. Қозғалыс кезінде көлік жылдамдығын азайту және алда кетіп бара жатқан машинаға дейінгі арақашықтықты ұлғайту ережесін ұстану қажет. Бұл жол-көлік апаты туындауы мүмкін жағдайда шұғыл шешім қабылдау үшін уақыт ұтуға көмектеседі. Жаяу жүргіншілерден аса сақтық таныту талап етіледі. Қар жауып, мұз пайда болған уақытта көлік құралдарының тоқтауы қиындайды. Жаяу жүргіншілер өткеліне шыққан кезде көліктің жол беріп жатқанына көз жеткізген абзал, – дейді облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальонының взвод командирі Жаслан Сәдуақасов.
Бұл күні көктайғақ салдарынан жолдан шығып кеткен көліктер туралы ақпарат тарады. Мәселен Жезқазған-Петропавл автожолының Шал ақын ауданындағы бөлігінде жеңіл көлік жолдан шығып кетіп, жүргізуші зардап шеккен. 31 жастағы адамның миы шайқалып, аудандық ауруханаға жатқызылған. Сол сияқты Астана-Петропавл тас жолының 415 шақырымында, Аққайың ауданы Рублевка ауылының маңында “Hyundai Sonata” жүргізушісі көктайғақта автокөлігін басқара алмай, жол жиегіндегі қазылған орға түсіп кеткен. Қуанышқа орай, жүргізуші де, оның зайыбы да дін аман.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Мәдина Ерғалиеваның сөзінше, жұма күні облыс бойынша осындай 2, сенбі-жексенбі тағы 2 жол апаты тіркелген.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Коллажды жасаған Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.