Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Нысанның құрылысы өткен жылдың қыркүйегінде басталған еді. Бұған дейінгі ескі сот ғимараты 50 жылдан артық күрделі жөндеу көрмеген. Салтанатты шараға арнайы келген Қазақстан Республикасы сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров сот төрелігін жүзеге асыруға арналған әкімшілік ғимараттың ашылуы аудандағы маңызды оқиғалардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы құқық үстемдігі, әділдік, азаматтарымыздың құқықтарын қорғау қағидатына зор көңіл бөледі. Осы ретте сот төрелігі саласындағы реформаларға баса назар аударылған. Инфрақұрылымды жақсарту сот төрелігін сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін қажет, – деді Наиль Ахметзакиров.
Құрылыс кезінде қауіпсіздік мәселелеріне және сот талқылауларының барлық қатысушылары үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды. Ғимарат барлық жаңа технологиялармен жабдықталған.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық соттың төрайымы Гүлжанат Балғабекованың айтуынша, заманауи сот ғимаратында азаматтық және қылмыстық істерді қарауға арналған сот залы, заңгер және медиатор, материалдармен танысу, сот приставы кабинеттері бар. Салтанатты іс-шара барысында сот жүйесінің, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдеріне сот ғимаратына экскурсия жүргізілді.
Шолпан САЛЫҚОВА,
журналист.