Халқымыз нанды ерекше қастерлеп, “ас атасы” деп атаған. Жалпы алғанда тек қазақ қана емес, адамзат тарихындағы ірі жетістіктердің біршамасы дәл осы нанға байланысты. Ғалымдар осыдан шамамен 10 мың жыл бұрын адам баласы жерге егін салып, отырықшы өмір сүре бастағанын айтады. Демек адамзат өркениеті әуел баста осы нан табу қажеттілігінен бастау алған. Әлем елдерінің әдебиетінде ас атасына қатысты небір аңыз-әңгімелер аз емес. Әйгілі “Мың бір түнде” нанға табынатын халық бары айтылады. Ал осыдан 2 мың жыл бұрын Римнің Помпеи қаласында пешке салынып, сол күйі қалпын бұзбай бүгінге дейін жеткен бөлке туралы оқиға кімді болсын таңғалдырмай қоймайтын. Мұндай ғажайыптар қазақ даласында да болған.
Өткен ғасырда археологтар көне Отырар қаласының жұртынан екі тандыр пеш тапқан. Оның бірі ерекше әспеттеліп, ою-өрнектермен безендірілген. Тіпті бірінен қатқан күлше де шыққан. Алайда ырымшыл қазақ оны римдіктердің Помпеи наны сияқты әлемге әйгілеп, мұражайда сақтаудың орнына, берекенің белгісі көріп бөлісіп алған екен.
Содан бері қанша уақыт өтсе де нанның пішіні де, дәмі де, құрамы да айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Үлпілдек аппақ нан, иісі мұрын жаратын бауырсақ дастарқанымыздың сәні, молшылық пен берекенің белгісі болып келеді. Халықтың әл-ауқаты артқан сайын нан өнімдерін тұтыну көлемі де өсіп келеді. Елімізде әр адам тоқсан сайын орта есеппен 7,5 келі нан жейді екен. Алайда бүгінгінің адамы басты тағамды бұрынғыдай үйде пісірмейді. Дүкен сөрелері нан мен тоқаштың небір түріне толып тұр. Өндірістің бәрі автоматтандырылып жатқан сәтте қолдан қамыр илейтін кәсіпкерлерді табу қиын. Десе де дәстүрді ұстанып, тұтынушыларды қолдан шыққан өнімдерімен қуантып жүргендер де бар. Соның бірі – Дина Сыздықова. Дүниежүзілік нан күнінің қарсаңында кәсіпкердің наубайханасында болып, ондағы жұмыстармен танысудың сәті түсті.
Шағын ғана наубайханадағы қызу жұмыс зауыт-фабрикалардан кем емес. Бір жерде қамыр иленіп жатса, екінші жерде қалыпқа салынып, пеште дәмді бәліш пісіп жатыр. Облыс орталығындағы дүкеннен адам аяғы үзілмейді.
– Менің бұл кәсіпті бастағаныма 5 жыл болды. Алғашында нанды үйде пісірдім. Анам ауырғандықтан жұмыс істеуге мүмкіндігім болған жоқ. Сондықтан табыс табудың түрлі мүмкіндіктерін іздей бастадым. Ең бірінші рет бір келі тұшпара сатқаным есімде. Кейін бауырсақ, бәрәміш пен бәліштер пісіруді қолға алдым. Бір жыл үйде жұмыс істеп, кейін бөлек орынды жалға алдым. Жұбайым “Даму” қорының грантына ие болып, қажетті қондырғылар сатып алдық. Бизнесті бастаған тұста мұндай қолдау дамуға зор серпін береді. Кейін көмекшілерім де пайда болды. Қазір қамыр түюші, наубайшы, әкімшіміз бар, – дейді кәсіпкер.
Наубайханада 5 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының атқаратын міндеті бар. Егер жүктеме көп болса, қосымша жұмысқа шығатындар да табылады. Қызметкерлер күніне шамамен 25-30 тапсырыс қабылдайды екен. Ал мереке күндері келушілер тіптен көп. Еңбекқор жандар ондай сәтте таңғы алтыдан келіп, қас қарайғанша бел жазбай тер төгеді.
Кәсіпкер еш уақытта жарнамаға қаржы шығындап, өз өнімдерін асыра мақтап көрген емес. Айтуынша, пісірген тағам сапалы, дәмді болса, тұрғындар өздері-ақ наубайхананың атын шығарады. Дина Сыздықова қамырды анасы үйреткендей илейді. Сондықтан да өнімдері үйдегідей дәмді болып шығады. Мұнда үйреншікті нан өнімдерінен бөлек түрлі жартылай фабрикаттар, салаттар да дайындауға мүмкіндік бар.
– Біздің нан өнімдерінің барлығы – халал. Сондықтан да жұртшылық арасында сұранысқа ие. Бизнесте әр өндірушінің өзіне лайық тұтынушылары болады. Біздің ең басты ұстанымымыз – өнімнің сапасы мен дәмі. Ешқашан мол табыс табуды бірінші орынға қойған емеспіз, – дейді Дина Сыздықова.
Наубайханада үлкен кәсіпорындардағыдай ірі қондырғылар мен илеуіштер жоқ. Бұл – кәсіпті кеңейту мүмкіндігінің жоқтығынан емес, сапаның бірінші орында тұрғандығынан. Ерлі-зайыптының ашқан наубайханасының табысты, өнімдерінің сұранысқа ие болып отырғанының себебі де осы шығар. Сыздықовтар отбасы тұтынушылардың сенімі мен жұртшылық алдындағы беделін бизнестегі басты құндылық санайды. Наубайханада өткізген аз-кем уақыт ішінде түйгеніміз осы болды.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.