«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАННАН ҮЛКЕН АС ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыз нанды ерекше қастерлеп, “ас атасы” деп ата­ған. Жалпы алғанда тек қазақ қана емес, адамзат тарихын­дағы ірі жетістіктердің бірша­масы дәл осы нанға байланыс­ты. Ға­лым­дар осыдан шама­мен 10 мың жыл бұрын адам баласы жерге егін салып, оты­рықшы өмір сүре бастағанын айтады. Де­мек адамзат өрке­ниеті әуел баста осы нан табу қажетті­лі­гінен бастау алған. Әлем елде­рінің әдебиетінде ас атасына қатысты небір аңыз-әңгімелер аз емес. Әйгілі “Мың бір түнде” нанға табына­тын халық бары айтылады. Ал осыдан 2 мың жыл бұрын Рим­нің Помпеи қа­ласында пешке салынып, сол күйі қалпын бұз­бай бүгінге дейін жеткен бөлке туралы оқиға кімді болсын таң­ғалдыр­май қоймайтын. Мұндай ға­жайып­тар қазақ даласында да болған.

Өткен ғасырда археологтар көне Отырар қаласының жұрты­нан екі тандыр пеш тапқан. Оның бірі ерекше әспеттеліп, ою-өр­нектермен безендірілген. Тіпті бірінен қатқан күлше де шыққан. Алайда ырым­шыл қазақ оны рим­діктердің Пом­пеи наны сияқты әлемге әйгілеп, мұражайда сақ­таудың орнына, берекенің белгі­сі көріп бөлісіп алған екен.

Содан бері қанша уақыт өтсе де нанның пішіні де, дәмі де, құ­рамы да айтарлықтай өзгере қой­ған жоқ. Үлпілдек аппақ нан, иісі мұрын жаратын бауырсақ дас­тарқанымыздың сәні, молшылық пен берекенің белгісі болып ке­леді. Халықтың әл-ауқаты арт­қан сайын нан өнімдерін тұтыну көлемі де өсіп келеді. Елімізде әр адам тоқсан сайын орта есеппен 7,5 келі нан жейді екен. Алай­да бүгінгінің адамы басты тағамды бұрынғыдай үйде пісір­мейді. Дү­кен сөрелері нан мен тоқаштың небір түріне толып тұр. Өндіріс­тің бәрі автоматтан­дыры­лып жатқан сәтте қолдан қамыр илей­тін кәсіпкерлерді табу қиын. Десе де дәстүрді ұстанып, тұты­нушыларды қолдан шыққан өнім­­дерімен қуантып жүргендер де бар. Соның бірі – Дина Сыз­дықова. Дүниежүзілік нан күнінің қарсаңында кәсіпкердің наубай­ханасында болып, ондағы жұ­мыс­тармен танысудың сәті түсті.

Шағын ғана наубайханадағы қызу жұмыс зауыт-фабрикалардан кем емес. Бір жерде қамыр иленіп жатса, екінші жерде қа­лыпқа салынып, пеште дәмді бә­ліш пісіп жатыр. Облыс орталы­ғындағы дүкеннен адам аяғы үзіл­мейді.

– Менің бұл кәсіпті бастаға­ныма 5 жыл болды. Алғашында нанды үйде пісірдім. Анам ауыр­ғандықтан жұмыс істеуге мүмкін­дігім болған жоқ. Сондықтан та­быс табудың түрлі мүмкіндікте­рін іздей бастадым. Ең бірінші рет бір келі тұшпара сатқаным есімде. Кейін бауырсақ, бәрәміш пен бәліштер пісіруді қолға ал­дым. Бір жыл үйде жұмыс істеп, кейін бөлек орынды жалға ал­дым. Жұбайым “Даму” қорының грантына ие болып, қажетті қон­дырғылар сатып алдық. Бизнесті бастаған тұста мұндай қолдау дамуға зор серпін береді. Кейін көмекшілерім де пайда болды. Қазір қамыр түюші, наубайшы, әкімшіміз бар, – дейді кәсіпкер.

Наубайханада 5 адам жұмыс істейді. Әрқайсысының атқа­ра­тын міндеті бар. Егер жүктеме көп болса, қосымша жұмысқа шы­ғатындар да табылады. Қызмет­керлер күніне шамамен 25-30 тапсырыс қабылдайды екен. Ал мереке күндері келушілер тіптен көп. Еңбекқор жандар ондай сәт­те таңғы алтыдан келіп, қас қа­райғанша бел жазбай тер төгеді.

Кәсіпкер еш уақытта жарнама­ға қаржы шығындап, өз өнім­дерін асыра мақтап көрген емес. Айтуынша, пісірген тағам сапа­лы, дәмді болса, тұрғындар өз­де­рі-ақ наубайхананың атын шы­ғарады. Дина Сыздықова қамыр­ды анасы үйреткендей илейді. Сондықтан да өнімдері үйдегі­дей дәмді болып шығады. Мұнда үйреншікті нан өнімдерінен бөлек түрлі жартылай фабри­каттар, салаттар да дайындауға мүмкіндік бар.

– Біздің нан өнімдерінің бар­лығы – халал. Сондықтан да жұртшылық арасында сұраныс­қа ие. Бизнесте әр өндірушінің өзіне лайық тұтынушылары бо­лады. Біздің ең басты ұстанымы­мыз – өнімнің сапасы мен дәмі. Еш­қашан мол табыс табуды бі­рінші орынға қойған емеспіз, – дейді Дина Сыз­дықова.

Наубайханада үлкен кәсіп­орындардағыдай ірі қондырғы­лар мен илеуіштер жоқ. Бұл – кә­сіпті кеңейту мүмкін­дігінің жоқты­ғынан емес, сапа­ның бірінші орында тұрғандығы­нан. Ерлі-зайыптының ашқан наубайхана­сы­ның табысты, өнім­де­рінің сұ­ранысқа ие болып отыр­ғанының себебі де осы шы­ғар. Сызды­қовтар отбасы тұты­нушылардың сенімі мен жұрт­шылық алдын­да­ғы беделін биз­нес­тегі басты құн­дылық са­най­ды. Наубайханада өт­кізген аз-кем уақыт ішінде түй­геніміз осы болды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp