Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында су тасқыны кезінде бұзылған гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру жалғасуда.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мамандармен бірге жөндеу барысын тексерді. Жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын 8 бөгет нығайтылып, биіктетілді. Жеңіс саябағында ашық кәріз жүйесі орнатылуда. Ал биотоған айналасында 1968 жылы салынған бөгеттің ұзындығы 3,4 шақырымды құрайды. Оның қоршаған ортаның экологиялық тепе-теңдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше.
“Жол картасы қабылданып, тиісті қаражат бөлінді, мердігерлер анықталды. Жұмыс ауқымы Былғары зауыты, Заречный кенттерін, Ойқаладағы Ущев көшесін, Қызылжар ауданындағы Прибрежное, Бескөл, Тепличное елді мекендерін қамтиды. Есіл өзенінің тасу ықтималдығы, биылғы тасқынның ерекшеліктері барынша ескерілген.Қорғаныс құрылымдарын екі айда аяқтау міндеті тұр”, – деді өңір басшысы.
Қалпына келтіру жұмыстарына жүздеген жүк көліктері, тиегіштер, катоктар мен грейдерлер жұмылдырылған. Әрбір нысанға техникалық қадағалау жүргізіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.